Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің зерттелуі

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 5

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57 

 

 

ӨТЕГЕНОВА ГҮЛЗИРА ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Орта ғасыр жазба ескерткіштеріндегі есімді тіркестердің жасалуы

(«Мұқаддимат әл-Әдаб», ХІV ғасыр)

 

 

 

10.02.06 – түркі тілдері

 

 

 

 

 

 

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

 

 

АВТОРЕФЕРАТЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.

 

Ғылыми жетекшілер:                филология ғылымдарының докторы,        

                                               профессор 

 

                                                      филология ғылымдарының докторы

                                                      М.Малбақов

 

 

Ресми оппоненттер:                   филология ғылымдарының докторы,

                                               профессор Б.Сағындықұлы

 

       филология ғылымдарының кандидаты

                                               Г.Әбенова

 

Жетекші ұйым:                         Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық  

                                             қатынастар және әлем тілдері университеті

 

 

 

Диссертация 2007 жылы 25 желтоқсанда сағат 14.00-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06-түркі тілдері және 10.02.02-қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).

 

 

 

Автореферат 2007 жылы «24» қарашада таратылды.

 

 

 

 

 

 

 

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор                                       Ж.А.Манкеева

 

КІРІСПЕ

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Кез келген тілдің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымындағы көптеген құбылыстардың тарихи қалыптасуын ең алдымен көне дәуірден бері сақталып келе жатқан жазба әдеби ескерткіштердің тілдік деректерін жан-жақты зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Әдеби тілдің қалыптасу, даму тарихын жалпы халықтық тілмен, диалектілермен және көне жазба жадыхаттар тілімен байланыстыра зерттеудің маңызды екені тіл ғылымында белгілі ақиқат. Осылардың ішінде әдеби тіл тарихының тереңдігін көрсететін бірден-бір айғақ көне жазба ескерткіштердің мұқият зерттелуі – тіл тарихындағы өзекті мәселелердің бірі болып саналады.

Осымен байланысты орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліне қазіргі тіліміздің қаншалықты қатысы бар екенін анықтау қазақ тілі тарихын зерттеу жолындағы негізгі міндеттердің қатарына жатады. Екінші жағынан, бұл жағдай белгілі бір тілдің өзгеру, даму, қалыптасу жолдарын айқындауға да қолғабыс жасайды. Сол себепті көне түркі тілдері мен қазіргі түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің де қалыптасып, даму заңдылықтарын ашу барысында тарихи жәдігерліктердің тілін зерделеу – ерекше маңызы бар өзекті мәселе.

Қазіргі тіл білімінің жетістіктері мен жаңа бағыттары әрбір халықтың өзіндік рухани тәжірибесіне сәйкес маңызды міндеттер мен қызмет атқаратын жазба әдеби ескерткіштер тілін зерттеуге жаңа талаптар қойып отыр. Атап айтқанда, мәдениет, тіпті шығыс мәдениеті мен Ресей, Еуропа елдерінің түркітанушылық ой-түйініне үңіліп, қол жеткен асыл қазынаны мақтан етіп қана қоймай, өз халқымыздың ұлттық дәстүріне негіздей отырып, тиісті өзіндік үлестерімізді қосып, жетілдіріп, әлемге әйгілі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тілін қазіргі қазақ тілімен салыстырып зерттеу және оны әрі қарай дамыту – маңызды міндеттердің бірі.

Зерттеудің өзектілігі. Өте ертеден қалыптасқан қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылысының тарихи даму жолдары, жетілу әдістері сияқты толып жатқан проблемалық мәселелерін анықтаудың басты бір танымал жолы – ХІІІ-ХІV ғасырлардағы жазба ескерткіштердің материалдарын талғап, таңдап, сұрыптап тани білу, ескіні білу арқылы жаңаны тану, түркітану ғылымын одан әрі дамыту үшін арғы-бергі замандарда жазылып қалған мұраларды игеру, зерттеу, олардың қыр-сырын ашу, оларды қазақ халқының тарихи игілігіне пайдалану.

Осыған орай, біздің зерттеуімізге нысан ретінде алып отырған тақырыбымыз – «Орта ғасыр жазба ескерткіштеріндегі есімді тіркестердің жасалуы» («Мұқаддимат әл-Әдаб», ХІV ғасыр). Нақты айтқанда, күні бүгінге дейін арнайы қарастырылмаған орта ғасыр жазба ескерткіштеріндегі (соның бірі - «Муқаддимат әл-Әдаб») есімді тіркестердің түркі тілдеріндегі қолданысының синтаксистік деңгейін зерттеу. Осыған орай, сөздердің өзара тіркесу қабілеті әдеби тілдің дамуынан, тілдік фактордың әсерінен өзгеріп, жаңа мәнге ие болып отыратындықтан, «Муқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткіші тіліндегі есімді сөз тіркестерінің құрылымын, өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарын танып білудің маңыздылығы жұмыстың өзектілігін дәлелдейді.

Зерттеудің нысаны – орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі есімді тіркестердің жасалым заңдылықтары мен сөз тіркестерінің өзіндік ерекшеліктерін сараптап, жазба жадыхат тіліндегі есімді тіркестердің грамматикалық және мағыналық байланысу жолдарын айқындау.

Зерттеу пәні. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты - «Муқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткішіндегі есімді тіркестердің синтаксистік табиғатын тану, олардың құрылымдық тобын анықтау, соның негізінде қалыптасуы мен дамуы туралы тиянақты ғылыми тұжырымдар жасау. Аталмыш мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

- ескерткіштер тіліндегі есімді тіркестердің байланысу жолдарын салыстыра отырып, тіркесу ерекшелігін анықтау;

- есімді тіркестердің өзіне тән белгілерін анықтау;

- есімді тіркестердің өзіне ұқсас тұлғалардан ерекшелігін айыру;

- жазба ескерткіш тіліндегі есімді тіркестерді сөздік қордан алатын орны жағынан талдау;

- осы міндеттерді айқындау барысында есімді тіркестердің сөздікте алатын орны мен ережеге сай емлесін белгілеу;

- есімді тіркестердің байланысу тәсілдері мен жасалу жолдарын көрсету;

- есімді тіркестердің құрылымдық түрлері мен мағынасын айқындау.

Зерттеудің дереккөздері. Нақты тілдік мәліметтер әл-Замахшаридің «Муқаддимат әл-Әдаб» сөздігінен алынса, оларға түсінік беруде салыстыру түрінде орта ғасырлық қыпшақ тілі ескерткіштерінің материалдары, сонымен бірге қазіргі түркі тілдері мен қазақ тілі бойынша жазылған грамматикалық еңбектер түркітану, қазақ тілі тарихы бойынша зерттеулер мен тақырыпқа қатысты зерттеу еңбектердің деректері мен ғылыми тұжырымдары пайдаланылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштеріндегі есімді тіркестердің жасалымы қазақ тіл білімінде тұңғыш рет зерттеліп отыр. Осымен байланысты, жұмыстың ғылыми жаңалықтары ретінде мыналарды айтуға болады:

- нақты жазба ескерткіш тіліндегі есімді тіркестердің құрылымдық модельдері айқындалып, олардың қазіргі қазақ тілімен сабақтастығы салыстырылды;

- зерттелуші жазба ескерткіш тіліндегі есімді тіркестердің өзге де орта ғасырлық жазба ескерткіштердегі типтік ерекшеліктер және синтаксистік бірліктерінің өзгешеліктері анықталды;

- ескерткіш тіліндегі есімді тіркестердің байланысу тәсілдері анықталып, құрамындағы компоненттерінің байланысуының қазіргі түркі тілдеріндегі тарихи синтаксистік тұрғыдан даму барысы нақтыланды;

- жазба ескерткіш тілі мен қазақ тіліндегі сөз тіркесі синтаксисі арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар айқындалды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Бұл жұмыс түркі тілдеріндегі есімді сөз тіркестердің қалыптасу және тарихи даму заңдылықтарын айқындауға қатысты зерттеу болып табылады. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен нәтижелері қазақ тілінің тарихи синтаксисін өз деңгейінде теориялық жағынан толықтырады. Сондай-ақ, жазба жадыхат тіліндегі есімді тіркестердің табиғаты мен мәнін, байланысу формалары мен тәсілдерін, синтаксистік қатынастары мен түрлерін жете түсінуге, толықтыруға септігін тигізеді.

Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу барысында жасалған тұжырымдар мен нәтижелер түркі тілінің тарихи грамматикасы, қазақ тілінің тарихи синтаксисі пәндерін жаңа деректермен толықтырып, жоғары оқу орындарында жүргізілетін сөз тіркесі синтаксисі курсында, арнайы курстар мен семинарларда, тарихи грамматиканы оқытуда, тіл тарихы мен түркітанымдық оқулықтар жазуда, қазақ тілінің тарихи-этимологиялық сөздіктерін жасауда, қазақ тілінің тарихына қатысты қыпшақ және басқа да әртүрлі жазба жадыхаттарды зерттеу ісінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

-  қазіргі түркі тілдерінде (соның бірі – қазақ тілінде) қолданылатын сөз тіркестерінің негізгі үлгілері орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде түгел кездеседі;

-  жадыхат тілінде түркі тілдеріндегі изафеттердің үш түрі де тұлғаланған және олардың ішінде ең жиі кездесетіні изафеттің үшінші түрі;

-  жазба жадыхаттың сөздік түрінде түзілуіне байланысты онда атаулы тіркес қызметін атқаратын байланыс тәсілдері (меңгеру, матасу, қабысу) қолданылған;

-  жазба жадыхат тіліндегі есімді тіркестердің жасалуын сөз табына байланысты қарастырған кезде ең көп ұшырасатыны зат есім + сын есімді тіркестер, екінші кезекте зат есім + есімшелі тіркестер екендігі байқалады;

-  жазба ескерткіш тілі мен қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің жасалу тәсілдері толық сәйкес келеді. Мұның өзі түркі тілдерінің тарихи синтаксистік даму жолындағы дәстүрлі сабақтастығын айғақтайды;

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында сипаттау, синтаксистік талдау және салыстырмалы-тарихи әдіс-тәсілдер кешені қолданылды. Ғылыми тұжырымдар мен пікірлерді талдау барысында жинақтау, баяндау, қорыту әдістері де басшылыққа алынды. Көне түркі, орта түркі және қазіргі қазақ тілі материалдарымен салыстыруда тарихи-семантикалық әдіс-тәсілдер пайдаланылды.

Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының бағыт-бағдары, мазмұны, негізгі тұжырымдары мен басты нәтижелері «Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Әуезов – жаңа дәуір данышпаны» атты халықаралық тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 2007), «Жас ғалым - 2007» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Тараз, 2007), «Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері. Қалыптасуы, дамуы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты семинарда баяндалды. Ғылыми басылымдар мен жинақтарда диссертация тақырыбына байланысты 10 мақала жарияланды.

Диссертация А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл тарихы және диалектология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылған.

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден және негізгі екі тараудан тұрады. Диссертацияның соңында жалпы қорытынды және сілтеме жасалған әдебиеттер тізімі келтірілген.

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

 

Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде тақырыптың өзектілігі негізделеді, мақсаты мен міндеттері айқындалады, теориялық және практикалық маңызы, зерттеудің нысаны, пәні, материалдары мен дереккөздері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдіс-тәсілдері, қорғауға ұсынылған тұжырымдар, жұмыстың талқылануы мен жариялануы баяндалған.

Жұмыстың бірінші тарауы «Мұқаддимат әл-Әдаб» жазба ескерткішіндегі сөз тіркестері» деп аталады. Онда жазба ескерткіштің зерттелу тарихы, сөз тіркестерінің зерттелуі және оларды жүйелілік тұрғысынан жіктеу мәселелері сипатталады.

1.1 Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің зерттелуі. Махмуд Замахшари – араб тілі, әдебиеті, философиясы, ислам дінінің тарихына байланысты елуден астам ғылыми еңбектер жазған ғалым. Бірақ бізге ол еңбектер толық жетпеген. Автордың түркітануға қатысты еңбегі – «Мұқаддимат әл-Әдаб». «Мұқаддимат әл-Әдаб» бес тараудан тұрады. Бірінші тарауда есімдер, екінші тарауда етістіктер, үшінші тарауда көмекші сөздер, төртінші тарауда етістіктің жіктелуі туралы сөз болады. Кітаптың сөздік бөлімінде кей араб сөздерінің түркіше, монғолша баламасы берілген. Академик В.В.Бартольд М.Замахшаридің еңбегіндегі түркі бөлігін ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы Орта Азия түркі халықтарының тарихи лексикасынан хабар беретін маңызды еңбектер ретінде көрсеткен [1,465].

«Мұқаддимат әл-Әдаб» - төрт тілдік сөздік болып келеді – арабша – парсыша – түркіше – монғолша. Біз өз зерттеуімізде сөздіктегі түркі материалдарын қарастырумен шектелеміз. Сонымен қатар, бұл жұмыста өзге тілдерге арналған бөліктердегі түркі тілді материалдарды нысанға аламыз, себебі сөздіктің монғол бөлігінде сөздердің түркіше баламалары қатар беріліп отырады. Отандық тіл білімінде орта ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеуде, әсіресе Ә.Құрышжанұлының еңбегі зор. Ә.Құрышжанұлы өзінің зерттеу еңбектерінде «Мұқаддимат әл-Әдаб» ескерткішінің фонетикалық және кейбір  лексикалық ерекшеліктерінің зерттеу обьектісі болып жүргендігін атап өтеді [2, 11].

Әл-Замахшаридің «Мұқаддимат әл-Әдаб» атты қолжазбасы тұңғыш рет 1926 жылы жарияланған болатын. Автордың бұл еңбегі араб тілінің сөздігін ұсынады.

Бұқарадағы Авиценна атындағы кітапханада әл-Замахшари еңбегінің екі нұсқасы сақталған. Шығармаларының бірінші данасы 705 хиджра жылында (біздің жыл санауымыз бойынша 1305 жыл) Хамид Хафиз катип тарапынан қайтадан жазылған болатын. Әл-Замахшари еңбегінің бұл нұсқасында бес бөлімінің барлығы (есімдер, етістіктер, кішкентай бөлшектер, септеу және жіктеу) толық сақталған, бірақ еңбекте түркі тілінің де, монғол тілінің де тілдік материалдары қамтылған.

Әл-Замахшари еңбегінің екінші қолжазба данасы 898 хиджра жылында (біздің дәуіріміздің 1492 жылы) дәруіш Мұхаммед катип тарапынан қайта жазылған. Еңбектің бұл данасында тек алғашқы екі бөлім ғана бар, соңғы үш бөлім мүлдем кездеспейді. Бұл нұсқада араб сөздері парсы, түркі және монғол тілдеріндегі аудармалары берілген. Еңбектердің қай нұсқасы бірінші екендігін Авиценна атындағы кітапхана қызметкерлері де, басқа зерттеушілер де айта алмай келеді. Біздің жұмысымызда қолжазбаның 898 хиджра жылында жазылған нұсқасы пайдаланылды [3]. Бұл нұсқа 977 хиджра жылы өзбек халқының Абдулла хан тұсындағы ең ірі бектерінің бірі Кул-Баба Көкелташ тарапынан қайсыбір кітапханаға сыйлығы ретінде берілгендігі жайлы ғана білеміз.

Сайып келгенде, бұл еңбектің түркі бөлімін 1492 жылы бөгде тұлға құрастырғаны белгілі. Ең негізгі бастапқы материал 1492 жылғы нұсқасынан да көне еңбек болуы мүмкін. Біз қарастырып отырған нұсқаның тілдік ерекшеліктері XIV ғасырдың басы мен орта тұсындағы мұралармен тұстас келетіндігін дәлелдейді. Атап айтқанда, Орта Азия түркілерінің XV ғасырдың соңына қарайғы тіліндегі кейбір өзгешеліктердің сақталғандығы аян. Сөздіктің XV ғасыр мұраларымен тілдік ұқсастықтарының бар екендігін аңғаруға болады.

Біз жұмысымызда материалдарды түпнұсқадағы тұлғасы бойынша беруді негізгі нысан етіп алдық. Орта ғасырлық араб, парсы лексикографиясындағы көптеген сөздіктер сияқты, бұл сөздік те әліпбилік жүйеде емес, тақырыптық жүйеде түзілген. Онда сөздер тақырыптық топтарға бөлініп берілген.

Аталмыш еңбек қазақ тіл білімінде бұрын соңды тілдік тұрғыдан зерттелінбеген болатын. Жалпы осы жазба ескерткіш тілін зерттеуде Н.Поппе мен В.Бартольд зерттеу еңбектерінің орны ерекше.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57