Жазба ескерткіш тіліндегі сөз тіркестерінің топтастырылуы

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 5

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57 

 

1.3

Жазба ескерткіш тіліндегі сөз тіркестерінің топтастырылуы

 

 

 Түркітанудағы зерттеуші ғалымдардың сөз тіркесінің құрамы жайлы көзқарастары кейде бір-бірінен алшақ түсіп жатқандығы байқалады. Отандық түркітанушылар сөз тіркесіндегі басыңқы сыңар ретінде тек толық мағыналы сөздерді атайды. Сөз тіркесіне «синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобы» - деген анықтама береді [13,32].

Ілік жалғауы арқылы байланысқан сөз тіркестерінің басыңқы бөлігі тәуелдік жалғауын қабылдай отырып, меншіктілік мәнге ие болады. Осы тектес сөз тіркестерінің өзара арақатынасына орай тілде бұлардың бағыныңқы бөлігін меншіктелуші, ал басыңқы бөлігін меншіктеуші деп атаушылық қалыптасқан. Біз зерттеп отырған жазба ескерткіш тіліндегі чини козгу (111) – қытайдың айнасы, кулак гирийі (286) – құлақтың шеті, чайан айусы (294) – шаянның уы, ернин кули (315) – еркектің құлы, хатуннин кули (315) - әйелдің құлы, айнин баши (1034)  айдың басы, үзүмнин йүкачи (72)  жүзімнің ағашы, өзге орта ғасыр жазба ескерткіштеріндегі ажун ләззаты (ҺХ) – дүниенің ләззаты, қудрат идиси (ҺХ) – құдіреттің иесі, халайық башы (ҚБ) – халықтың басшысы, таму қапуқы (ДТС) – тозақтың қақпасы, чығайлар хақы (ҚБ) – кедейлердің ақысы тәрізді тіркестерде ілік жалғауы арқылы байланысқан сөз тіркестерінің басыңқы бөлігінің тәуелдік жалғау тұлғасында жасалуы жазба ескерткіштер тілінде бірізді болып келетіндігі анықталып отыр.

Ілік септігінің табиғатын аша түсу үшін бұл жалғауды түрлі сөз таптарына жалғануы тұрғысынан қарастырып көрейік. Ілік жалғауы зат есімдерге, есімдіктерге жалғана отырып, сөз тіркесінің құрамында болады. Бұл едәуір жиі ұшырасатын құбылыс. Мысалы: алтанчы түтүк (199) – зергердің терісі, алтун ушайы (246) – алтынның ұсағы, тамниң гирийі (87) – қабырғаның бұрышы, бойниң келбери (123) – тәннің келбеті, буйыниң бұзауы (289) – бұғының баласы, кайадниң йүзі (183) - қағаздың беті, ониң кабуйы (307) – оның қауызы, ониң ічи (230) – оның астары. Бұл мысалдардың алғашқыларының компоненттері зат есімдер болса, соңғы екеуінде есімдіктер. Сөз тіркестерінің бағыныңқысы ілік тұлғасындағы есімдік, ал басыңқысы тәуелдеулі зат есім болып жұмсалуы мүмкін немесе керісінше. Мысалы: дестүрин  сачайы (237) – сәлденің білезігі, аниң палани (281) – оның егері, аниң көке (256) – оның көкірегі, аниң дости (702) – оның досы, мениң кулум (315) – менің құлым.

Сөз тіркестеріндегі ілік септіктің қолданылу, қолданылмау ерекшелігін жан-жақты саралау үшін олардың контексте қаралғаны дұрыс. Бұл сияқты сөз тіркестері жазба жадыхат тілінде де кездеседі. Мысалы: ішниң айақы (373) – істің соңы, тиши конкүз (298) – қоңыздың ұрғашысы – қоңыз ұрғашысы, куш еви (82) – құстың ұясы; йер йүзи (30) – жер жүзі, от күрейі (101) – от күрегі, тенгри дини (407) – құдай діні, қудық суйы (442) – құдық суы, елик буйуни (138) – қол буыны болып келсе, орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде көк төри (ҚБ) – көк тіреуі, еш түш (ҚБ) – дос келбеті, ажун бодны (ҚБ) - әлем халқы, тарығчы қаны (ХШ) – егінші қаны, валілар зары (ХШ) – қамқоршылар зары, ер сөзи (ҺХ) – кісі сөзі түрінде кездеседі. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігі тіліндегі сөз тіркестерінің қаншалықты дәрежеде өзгеріске ұшырағанын, кеңейіп-тарылғанын өзге орта ғасыр жазба ескерткіштері тілдерімен салыстырғанда ғана байқауға болады.

«Мұқаддимат әл-Әдаб» ескерткішінде бірқатар сөз тіркестерінің екі сыңары да белгілі морфологиялық тұлғаларда айтылғанда ғана бірімен-бірі байланысты болады. Мысалы: севүглүг нышаны (3472) – сүюшінің нышаны, севүг айбы (3472) – сүйіктінің айыбы дегенде сөз тіркестерінің алдыңғы сыңарларының (сүюшінің, сүйіктінің) ілік септікте айтылуы басыңқы сөздердің тәуелдік жалғауда (нышаны, айыбы) айтылуымен байланысты және керісінше де болып келеді.

Қазақ тілінде сөз тіркесінің басыңқы сыңары қызметінде есімдер мен етістік жұмсалатыны қалыптасқан заңдылық. Ал, үстеулер негізінде бағыныңқы сыңар қызметінде жұмсалатын сөздер тобына жатады. Алайда, қазіргі әдеби тілімізде үстеулердің басыңқы сыңар қызметінде жұмсалу үрдісі пайда бола бастағанын көруге болады.

Ғалым Н.З.Гаджиева түркі тілдеріндегі сөз тіркестерінің зерттелуіне назар аудара отырып, атрибутивті қатынастағы сөз тіркестерінің құрамы мәселесіне тоқталады. Олардың түркі тілдерінде қалыптасқан өзіндік үлгілері (модельдері) болатындығы туралы жазады. Ғалым сөз тіркестерін мынадай модельдерге жіктеп, олардың жасалуына жеке-жеке тоқталып өткен:

1.   Зат есім + сан есімді тіркестер;

2.   Зат есім + есімдікті тіркестер;

3.   Зат есім + сын есімді тіркестер;

4.   Зат есім + есімшелі тіркестер;

5.   Зат есім + -ырға, - арға инфинитивтері;

6.   Екі есім сөзден құралған анықтауыштық тіркестер;

7.   Зат есім + қос сөздер;

8.      Анықтауыштық қатынастағы жайылма сөз тіркестері [5, 3].

Есімді тіркестердің үлгілері Т.Р.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» атты еңбегінде де беріледі.

1.   Зат есімнің зат есімнің тіркесі;

2.   Сын есімді тіркестер;

3.   Сан есімді тіркестер;

4.   Есімдікті тіркестер;

5.   Үстеулі тіркестер [13, 63].

Біз ескерткіштер тіліндегі есімді тіркестерді осындай үлгілер (модельдер) негізінде зерттеп қарастырдық.

«Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде кездесетін сан есімді сөз тіркестерінің негізгі түрлері – есептік, реттік және болжалдық сан есімдер. Бұл сандардың жазба ескерткіш тілінде не зат, бұйым есебін білдіру үшін немесе мезгілдік есепті білдіру үшін ғана қолданылғандығы зерттеу барысында анықталды. Мысалы: төрт кой (288) – төрт қой, кырк дөнен (282) – қырық дөнен түрінде келсе, өзге ескерткіштерде: алты хан (ТШ), екі мың атлығ білән қарауыл қойды (Ж) - екі мың атты әскермен қорғаушы қойды, қырық құлач (Ш) – қырық құлаш, бір шағал (Ш) – бір шибөрі, тоғуз оғұл (Ж) – тоғыз ұл сынды болып келсе, қазіргі түркі тілдерінде әзерб. беш китаб - бес кітап, уч дәфтәр - үш дәптер, алт. эки түн – екі түн, башқ. өс өй - үш үй, қаз. үш-төрт жігіт, бес қайың; тат. бер кеше – бір адам, алиг кашиг – елу қасық, түрк. ики бармак – екі саусақ, қырғ. бир графин – бір тостақ, түр. ікі ада – екі арал секілді болып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, барлық түркі тілдерінде де осы үлгідегі (модельдегі) сан есімді тіркестер бар. Сан есім + зат есім қалпы негізгі талапқа сай, түркі тілдерінің барлығында бірдей үлгіде келетіндігі анықталды. Демек, сан есімнен кейін зат есім келетін құрылым барлық түркі тілдерінде сақталған қалыпты жағдай.

Сан есім + нумератив + зат есім қалпында келетін сөз тіркестері сөздіктің тілінде көп кездеседі. Мысалы: төрт йашар кой - төрт жасар қой, кирг. төрт жылдык согуш – төрт жылдық соғыс, тат. өч яшлык қыз – үш жасар қыз, түрк. бир гунлук ел – бір күндік жол, өзб. етти йиллык мактаб - жеті жылдық мектеп. Мұндағы сөз тіркестердің жоғарыдағы мысалдардан айырмашылығы, бұл мысалдар -лық аффиксі арқылы жасалып тұр. Бұл тіркес те барлық түркі тілдерінде осы модельде кездеседі.

Сөздік тілінде сілтеу, белгісіздік, жалпылау есімдіктері біз қарастырып отырған еңбекте, орта ғасыр жазба ескерткіштерінде зат есім + есімдікті тіркестер үлгісі ретінде беріледі. Мысалы, ескерткіш тілінде сизин оғұл (МӘ) – сіздің ұл, ол ұлұғ (Ж) – ол ұлы, бұ іш (Ж) – бұл іс, барша ұғланлары (Ж) – барша ұландары сөз тіркесі көп кездеседі. Осы үлгінің қазіргі түркі тілдеріндегі көрінісіне келер болсақ, әзерб. мәним адым – менің атым, башқ. минең китабым – менің кітабым тұлғасында келеді, сонымен қатар, әзерб.бизим нәсл – біздің  ұрпақ, башқ. беззең команда – біздің команда, тат. безнең ел – біздің ел, чув. пирен анне – біздің ана.

Зат есім + сын есім қалыпты сөз тіркестері «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде өте көп кездеседі. Мұндай қалыпты сөз тіркестерінің қазіргі тіліміздегі сөз тіркестерінен ешқандай айырмашылықтары жоқ. Мұнда сын есім зат есімнің анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: ачык йүкрат (МӘ) – ашық сүзбе, ачык соян (МӘ) – ащы пияз, ак ат (МӘ) – ақ ат, ұлұғ той (Ж) – ұлы той, яш ұғлан (Ж) – жас ұлан, темүр даруаза (ТШ) – темір дарбаза, ба‘зи дост (ТШ) – ескі дос тәрізді болып келсе, қазіргі түркі тілдерінде әзерб. мави көй – көк аспан, сарымтыл сач - сарылау шаш, тат. ак төннәр - ақ таңдар, кызылрак чечек - қызылырақ гүл, қаз. ыстық жас, хак. көк адайлар – көк иттер, хызыл арахінек – қызыл сиыр, түр. гузел киз - әдемі қыз сынды болып келеді. Келтірілген мысалдардан сын есімді тіркестердің әрдайым зат есімге тіркесетіндігін байқаймыз. Сын есімді тіркестердің жасалу қалпы түркі тілдерінің барлығында дерлік біркелкі болып келеді.

Есімшелі сөз тіркестері түркі тілдерінде көне дәуірден бері белгілі. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде зат есім + есімшелі сөз тіркестері өте жиі ұшырасады және түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Мысалы: биткен битик (МӘ) – жазылған хат, безенген хатун (158) – сәнделген әйел, өнген қаум (Ж) - өркендеген халық, әзерб. чалышган тәләбә - оқыған студент, түрк. үйреген ит – үйренген ит, гелген адам – келген адам, тат. туган жир – туған жер, ушкан ыяш – құлаған ағаш, өзб. уткан йил - өткен жыл, қайтмайдиган одам – қайтпайтын адам, тув. тоткан киши – тойған адам, түр. чалышкан чожук – талпынған бала, қаз. келетін кісі, қ.-қалп. қатнасатуғын одам – қатысатын адам, ұйғ. көридиған кино – көретін кино. Екі есім сөзден тұратын сөз тіркестерінің компонеттері изафеттік негізде байланысады. Мұндай тіркестер орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде былай көрініс тапқан: бұдұн мүлкінің падшаһы (Ж) - халық мүлкінің патшасы, Хорезм шаһының анасы Тұрқан хатұнның қарындашы (Т) - Хорезм шахының анасы Тұрқан хатынның ағайыны, қаз. құрғақшылыққа қарсы күрес, күндерде бір күн, қырғ. ар кишиде бир акыл - әр кісіде бір ақыл, адам адамга жолдош – адам адамға жолдас, түр. Таранта Бабуйа мектуплар - Таранта бабуға хаттар, түрк. гөвнүнде бир үнжүси – жүрегінде бір қорқыныш, тат. бәхет өчен юл – бақыт үшін жол, шәһәр буенча конкурс – қала бойынша конкурс. Мұндай сөз тіркестерінің алуан түрлі және өзгешеліктері мол болып келетіндігіне жоғарыдағы мысалдар дәлел.

2 «Мұқаддимат әл-әдаб» жазба ескерткішіндегі есімді тіркестер деген екінші тарауда сөз тіркестерінің байланысу тәсілдері мен қолданылу жиілігі қарастырылады.

2.1 Жазба жәдігерлік тіліндегі меңгеріле байланысқан есімді тіркестер. Қазақ тілі материалдарының негізінде жарық көрген М.Б.Балақаев еңбектерінде сөз тіркесі мәселесі кеңінен зерттеліп, сөз тіркестерінің құрылысы, өзіне тән ерекшеліктері, сөздердің байланысу тәсілдері мен формалары және олардың тіркесу қабілеттері жан-жақты ашылып көрсетіледі [14]. Бұл тұста кейінгі кездері жарық көрген А.Н.Баскаковтың, Р.С.Әміровтің, С.Исаевтың еңбектерін де атап өткен орынды.

 «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде меңгеріле байланысқан сөз тіркестері сөзүң аз – сөзімнен артығырақ (149), өзүңгә иш - өзіңе үлгі (161) секілді болып келсе, «Жамиғат-Тауарих» жазба ескерткішінің тілінде достуна дост - досына дос, душманына душман - дұшпанына дұшпан [6, 140], ал өзге де орта ғасыр жазба жадыхаттарында ерка теңсиз (ҚБ) – еркекке ыңғайсыздық, сараңқа сөкүш (ҚБ) – сараңға сөгіс, қытан тапа (ДТС) – қидандарға соғыс, тоғардын батарға (ҚБ) – шығыстан батысқа, кишидин едгүлүк (ҚБ) – кісіден жақсылық, тишидин теңсиз (ҚБ) - әйелден ыңғайсыздық, ердин едгүлүк (ҺХ) – кісіден жақсылық. Зерттеу барысында орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі есімді тіркестердің қазіргі түркі тілдерінде де жиі қолданылатындығы, сондай-ақ оларда қыпшақ элементтерінің айқын басым екендігі анықталып отыр.

Барыс септікті меңгеру: «Сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы түйдекті тіркестер басқа сөз тіркестерімен меңгеріле байланыса алады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде үш айға бес мың әскер секілді болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир йашар оғлан (152) – бір жасар бала, үч йашар кой (285) – үш жасар қой сияқты болып көрініс табады. Ал «Жамиғат-Тауарих» тілінде меңгеріле байланысқан есімді тіркестер йерге басрұқ - жерге басшы, мәмлакаткә басрұқ - елге басшы, ханға елчі - ханға елші [6] түрінде кездеседі. Мұнда сөз тіркестерінің барыс септікті меңгеру арқылы жасалу жолдарындағы бір-біріне ұқсастығы анық байқалады.

Жатыс септікті меңгеру: қазақ тілінде «сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы тіркестер басқа сөздермен немесе «сан есім + нумеративті» құрылымындағы тіркеспен меңгеріле байланысады. Зерттеу барысында орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі шығыс септікті меңгеру арқылы есімді сөз тіркестерінің жасалуындағы ұқсастық анықталып отыр. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде бір жазда, үш рет, үш жылда бір мәрте. Бұл «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир күнде (18) – бір күнде, үч кат ип (278) – үш қабат жіп сияқты болып көрініс табады. Ал «Жамиғат-тауарих» тілінде төрт йақта - төрт жақта, әууел башта - бастапқы кездері, ешиңа салам (ҺХ) – досыңа сәлем түрінде кездеседі [6]. Зерттеу барысында сөз тіркестерінің жатыс септікті меңгеру арқылы жасалу жолдарындағы ұқсастық бұрынғы және қазіргі түркі тілдері материалдарын салыстыру негізінде толық дәлелденіп отыр.

Шығыс септікті меңгеру: «Сан есім + нумеративті сөз» құрылымындағы нумеративті жай тіркестер зат есімдермен көбінесе шылаулар арқылы меңгеріле байланысуы қазіргі түркі тілдерінде де, ескі түркі тілдерінде де сирек кездеседі. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде жиырма бес пұттан екі жарым пұт көмір, он сомнан он бес сомға дейін сынды болып келсе, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде бир тутамйан от (54) – бір тұтамнан шөп сияқты болып келеді. Ал «Түркі Шежіресіндегі» қолданымы: афтаб мәшһүр - күннен мәшһүр, қаумдын артуқрақ - халықтан артығырақ, афтабдын мәшһүрірек (ТШ) – күннен мәшһүрірек. «Жамиғат-тауарихта» айдын раушанырақ (Ж) – айдан көріктірек, қаумдын артуқ (Ж) – халықтан артық, келіндін көрклү (Ж) – келіннен көрікті.

Сөздікте меңгерiле байланысқан есiмдi сөз тiркестерiнiң бағыныңқы сыңарлары барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бiрiнде жұмсалады да, басыңқылары көбiне баяндауыш қызметiндегi есiмдер болады. Мысалы: билгә баш – бiлiмдiлерге бас (398), есизкә от – жамандарға от (401), иағықа йудуғ – жауға жұт (401), сөзгә тануқы – сөзге айғақ (149), сөзүң аз – сөзімнен артығырақ (149), өзүңгә иш - өзіңе үлгі (161), сөзләмишда асығ – сөйлегеннен олжа (168). Есімдердің бұлай тіркесуі жеке сөздің тікелей лексикалық мағынасынан, жалпы сөйлемнің мазмұнынан, айтайын деген ойды нақтылау үшін, есім сөздерге жалғаулы есімдердің керек болуынан туады. Ескерткіште қазақ тіліндегі тіркестермен формасы жағынан да, мағынасы жағынан да бірдей едәуір тіркестер кездеседі. Дегенмен, ескерткіштердегі есімді сөз тіркестердің кейбірі қазіргі қазақ тілінде сыртқы формасы бірдей болғанымен, мағынасы өзгеріске ұшыраған күйінде кездесетіндігі анықталды.

Сөз тіркестерінде, негiзiнен, бағыныңқы сыңар ретінде келетін сын есiмдер баяндауыш қызметiнде жұмсалғанда, есiмдi сөз тiркесiнiң басыңқы сыңары болып келетін кездері де ұшырасады. Мысалы: көр қарақуқ – көр соқыр (175), қарақуқ белгүлүг – аты шулы соқыр (176) сияқты тіркес құрамында келеді, ал заттың ішкі – сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер әлдеқайда көп кездеседі. Мысалы, меңа йақын – маған жақын (581), бега йақын – кісіге жақын (592), сақынч йаңлузун – қайғы жалғыз (1528).

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57