«Мұқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткішіндегі сөз тіркестерінің жалпы сипаты

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 5

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57 

 

1.2

«Мұқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткішіндегі сөз тіркестерінің жалпы сипаты

 

 

 Грамматика – тілдегі өте баяу өзгеретін сала. Жалпы түркітанымдық зерттеу еңбектерінде сөз тіркесі дегенді бөліп қарамай-ақ, «анықтауыштық есімдер тобы» («именные определительные группы») дегенге ерекше көңіл бөлініп келген еді. Себебі, түркітанушы ғалымдар түркі тілдерінің синтаксистік құрылысында кездесетін ерекше құбылыстарды айқындауды басты міндет етіп қойған болатын. Мәселен, изафеттің бірінші түріне байланысты Н.К.Дмитриев зат есім мен зат есімнің жалғаусыз қатар тұру арқылы байланысқа еніп, анықтауыштық қатынаста жұмсалуы түркі тілдерінің елеулі өзгешелігі ретінде саналады [4,179]. Аталмыш ғалым есімдер тобын сөз тіркесі тұрғысынан емес, сөйлем мүшелерінің құрылыс ерекшеліктерін айқындау тұрғысынан қарастырды.

«Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігіндегі сөз тіркестерінің байланысу тәсілдеріне қарай зерттеу барысында меңгеріле байланысқан сөз тіркестерінің жиі кездесетіндігін анықтадық. Мәселен, сөзләмишда асығ (168) – сөйлегеннен олжа, сизден айрук – сізден бөтен (132 – бұдан әрі алынған мысалдардың қолжазбадағы беті көрсетіліп отырады - Г.Ө.). Орта ғасырлық өзге жазба ескерткіштерде өлүмдин қатығ (ҚБ) - өлімнен қатал, өлүгтин қумару (ҚБ) - өліден өсиет (жекеленген жазба ескерткіштердің атауы бұдан әрі осылай қысқартылып беріледі. Қысқартпалар тізбесі еңбектің соңында келтіріледі – Г.Ө.). Жоғарыда аталған сөз тіркестерінің жасалуына шығыс септіктегі сөз бен есім сөз негіз болып тұр. Біздің қарастырып отырған еңбегіміздегі сөзгә тануқы (149) – сөзге айғақ секілді тіркес пен орта ғасырлық жазба ескерткіштердегі ерка авучға (ҚБ) – жігітке шал, бекларка йаңлуқ (ҚБ) – бектерге ыңғайсыз, тузаққа мең (ҚБ) – тұзаққа жем, ериг езгү (ДТС) – кісілерге құрмет, йоқамаққа йұмшақ (ҺХ) – сипағанға жұмсақ, табуғуңа ішім (ХШ) – қызметіңе ісім, хабарқа қазы (ХШ) – хабарға қазы, ханқа оғул (Ж) – ханға ұл, қаумға күйеу (Ж) – елге күйеу тәрізді сөз тіркестерінің жасалуына барыс септіктегі сөз бен есім сөз негіз болып тұр. Біз зерттеп отырған жазба ескерткіш тілі орта ғасыр жазба жадыхаттары тілімен ұқсас болып келеді. Н.З.Гаджиева түркі тілдеріндегі сөз тіркестерінің осы сипатта жасалуының негізгі бір заңдылық ретінде қалыптасқан құбылыс екендігін зерттеу еңбегінде атап өтеді [5, 3].

«Мұқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткішіндегі сөйлем құрылысының жетілуі оның құрамындағы сөздердің, сөз тіркестерінің өзара байланысу тәсіліне қатысты. Қазіргі күнде түркі тілдерінде кездесетін сөз тіркестерінің барлық түрлері орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінде ұшырасады, айырмашылықтары олардың қолданылу жиілігінде ғана. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде изафеттің барлық түрі де қолданылады. Нақ осы түрлер «Мұқаддимат әл-Әдаб» жазба жадыхаты тілінде де кездеседі. Мысалы: келенин учаси (767) – жануардың белі, шатранжниң бисати (1048) – шахматтың тақтасы. Түркітану ғылымында жақсы зерттелген ескерткіштердің бірі – Қадырғали Жалаиридің «Жамиғат-тауарих» атты еңбегі. Осы еңбек бойынша Р.Сыздық тарапынан жүргізілген зерттеулерден изафеттің үшінші түріне жататын есімді тіркестерді жиі кездестіруге болады [6]. Мәселен, осы еңбекте хатунның беклігі - әйелдің бектігі, атасының йурту – атасының жұрты, атасының орны, үй тірлігі, атындын егәрі – аттың егері, қоңратнын падишаһы – қоңыраттың падишаһы, ханның оғлы – ханның ұлы тәрізді мысалдар молынан кездеседі. Изафеттің бұл түріне байланысты Абу Хайан сөздігінде алма ағачы – алма ағашытіркесін келтіруге болады. Бұл тәрізді тіркестердің бір сыңары ілік жалғау тұлғасында,  екінші сыңары тәуелдік жалғау тұлғасында келеді.

Изафеттің екінші түрі орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштері тілінде жиі кездесіп отырады. Мысалы, орта ғасыр жазба ескерткіштерін зерттеуші Б.Сағындықұлы еңбектерінде [7] және Г.Әбенованың зерттеу еңбектерінде, осы кезеңдегі жазба ескерткіштер тілі бойынша соңғы кезде қорғалған Б.Күлжанованың еңбегінде [8], сөз болады. «Құтадғу билиг» және «Һибат-ул хақайық» жазба ескерткіштерінен мысал келтіруде осы аталған зерттеу еңбектерді пайдаланып отырамыз. Мысалы: ажун мазаси (ҺХ) – дүниенің рақаты, авызча сөзи (ҚБ) – қарттың сөзі, йек тұзақы (ҚБ) – шайтанның тұзағы, беглар чавы (ҚБ) – бектердің даңқы, иг еми (ҚБ) – аурудың дәрісі. Көне түркі сөздігіндегі еркач ету – серкенің еті тіркесі мен Құтбтың «Хұсрау уа Шірін» ескерткішіндегі қадғу қудуғу – қайғы құдығы тіркесінің бірінші сыңарындағы тәуелдік жалғау жасырын болып келеді, ал екінші сыңары ілік жалғау тұлғасында берілген. Ескертетін жағдай «Хұсрау уа Шірін» дастанындағы мысалдарды келтіруде біз Ә.Ибатовтың «Хұсрау уа Шірін» поэмасының сөздігі (Алматы, 1974) атты еңбегін пайдаланып отырамыз. Егер «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінен осы үш форманың арақатынасын қарайтын болсақ, бірінші форма бәрінен жиі қолданылатындығын байқауға болады [5].

Сөз тіркесі болу үшін сөздер міндетті түрде синтаксистік қатынасты білдіріп тұруы қажет. Р.Әмірдің пікірі бойынша: Сөз тіркесі синтаксистік қызметі жағынан да, лексикалық мағынасы жағынан да даралығын жоғалтпаған сөздерден құралады. Ғалым мысал ретінде, өршіген жел, биік мая, тоты құс тәрізді тіркестерді келтіреді [9,11]. Осы айтылған пікірге орай «Мұқаддимат әл-Әдаб» тіліндегі сөз тіркестердің қай сыңарын алсақ та даралығын жоғалтпағанын байқаймыз: барһүрдар ер (470)  бақытты еркек, севинген хатун (791)  білімді әйел, пишкен ет (220) – піскен ет, үнлүн булут (705) – найзағайлы бұлт, ачыклаган хатун (754) – ашуланған әйел. Өзге орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінде де солай: билиглик қары (ҚБ) – білікті қария, жаһил ер (ҺХ) - надан еркек, укум макан (ҺХ) – ақылдың қоймасы, зулум қамчысы (ХШ) – зұлымдық қамшысы, қарындашларнин хикайаты (Ж) – туысқандардың хикаясы, Фужиннін қарындашы (Ж) – Фужиннің қарындасы. Бұл мысалдар сөз тіркестерінің синтаксистік қарым-қатынасқа түсуі ертеректен басталғандығын көрсетеді.

Түркі тілдері тарихи синтаксисінің даму заңдылықтары бойынша сөз тіркестері бірте-бірте атау мәнді сөздерге айналады. Мәселен, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігіндегі тази ит (292) – тазы ит, теве табан (277) – түйе табан, сүт тиш (133) – сүт тіс сынды тіркестер мен қазіргі қазақ тіліндегі боз торғай, қара торғай, ащы ішек, тоқ ішек сөз тіркестердегі боз, қара, ащы, тоқ, тазы, түйе, сүт сөздері соңғы сыңарлардың анықтауышы емес, олардың сынын да, сапасын да білдірмейді. Бұлардың тұтас атау ретінде жұмсалатындығы нақты тілдік дәлелдер арқылы айқындалып тұр.

Түркітануда синтаксистік бірлік ретінде жұмсалатын сөз тіркесінің табиғаты сан қилы. Сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі олардың мағыналық және грамматикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Сөз тіркесі кем дегенде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысуы арқылы жасалғанымен, кейде олар сөйлем құрамында жеке сөздің баламасы сияқты бір ғана сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқара алады. Сөз тіркесі сөйлеу кезінде жасалып, сөйлем құраудың материалы болады. Мәселен, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігіндегі едина месжиди (78) - жұмалық мешіт, тинйан хатун (683) – тыныққан әйел, сарай ешиги (87) – сарай есігі, бал ариси (298) – бал арасы, йағашниң бутаклары (599) – ағаштың бұтақтары сынды болып келсе, өзге орта ғасырлық жазба ескерткіштерде қары өкүз (ДТС) – кәрі өгіз, дүнийа нәңи (ҺХ) – дүниенің заты, қызыл байрақ (ДТС) – қызыл жалау, ажун өңдиси (ҚБ) – дүниенің заңы, көзүм бабакларі (ХШ) – көзімнің бектері, Кермен шаһары (Ж) – Ермен қаласы, моғол қаумы (Ж) – монғол тайпасы секілді сөз тіркестері осыған дәлел бола алады. Мұнда сөз тіркестер құрамындағы сөздердің байланысу амалы таза грамматикалық қатынаста жұмсалғандығы байқалып тұр. Осы байланыс түркі тілдеріндегі сөз тіркесі синтаксисін зерттеген Н.К.Дмитриев, А.К.Боровков, Н.А.Баскаков, В.М.Насилов, А.Г.Гулямов, А.А.Коклянов, Е.И.Убрятов, М.З.Закиев, М.Балақаев, А.Аблақов, С.Исаев, Т.Қордабаев, Е.Ағманов, К.Аханов, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев сынды ғалымдардың еңбектерінде кеңінен орын алған.

 «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігі тіліндегі сөз тіркестерінің тарихи даму кезеңдерін айқындау үшін обьективтік заңдылықтарды үнемі есте сақтау қажет. Мысалы, таразу пеллеси (247) – таразы шынысы, ипин таразуси (247) – жіптің таразысы тектес тіркестердің құрылымдық үлгісі орта ғасыр жазба ескерткіштерінде бұрын да болғанымен, олар жаңа мәнде қолданылып, осы үлгідегі сөз тіркестерінің жаңа мағыналық тобын құрағандығы көзге түседі.

Сөз тіркестері тарихында олардың құрылымдық, тұлғалық және мағыналық жағынан ажырамаған, диффуздық күйінен дифференциялану, дараланушылық бағытына қарай өзгеріп отырғандығы байқалады. Мысалы, көне түркі тілдерінде меншіктілік, арнау, бір заттың бойында екінші бір заттық қасиеттің бар екендігі сықылды қасиеттерді -лы/ -лі/ -лық/ -лік тұлғалы сын есімді есім сөз тіркестері білдірген болса, кейін осы мағыналар айқындала түсіп, -лық тұлғалы сөз тіркестері арнау мәнін, ал -лы тұлғалы сөз тіркестері заттық қасиеттің басыңқы мүше арқылы айтылатын заттың бойында бар екенін білдіретін болып қалыптасты. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде -лық тұлғалы мираслық мал (88) – мұралық мүлік, оғланлық хатун (354) – балалы әйел, сүтлик қой (890) – сүтті қой, йазлық от (54) – жаздық шөп, калканлық ер (262) – қарулы еркек, қара башлық қой (285) – қара басты қой сынды сөз тіркестері жиі кездеседі. «Құтадғу білік» жазба ескерткіштері бойынша жасалған зерттеулерде де дәл осындай құбылыс байқалады. Мысалы, биликлик киши (ҚБ) – білімді кісі, чығайлық йолы (ҚБ) - кедейлік жолы. Жалпы алғанда, ескерткіштер тілін зерттеуде -лы тұлғасынан гөрі -лық тұлғасының өте жиі қолданылатындығы анықталды. ХVІІ ғасырдың басында жазылған Қадырғали Жалаиридің «Жамиғат-тауарих» атты шежіресінің тілін сөз еткен Р.Ғ.Сыздықова зерттеу еңбектерінде -лы тұлғалы мынадай тіркестерді келтірілген: ғақыллы зағифа - ақылды әйел, еслі зағифа - есті әйел [6, 27]. Дәл осы тәрізді «Шыңғыснама» мәтінінде -лы, -лі тұлғасы қатыстылықты, тәндік ұғымды білдіреді. Мысалы, йосақлы аға - жасақты аға. Сонымен, «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігі тілінде -лы, -лі тұлғалы есім сөз тіркестерінің кездеспейтіндігі анықталды. Бұдан кейінгі кездегі жазба мұралары Қадырғали Жалаиридің «Жамиғат-Тауарих» [6], Әбілғазы бахадүр ханның «Түркі Шежіресі» [10], Өтеміс қажының «Шыңғыснама» [11] атты еңбектер тілдерінде -лы, -лі тұлғалы есімді сөз тіркестер жиі қолданылатындығы мәлім болды.

«Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігіндегі атаулық тіркестердің жоғарыда сөз болғандай, әуел баста еркін тіркестер болғандығын айту қажет. Осы тіркестердің жасалуының екі жолы бар: бірі - ана тілі материалдары негізінде туған тіркестер, екіншісі - жаңа ұғымдарды атауға байланысты калька немесе жартылай калька жасау жолымен өзге тілдерден аударылу арқылы алынған сөз орамдары. Сөз тіркестерді жасалу орнына қарай бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

Бірінші топқа жататын тіркестер ретінде «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігіндегі: қуруқ йағач (69) – құрғақ ағаш, каһил хатун (795) – еріншек әйел, исик от (837) – ыстық жалын,  кари ат (250) – кәрі жылқы, қысқа көһе (271) - қысқа сауыт, йаман ат (1008) - жаман ат, йұпқа тери (666) – жұқа тері, йаш от (59) – жасыл шөп сынды тіркестерді келтіруге болады. Осы тәрізді, орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде едгү йүң (ДТС) – жақсы мақта, қара тағ (ДТС) – қара тау, аның меңзи (ҚБ) – жарық дүние, билиглик тиши (ҺХ) – білімді кісі, йаруқ кун (ХШ) – жарық күн, азығлық бөрі (ХШ) – азулы бөрі сөз тіркестері бар. Сонымен, бірінші топқа жататын сөздер ежелгі дәуірде бастау алғандығын, қазіргі кезде де өз жалғасын тауып келе жатқандығын байқаймыз.

Екінші топқа қатысты мағынадағы тіркестер көбіне екінші изафет арқылы жасалады. Олардың бірінші сыңары да, екінші сыңары да байырғы сөз болуы мүмкін: мүкл йағач (69) – резеңке ағаш, тенгиз орласи (46) – теңіз ортасы, мүшүк көз (786) – мысық көз, йағач чомак (270) – ағаш күрзі.

Үшінші топқа жататын тіркестерде, байырғы сөздер мен кірме сөздер ілік септігі мен тәуелдік жалғауларын қабылдайды. Атаулық тіркестердің бұл түрінде тіркес құрамындағы сөздер сөйлемнің жеке-жеке мүшесі болса, ондай сөз тіркестері еркін тіркес болады да, егер бөліп жаруға келмей сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқарса, атаулық тіркес болады [12, 67-72].

 «Мұқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткішіндегі синтаксистiк сөз тiркесiнің даяр тұрған тiркес еместігі, оның сөйлеу кезiнде дербес сөздердiң грамматикалық заңдар бойынша еркiн тiркесуiнен жасалатындығы зерттеу барысында анықталды. Сөз сыңарларының ыңғайына қарай ауыстырылуға көнетiндiгi ескерiлiп, қарастырылды. «Мұқаддимат әл-Әдаб» сөздігінде сөздердің анықтауыштық қызмет атқарып, тілдің номинативті құралдарының қатарына жататыны секілді сөз тіркестерінің де заттардың, сапа-белгілердің, қимыл – іс-әрекеттердің атауы ретінде қолданылатындығы, тілдің номинативті құралдарының қатарына енетіндігі анықталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57