«Троптардың экспрессивтік стилистикалық қызметі».

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 5

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57 

 

 

3.7 «Троптардың экспрессивтік стилистикалық қызметі». Тілдің көріктеу құралдары шешендіктану мен стилистиканың негізгі зерттеу нысаны болып табылады. Көріктеу құралдары аясында айшықтау (фигура) және құбылту (троп), олардың түрлері мен мағыналары, қызметі және жасалу жолдары қарастырылады. Алайда қазіргі лингвистикалық зерттеулерде фигура мен троп ұғымдарының ара жігі және түрлері, айырым белгілері туралы әр түрлі пікірлер бар. Қазақ тіліндегі зерттеулерде көріктеу құралдарын жасалу жолына қарай анықтау қалыптасқан. Қазіргі зерттеулерде «троп» және «фигура» (сөз айшықтары мағынасында) ұғымдарының ара қатынасы туралы пікірлер әр түрлі беріліп жүр. Дегенмен, қай тілдің экспрессивтік стилистикалық жүйесін зерттесек те, бүгінде айқын екі маңызды мәселенің бары байқалады. Олар: 1) аталған троп пен фигураның түрлерін барынша саны жағынан топтау. Аталған троп пен фигураның түрлері бізге антикалық дәуірден белгілі және ол қазіргі тілді зерттеу үшін қаншалықты маңызды екенін ашып алу. Немесе аталған мәселені стилистика мен риторика үшін маңызы тұрғысынан ара жігін ажырату бұл мәселені жеңілдетеді;  2) аталған троп пен фигураның түрлерін сыртқы формасына, нақты белгілеріне қарай жүйелеу. Жоғарыда берілген троп пен фигураның түрлерінің әртүрлі топтастырылуы оны белгілі бір қасиет-сапаларына, белгілеріне қарай жүйелеудің жетіспей жатқанына байланысты болса керек.

Метафора, теңеу, метонимия, антономазия, синекдоха, кейіптеу ауыспалы мағыналардың пайда болуына және экспрессивтік қасиеттерінің күшеюіне байланысты сөздің мағыналық ауқымының кеңеюі оның көркем шығармадағы эстетикалық қызметін дамыта түседі. Сонымен бірге эпитеттердің де экспрессивтік стилистикалық мүмкіншілігі де кең болып келеді.

Эпитеттердің қызметіне қарай түрлерінің экспрессивтілікті жеткізудегі рөлі ерекше. Бейнелеуіш эпитеттер сөздегі бейнені жеткізуде, ал лирикалық эпитеттер сөздегі эмоцияны неғұрлым дәл суреттеуде ұтымды қолданылады. Эпитеттің аталған екі қызметінің екеуі де адамның экспрессивті-эмоционалды ішкі сезімдерін бейнелеуде сәтті жұмсалады. Бейнелеуіш және лирикалық эпитеттер ретінде тұрақты және тұрақсыз эпитеттер белсенді жұмсалады.

Төртінші тарау «Тілдің грамматикалық жүйесінің экспрессивтік стилистикалық құрылымы» деп аталып, онда сөз таптары мен сөз формаларының, грамматикалық категориялар мен синтаксистік құрылымдардың экспрессивтік сипаты мен қызметі туралы сөз болды.

4.1 «Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін зерттеуде олардың түрлі стильдердегі қолданысы басты назарда тұрады да, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, еліктеу сөздердің т.б. лексика-грамматикалық категориялардың стилистикалық белсенділігі мен мүмкіншілігін анықтау көзделеді.

Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – сөз таптары мен түрлі морфологиялық формалардың экспрессивтік қызметін талдау. Грамматиканың көркемдегіш-мәнерлегіштік қасиет-сапасы мен мүмкіндіктерін, олардың көркем, публицистикалық шығармалардағы шығармашылық тұрғыдан игерілу тетіктерін анықтау экспрессивтік стилистиканың міндеті болып табылады. 

Сөз таптарының стилистикасы сөз таптарын және сөз семантикасын зерттеу аясында да кеңінен дамыды. Ш.Сарыбаев еліктеуіш сөздердің лексика-грамматикалық сипатын талдай келе, оның стилистикалық мүмкіншілігі жоғары екенін айтады. Ә.Болғанбаев, Б.Сағындықұлы, Ф.Оразбаеваның зерттеулерінде сын есімдердің стилистикалық вариациясы мен синонимиясы зерттелді.

Сөз таптарының ішінде функционалдық және экспрессивтік тұрғыдан өзгермелі, қолданылу белсенділігімен танылатын сөздердің бір тобын зат есімдер мен етістіктер құрайды. Ғылыми зерттеулерде айтылып жүргендей, зат есімдердің стилистикалық қасиеті әсіресе кітаби стильдерде ерекше көрінеді, тек публицистиканың кейбір жанрларында және ресми іс-қағаздар стилінде ғана зат есімге қарағанда етістіктер көп қолданылып жатады. Сөз таптарының стилистикалық тұрғыдан кітаби тілдерде қолданысын анықтау арнайы статистикалық талдаулар жүргізіп, терең зерттеуді қажет ететін мәселе.  Алдыңғы бөлімдерде жүргізілген талдаулардан байқалғандай, зат есімдер метафора, метонимия, антономазия, синекдоха, теңеу болу мүмкіндігі өте жоғары сөз табы болып табылады.

Адамның психологиялық жай-күйінің етістіктер арқылы суреттелуі оның процессуалдық қырын басты назарға алса, еліктеуіш сөздердің етістіктелуі адамның, табиғат, құбылыстың бір сәттік сезімдік суреттерін (қимылды) детальдап, неғұрлық айқын бейнелеуін көрсетеді. Көсемше тұлғасының әр өлең жолында қайталанып келіп, қысқа үзіліп отыруы автордың сол бір табиғаттың тамаша көркіне тамсанған сезім ырғағымен сәйкес өріліп отырады.  Етістіктің -й көсемше тұлғасы да Абай шығармаларында экспрессияны жеткізуде пайдаланылған: Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай, Жақсы өмірің бұзылмай, Жас қуатың тозылмай... Жақсы өліпсің, япырмай! (Абай). Інісі Оспанның өліміне «аһ» ұрған ақынның күрсініс ырғағымен орайлас шыққан й қосымша ерекше экспрессия құралына айналған. Осы сияқты -мақ, -мек тұлғаларының да стильдік қолданысы әр контексте түрлі мақсатта жұмсалып отырады. Етістік сөз табына тән категориялардың экспрессивтік қызметі сан алуан болып келеді.

Шақ транспозициясы – көптеген басқа лингвистикалық құбылыстармен тығыз байланыста танылатын, тілдің табиғи мәселелерін білдіретін феномен деп ойлаймыз. Етістіктің шақ формасының қызметі басқа мағынаны білдіруде бәрінен бұрын ауызекі сөйлесуге тән, ол хабарламаны вербальды және вербальды емес құралдар арқылы жеткізуде жан-жақты қолданылуымен ерекшеленеді. Әртүрлі шақтардың түрлерін бір оқиғаның тізбегінде параллель қолдану мүмкіндігі де бар. Өткен шақтың жоспарына сәйкес, өткен және жалпы шақ етістіктерінің тұлғаларындағы анық контраст келесі өлең үзіндісінен байқалады: «Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар, Құлағын біреу салмас, біреу салар». Лексикалық және грамматикалық өзара байланысу арқылы жасалған  образ – поэтикалық экспрессияның қайнар көзі.

Осы шақ өткен шақтың мағынасында (оқиға, хабарлау) сипаттап отырған оқиғаны сөйлеу алдында психологиялық тұрғыдан жақындатады. Бұл – ауызекі тілде жиі кездесетін қарапайым құбылыс. Мысалы: «Кеше көршіме кіріп шыққанмын. Байқаймын, өткендегі оқиғадан ба, ауыр ойдан әлі де арыла алмай жүр».

4.2 «Синтаксистің экспрессивтік стилистикалық қызметі». Сөздер, элементтік номинация құралы болуымен байланысты ауыспалы мағынада қолданылатыны сияқты, айтылымдар да (сөйлемдер) күрделі түрдегі номинация бірлігі бола отырып, екінші қабаттағы мағынаға ие бола алады. Мұнда «тіл тұтастығына сай келетін форма мен мазмұн арасындағы қозғалысты қатынас орын алады». Ойдың күшейтіліп, мәнерлі түрде айтылуы сөйлемнің экспрессивтілігі деп аталады. Сөйлем-айтылымдардағы экспрессивтіліктің мынадай синтаксистік берілу жолдары бар: сөйлеу тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын құбылту арқылы сөйлемге экспрессивтік мағына беру; бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына қосу; баяндауыштың І жақтық жіктік жалғауын -мен, -бен, -пен түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын экспрессивті ету; сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем түрімен ауыстырып айту арқылы экспрессивті мағына үстеу; сөйлемнің етістік баяндауышын қайталап екі рет айту да немесе есім, етістік баяндауыштардың алды-артына олардың мағыналарын күшейтетін сөз қою арқылы экспресивтікті күшейту.

Синтаксистік құрылымдардың синонимиясына  трансформациялану құбылысы негіз болады. М.Серғалиев синтаксистегі «трансформациялық дегеніміз – белгілі бір морфологиялық құрылымда келген конструкцияны өзімен мазмұндас екінші бір конструкцияға айналдыру»,- деп тұжырымдайды [27]. Грамматикалық стилистиканың экспрессивтік стилистикалық құрылымдары сөздердің лексика-грамматикалық сипаты мен синтаксистік тіркесімдік қасиет-сапаларының сөйлеудегі қолданымдық ерекшеліктеріне байланысты анықталады. Эллипсис – сөйлеу үстінде түсіріліп айтылатын, бірақ мәтін арқылы қалпына келтіруге болатын элемент. Эллипс сөйлемнің ықшамдылығын, әсерлілігін арттыратын стилистикалық тәсіл ретінде қолданылады.

  Синтаксистің стилистикаға байланысты қарастырылатын маңызды мәселелердің бір шоғырын парентеза құрайды. Ғылымда парентезаны қыстырма сөйлем, қосымша сөйлем, парентетикалық қосылымдар деп анықтайды. Тіл білімі терминдерінің сөздігінде «сөйлемнің құрамына енгізілген, бірақ онымен грамматикалық байланысқа түспейтін, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер» айтылады [19]. Синтаксистік, ырғақтық, әуезділік тәрізді мәнерлілік белгілері поэтикалық экспрессивтілік туғызады. Парантеза  ассоциативті негізде синтаксистік сөздер тізбегіне қосымша ақпарат қосады. Парентетикалық құрылымдар атқаратын қызметінің байлығына қарай экспрессивті стилистиканың өзге құбылыстарынан кем емес. Солардың кейбіреулері мыналар: айтылымның қандай да бір бөлігінің мәнін күшейту, идеяны айқындау,  бағалау хабарламаның әсер ету күшін көбейту т.б.

Осы сияқты лепті сөйлем, қаратпа, сұраулы, атаулы сөйлемдердің де өзіндік экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктерін айтуға болады. Грамматикалық стилистикадағы біртұтас сөйлем аясындағы экспрессивті құрылымдар, инверсия мен жалпылау да өзіндік сипатқа ие. Сегментацияның экспрессивті құрылымдары – парцелляция мен антиципация синтагмалық тізбектің мүшеленуінен жасалады. Қос мүшелі бірлестік болатын сегменттелген құрылымдар, бірінші бөлігі жеке позицияға шығады, ал айтылымның «темасы» деп аталатын екіншісі біріншісі туралы ақпаратқа ие («атаулы тема» немесе «атаулы көрініс» атауы осыдан шығады). Бұл Н.Х.Демисинованың монографиясында [29], Л.П.Борисованың жұмысында қарастырылған. Атаулы тақырып пен атаулы көріністің экспрессивтік синтаксистік құбылысы Л.Е.Майорованың зерттеу жұмысының нысаны болған.

  4.3 Қайталау және оның экспрессивтік стилистикалық қызметі. Әрбір сөйлеу мәнісі өзіндік қайталау элементімен жан-жақты таныла алады. Бірақ кез келген қайталама стилистиканың негізі болып есептелмейді. Тек берілетін, алынатын ақпараттың эмоционалды, экспрессивті және көркем-эстетикалық ерекшелігін жеткізудегі қайталама түрі ғана стилистиканың ерекшелігі бола алады.Жұмыста қайталамалардың түрлері, олардың экспрессивтік стилистикалық қызметі кең түрде талданды.

Бесінші тарау «Функционалдық стилистика мен экспрессивтік стилистиканың бинарлық бірлігі» деп аталып, тіл бірліктерінің экспрессивтік және функционалдық қызметінің байланысы, ортақ заңдылықтары талданды.

5.1 «Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың ара қатынасы». Лингвистикада тіл стилистикасын зерттеудің бағыттарын және соған сәйкес стилистиканың салаларын мынадай бинарлық қарама-қарсы қою әдісі арқылы ажыратып көрсетуге болады: зерттеу нысанына қарай бөлінісі (стилистикалық ресурстар немесе құрылымдық стилистика, иә болмаса экспрессивтік стилистика және функционалды стилистика); тіл мен сөйлеудің дихотомиясына қарай стильдердің бөлінісі (тіл стильдері мен сөйлеу стильдері); тілді зерттеудегі мақсат-міндетіне қарай бөлінісі (теориялық және практикалық); тілдерді өзара салыстыра зерттеу ерекшелігіне қарай бөлінісі (жеке және салыстырмалы немесе контрастивті); темпоралдық салыстыруларға қатысына қарай бөлінісі (синхронды немесе сипаттамалы және диахронды немесе тарихи). Осыған байланысты қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының жалпы стилистикалық жүйедегі орны, соның ішінде функционалды стилистикамен байланысы және қатынасы анықталады. Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың байланысы мен айырмашылығын және бірін-бірі толықтыратын қатынасын ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби жазба тілді, олардың лексикалық, синтаксистік жүйелерін қарама-қарсылық бірлікте алып қарастыру арқылы көз жеткізуге болады. Тілдік узуста ауызекі сөйлеу тілі кітаби жазба тілге қарағанда динамикалы болып келеді де, жаба тілдің дамуының қайнар көзі болып табылады. Ал жазба тіл ауызекі сөйлеу тілі арқылы статикалы сипат алып, оны өз тарапынан нормаға түсіріп отырады. Осы процесте ауызекі сөйлеу тілінің табиғатына тән экспрессивтілік пен кітаби тілдің табиғатына тән функционалдылық диалектикалық қатынаста танылады.

5.2 «Тілдік жағдай және оның қазіргі қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесінің дамуына әсері». Функционалды стилдің жүйесінде тілдік қолданыстардың шынайы сипаты көрінеді. Сондықтан да тілдің стильдік  бөлінуі оның қоғамдық функциясы мен коммуникативтік қолданысы арқылы  шешіледі. Сонымен қатар ол функциялардың ерекшеліктері мен салалары тілдік құралдардың бөлінуіне де әсер ететін айқындап отыру керек.

Функционалды стилистика категорияларында қоғамда қалыптасқан тілдік жағдайға байланысты бекітіледі. Тілдің қоғамда қолданылу формаларының белгілі бір қоғамға сәйкес жүзеге асырылуы қажеттілікке және әрекет түрлеріне де байланысты болады. Қазіргі кездегі Қазақстанда қалыптасқан тілдік жағдайда қазақ тілінің өзінің қоғамдағы әлеуметтік функциясында өзгерістер болып жатқаны белгілі. Сонымен қатар қазақ тілі өзінің әлеуметтік функциясын әлі де болса толық орындап отырмағаны да белгілі. Сондықтан болар бүгінгі күні қазақ тілінің ресми-іскери формасы әлі қалыптасып жатыр деуге болады. Осындай тілдік жағдайда тілдік құзіреттілік пен тәжірибенің әртүрлі типтері қалыптасып жатыр.

Қазіргі кездегі қазақ тілінің толық қолданылатын  қоғамдық өмір саласы әр түрлі. Б.Хасановтың айтуы бойынша, қазақ тілі 15 негізгі және 57 кіші салаларда қолданылады. Бүгінгі күні іс қағаздарын жүргізу саласына мемлекеттік тілдің қарқынды енгізілуі қазақ тілінің ресми-іскери стилін дамытуға үлкен мүмкіншілік туғызып отырғанын да атап өткен жөн. Бірақ орыс тілінің елімізде әлі де болса, өзі позициясын бермеуі қазақ тілінің өмірдің маңызды салаларындағы функциясына кеңейтуге жағдай туғызбай отыр. Осы қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы функционалдық шекаралар бүгінгі күні анық белгіленіп отыр. Д.Н.Шмелевтің «В условиях двуязычия ситуация и тема разговора могут вызвать переход от одного языка к другому» деп айтуы бойынша, тілдік коммуникацияның жүзеге асуында түрлі және стилистикалық қызық құбылыстар пайда болуы мүмкін. Екі тілдің функциональдық қырынан өзара қарым-қатынасы тіл мәдениеті қырынан назар аударуды да қажет етеді.

5.3 «Ауызекі сөйлеу тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Функционалды стилистикада дау тудыратын көптеген мәселелер бар екені сөзсіз. Ғалымдар көркем сөйлеудегі лингвостилистиканың статусы қандай, функционалды стильді бөліп қарастырудың критерийлері қандай, сөйлеу стилі мен тіл стилін бөлу қаншалықты дұрыс, сөйлеу типтері, сөйлеудің функциональды нұсқалары (типтер, түрлер), тілдің, сөйлеудің функционалды стильдері, сөйлеу стильдері, регистрлер т.с.с. Тұжырымдар мен пікірлердің көптігіне байланысты бір ғана ғылыми жұмыс ішінде олардың барлығын қарастыру  мүмкін емес.

Ауызекі сөйлеу – жалпы ұлттық тілдің еркін қарым-қатынаста кодталған кітаби сөйлеумен қарама-қарсы қойылған жағдайда қолданылатын функционалды түрі. Ауызекі сөйлеу стилі көбіне ауызша-диалогты формада жүзеге асады. Бірақ ол жазбаша мәтіннің ауызекі сөйлеу белгілеріне тән емес деп айтуға болмайды. Ауызекі сөйлеу ерекшелігі әдетте тұрмыстық жағдайда, диалог құрғанда және көркем сөз шығармашылығында қолданылады. Функционалды стилистиканың шегі мен мазмұнын айқындаушы тұжырымдарды  анықтауға болады: бірі-біріне қарама-қарсы қойылған және өзара диалектикалық әрекетте болатын ауызекі сөйлеу мен кітаби дәстүрлі тілдік қолдануда жалпыұлттық тілде функционалдық жоспарда екі кіші жүйе бөлінеді: ауызекі сөйлеу және кітаби. Тілдің әртүрлі функционалдық реңктерде болатыны, адам іс-әрекеті осы әрекетті жүзеге асырушы құрал ретінде тілді қолданатыны, «тіл жүйелердің жүйесі» формуласын «Тіл функционалдық стильдердің жүйесі» деп айтуға болатыны көптеген тілдер материалдарымен дәлелденіп, көрсетілген.

Сөйлеудің екі түрін қарама-қарсы қою барлық дамыған әдеби тілдерде болады. Осыған байланысты функционалды-стилистикалық саралау үдерісі әр түрлі тілдерде бірдей жүреді деуге болады. Бұл – тілдің әлеуметтік табиғатын  және ауқымды түрде стильдердің экстралингвистикалық шартталатынын дәлелдейтін бір дерек. Қорытындылай келе, мынадай тұжырым айтуға болады: белгілі бір тілдің функционалды-стилистикалық бөлінуі нақты бір тарихи кезеңде құрылуына қарамастан, оған тән сипаты мен іргелі белгісі ретінде кітаби және ауызекі сөйлеудің бірі біріне қарама-қарсы қоятын қасиеті айқын көрініп тұрады. Тілді зертетушілер бірқолдан өзге функционалдық типтерде белгіленбеген ауызекі сөйлеу жүйесіндегі мына экстралингвистикалық стиль түзуші факторларды атайды: шартталған ситаутивтілік, дайындалмағандық, қарым қатынастың бейресмилігі, нақты адресатқа бағытталғаны. Сонымен қатар жалпы лингвистикалық белгілерде белгіленіп көрсетіледі: акцентуация мен интонация құралдарының жоғары белсенділігі; айтылымның рема – темалық (тема үнемі түсіп қалады) ұйымдастырылуы бұзылатын имплициттік; вербальды емес құралдың белсенділігі; нақты лексиканың көп болуы; есімдіктердің белсенділігі; сөйлемдердің толық құрылымдығының болмауы; сөз тудырудың ерекше модельдері; демеуліктердің, одағайлардың, модаль сөздердің, жалқы есімдердің белсенділігі; фразелогизмдердің, мақал-мәтелдердің кең қолданылуы; лепті және сұраулы сөйлемдердің жиі қолданылуы т.б.

5.4 «Қазақ кітаби жазба тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктері». Кітаби сөз ауызекі-тұрмыстық сөзден өзінің мазмұны бойынша да ерекшеленеді. Егер де ауызша сөйлеуде тұрмыстық күнбе-күнгі

 

тақырыптарға байланысты әңгімелер өзек болса, кітаби-жазба сөйлеуде «жоғары материя» туралы айтылады: талдауға бағытталған ақпараттар, абстрактілі тақырыптардағы ой-толғаулар, деректерді салыстыру және оларға шолу жасау, үдерістер мен заңдылықтарды талдау т.б. қарастырылады.

Кітаби сөйлеудің лексика-стилистикалық өзіндік ерекшелігі, біріншіден, онда қолданылатын экспрессивті коннотация жағынан бейтарап тілдік айтылым құралдарының қолданылуымен айқындалады. Кітаби мәтіндердің типтендірілген түрлерінде терминология мен арнайы фразелогиялардың конуструктивті рөлі зор.  Лексиканың бұл қабаты (пласты) функционалды-стилистикалық коннотациялармен сипатталады. Олар осыған сәйкес мәтіндердің табиғи құраушылары болып табылатындықтан арнайы мәтіндер аясында үнемі қолдануының бұзылуына әкелмейтінін көрсетеді. Мұндай мәтіндерді қабылдаудың автоматтануы жаңа терминнің пайда болуымен, бар терминнің дәстүрлі емес жағдайда қолданылуымен бұзылады. Кітаби сөйлеудің өзіне тән ерекшелігі ретінде абстрактілі семантикадағы зат есімдердің көп болуын атауға   болады.

Осы айтылғандардың барлығы  кітаби сөйлеудің объективті стилистикалық белгісі ретінде ерекше реңкін көрсетеді.

Кітаби-жазба сөйлеудің жалпы типологиялық белгісі – ауызекі сөйлеуге қарағанда, коммуникативтік бірліктердің тиянақтылығы және сәйкестілігі әлдеқайда жоғары. Осылардың арқасында мәтіннің тақырыптық – мәндік, коммуникативтік және құрылымдық бірлігі қамтамасыз етіледі. Бұлардың барлығы адамның өрелік қызметінде қолданылатын құрал ретінде қолданылуының ең қажетті шарты болып табылады.

Экспрессивті синтаксистің құралдары кітаби сөйлеудің белгілі бір типтерін  стилистикалық құруға тән емес. Экспрессивті интонациялар мұндай мәтіндерде тақырыптық-заттық ақпаратттың түсінілуі мен қабылдануына кедергі болып табылады. Эмоционалды-экспрессивті бояулар тұрғысынан кейбір құбылыстар (риторикалық сұрақ, параллельді синтаксистік конструкциялар, қайталаулар, инверсиялар т.с.с.) ерекше болмауы да мүмкін. Мұндай құралдардың коммуникативтік функционалды қолданылуы классикалық типтегі кітаби сөйлеуде мәтіннің мағыналық мәнерін күшейтіп, сөйлеу қарым-қатынасының тақырыптық-денотативтік компонентіне назар аудартатыны да анық.

Кітаби-жазба сөйлеу синтаксисіне тән белгі – стилистикалық бейтараптылық сөздердің және бөлек синтаксистік топтардың орын тәртібінің көрінуі. Мысалы, анықтаушы сөздің анықталып тұрған сөздің алдына қойылуы, бастауыштың баяндауыштан бұрын келуі. Жалпы сөйлем мүшелері синтаксистік қозғауларсыз және соларға байланысты экспрессивті-прагматикалық бояудың болмауын жібермеусіз өтеді.

Айтылымның актуальды бөлінуі (тема-ремалық ұйымдастыру) сөздердің орын тәртібі арқылы көрінеді. Кітаби сөйлеудің реманы темадан кейін қойылды, ал ауызекі сөйлеуде айтылымдардың экспрессивті реңкін күшейту үшін стилистикалық инверсияларға жүгінеді. Кітаби сөйлеудегі маңызды құрылымдық ерекшелік – онда санамалап айтылатын қатарлардың болуы. Оларда белгілі бір логикамен орналастырылған бірыңғай мүшелер болады. Мұндай синтаксистік құрулар хабарлаудың толықтығын және жинақылығын көрсетеді.

Алтыншы тарау «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мәдени  ұлттық аспектісі» деп аталып, қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының ұлттық мәдени негіздері мен тілдегі ұлт болмысы танымының көрінісін талдауға арналған. Экспрессивтілік тіл мәдениетінде сөздің коммуникативтік қатысымдық сапаларын құраушы компонент ретінде анықталады.

6.1 «Экспрессивтік стилистиканы қалыптастырудағы ұлттық лингвомәдени  концепті». Тіл – ойды жеткізудің негізгі құралы болуымен қатар, рухани құндылықтарды танып білудің, ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі. «Ұлттық өзіндік сана басқалардан бөлектенетін, өз өмірі көріністерінің бейнеленуі; өзіндік сала этнонимі (өз атауы) діл, ұлттық мінез-құлық, дүниетанымдық т.б. рухани жүйелер тарихы, халықтың білім бастаулары т.б. тығыз байланысты болып келеді [30, 91 б.].

Әдетте ұлт-тіл-мәдениет ұғымдары ажырамас бірлікте қарастырылады. Себебі ұлтсыз тіл-тілсіз ұлт болмайды. Негізінен алғанда ұлт – ортақ төл мәдениетті қалыптастыратын әлеуметтік бірлестік деп анықталса, ұлтттық тіл – халықтың ауызекі және жазба түрде ұлттық қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын әлеуметтік тарихи категория [31, 22]. Олай болса, тіліміздегі сөздер мен қолданыстағы ұғымдардың экспрессивтік-стилистикалық сипаты бүкіл ұлттық дүниетанымның ауқымды көрсеткіші бола алады. Себебі тіліміздегі көптеген сөздер белгілі бір стильдік қабатты құрайды. Бұл тұжырымды  белгілі ғалым І.Кеңесбаевтың «Стиль өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыратын дүние десе де болады» деген пікірі нақтылай түседі [32, 73 б.].

Экспрессивті стилистика тұрғысынан қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін танытудың мәні мен маңызы зор. Таным теориясында оның негізгі құраушы элементі – танымдық факторды жан-жақты игерту мәселесі көзделген. Ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінің әлемдік өркениеттер диалогында танылуы тілге тікелей қатысты. Қазақ халқының төл мәдениетінің қай түрін алсақ та, оның мазмұны тіл, сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жеткізіліп, экспрессивтілік қызметі айқындалады.

Ұлттық-мәдени ерекшеліктердің тіл арқылы танылуы, қазақ тіл білімінде ғылыми зерделеніп, жүйелену мәселелері өткен ғасырдын сексенінші жылдарынан нақты қолға алына бастады. Тіліміздегі «тіл және мәдениет» мәселелеріне байланысты сабақтастық жөніндегі ғылыми зерделенген тұжырымдар арқылы ғасырдың соңғы жиырма жылында зерттеу мәдени ұлттық тұрғыдан зерделеніп жүйелене бастады. Тілдің мәдени қырынан талдануы жөніндегі алғашқы тұжырымдар  қазақ тіл білімінде  академик Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, М.Балақаев, М.Серғалиев, Ө.Айтбаев, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Н.Уәлиев, Б.Шалабай, Ф.Оразбаева, С.Сатенова, Б.Момынова, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Г.Қосымова, Б.Қасым, М.Атабаева т.б. еңбектерінде ұсынылады.

Елтанымдық зерттеудің басты мақсаты – мәдени ұлттық-танымдық сипаттағы ерекшеліктерді тарихпен, әлеуметтік, мәдени сабақтастық негізінде тіл арқылы, тек тілі арқылы таныту болады.

Мәдени-ұлттық  таным рухани қасиеттерден құралып, тіл арқылы, сөйлеу мәдениеті арқылы жүзеге асырылып отырған. Мәселен, қазіргі зерттеу еңбектерде  шаршы топ алдында тілдің экспрессивті қызметін таныту, тыңдата білу мәдениет түсінігімен үндеседі.

6.2 «Ұлттық менталитеттің экспрессивтік стилистикадағы көрінісі». Тілдік экспрессия жасауда  дін, менталитет ұғымы белгілі бір ұлттың бойында ғасырлар бойы қалыптасып, әлемді қабылдауын көрсететін ұлттық дүниетанымдылық құндылықтарының жүйесі. 

 «Діл – мәдени бірегейленумен және тұлғаның өзін-өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты. Діл әртүрлі адамдардың дүниедегі заттар мен құбылыстардың біркелкі таңбалар мен рәміздер арқылы бейнелей алу қабілетімен ерекшеленді [34, 321 б.]. Аталған құндылықтар қатарында әр ұлттың өзіне тән қастерлейтін ұғымдары болады, олар ортақ табиғи ортада қалыптасу негізінде мәдени-ұлттық танымдармен тікелей байланыста қарастырылып тіл арқылы көрініс тауып отырады.

Қазақ ұлты діліндегі ерекшелік «сөз» қадірін «сөзге тоқтау», арқылы білдірген. «Сөз өнері» айрықша бағалап, оны күнделікті тұрмыста жүйелі қолдана білген. Сөз қоғам өмірімен ажырамас бірлікте қарастырылып, ағайын туыс, үлкенді құрметтеу, қонақ күту т.б. қатар «ер адам», «әйел адам», «бала, мал шаруашылығы» сияқты толып жатқан сөзді экспрессивті тұрғыдан қолданудың биік үлгісі қамтылып отырған. Мысалы: Қазақ халқы өмірін мал шаруашылығымен етене байланыстырып, төрт түлік малдың байлықтың басы санап, берекенің белгісі ретінде ұсталған. Осыған орай қазақ тілінде экспрессивті бояу-реңкі өте жоғары лексикалық-фразеологиялық тіркестер қалыптасқан. Олардың басым көпшілігі жағымды мәнді білдіреді. Оларға: құлын мүсінді, бота көз – сұлулық символын білдірсе, ата-ана баласын еркелеткенде, қоңыр қозым, жәудіреген ботақаным, «құлыным» т.б. жағымды мәндегі бейнелі тіркестерін,  жағымсыз мәнде «иттің баласы» сияқты реңктердегі тіркестерді жатқызуға болады. Мұнда қолданылатын сөздер ерекше, олардың экспрессивтік стилистикалық бояуы кең, бай және әртүрлі болып келеді. Олардың тілдегі көрнісінде көп айшықты сөздермен өрнектелетін тіркесімдер өте мол. Жақсы көру, жек көру, сүйіспеншілік, махаббат, қоштасу, амандасу т.б. көптеген тұрмыс-салтпен, дәстүрлермен тығыз бірлікте ұштастырылатын адам өмірінің толық кезеңін қамтитын шілдехана, ұзату тойы, өлім-жітім т.б. сияқты қатынастар жүйесінің қоғамда әбден орныққан  түрлерінің барлығы дерлік ерекше әсер беретін, эмоционалды бояуы жағынан көтеріңкі салтанаттылықты немесе мысқылды білдіретін реңке ие болып келеді.

Қазақ халқының бүкіл өмірін қамтитын мәдени-ұлттық құндылықтарды бейнелейтін мысалдар сансыз көп. Олардың барлығында дерлік қазақ ұлтына тән ғана қасиеттер талданып көрініс алған. Мұндағы сөздің бейне-бедерін арттырып тұрған тілдік-тұлға-бірліктердің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдануда қатаң тәуелділік бар. Өйткені белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдардың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі. Даму барысында бояу-реңктер бірте-бірте тілдік тұлға бірліктердің мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айналып, экспрессивтілік мәнге ие болады.

  Қазақ халқының ең маңызды мәдени ұлттық ерекшеліктерінің бірі жан-жақты дамыған дәстүрлі мәдениет үлгілеріндегі дағдылы ұлттық рәсімдерінде ұлттық менталитет тұтастай қамтылады. Мұндағы әрбір мағыналы ақпарат беретін қалыптасқан дүниетаным, ұлт ерекшелігін көрсетеді. Осындай ұлттық мәдени ерекшеліктер негізі әмбебаптық сипат алып, көптеген пәндермен тығыз байланыста қарастырылады. Мәселен, қазақ мәдениеті көшпелі халықтың жүріп өткен жолы – тарихымен, жер жағдайы – географиямен, дүниетанымы – философиямен, ойлау жүйесі – психологиямен, өнері – әдебиетпен т.б.  сабақтастырылып, рухани байлығы өмір сүруі барысындағы ұлттық тұрмыс салты, дәстүрімен бірге танылатын таным шығармалары, сөз өнері, өлеңдері т.с.с. ұштастырылады.

Тіл зерттелген сайын оның жаңа қырлары да кеңінен ашыла түсуде. Бұл тіл біліміндегі ғылыми бағыттардың жанданып, жаңаруына негіз болады. Соның бір саласы  гендерлік лингвистика болып табылады. Гендерлік лингвистиканың негізі – тілдік қатынастағы әйел тілі мен ерлердің тіліндегі ерекшеліктерді лингвистикалық тұрғыдан талдау. Гендерлік зерттеулердің негізін салушы зерттеушілер А.В.Кирилина, А.П.Мартынюк, Е.А.Земская, Н.Н.Розановалар [35]. Қазақ тіл білімінде де ғалымдар әйел тілі мәселесіне назар   аударған.   Әйелдер  тілінің  ерекшелігі  біздің  тілімізге енген жаңа құбылыс емес, ол тілдік қолданыста бұрыннан өмір сүріп келе жатқан экспрессивті тілдік категория деп танимыз. Ғалым Б.Хасанов өз еңбегінде: «Ескі әдет-ғұрып бойынша келіндер қайын ата, қайын інілерінің атын дәл атай алмайды, басқашалап келтіреді. Мұндай әдет-дәстүр түркі халықтарында ертеректен бар». Мысалы: Сылдырманың ар жағында, сылдырманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр екен, жанаманы білемеге білеп-білеп жіберіп бауыздап келдім, -  депті бір келіншек қайын енесіне... [36, 47 б.].

Қазақ тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізі болатын бірліктер біздің тілімізде бұрыннан өмір сүріп келе жатқан тілдік құбылыс деп білеміз. Мұндай тілдегі болып жатқан құбылыстар мен заңдылықтардың әйел және ер адамның сөйлеу тілінен психологиялық жай-күйінен көрініс алуы жұмыста мысалдармен дәлелденеді.

6.3 «Қазақ  ақыл-ой өрісінің экспрессивтік стилистикадағы рөлі». Мәдени-ұлттық таным мен ұлт тілінің біртұтастығы – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейне, болмыстың ұғымдық белгілерімен тоғысады.  Кез келген ұлт өкілдерінің көзқарасы мен менталитеті, өзіндік дүниетанымы т.б. тілде бейнеленіп, тілде сақталатынына жұмыста жүйелі талдау жасалды. Ана тілі ежелден келе жатқан тарихи мәдени-ұлттық танымды жеткізу қызметімен ерекшеленеді. Әдетте халықтың дүниетанымы тіл арқылы жеткізіліп, қоғамдық өмірмен, мәдени дамумен тығыз байланыста қарастырылады. Мысалы: сөз өнерін айрықша бағалаған  қазақ халқы үшін «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», сөздің қасиеті де салыстырусыз биік. Тіл – замана ағымы негізінде түзілген таным, халықтың өмір сүру тәсілінің, әдет-ғұрпының, дәстүрінің, мінезінің, жалпы болмысының көрінісі. Зерттеу еңбектерінде анықталғандай, ол – өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, ықшамдап жеткізетін, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтың бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі. Оның мазмұны терең, тақырып аясы өте кең. Мақал-мәтелдер көбіне өлең үлгісінде, кейде қара сөзбен де айтылады. Мысалы: «Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без», «Етігін шешпей ер шыңаймас», «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты жерге бақ тұрар» ассонансқа, аллитерацияға құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылып, стильдік тұрғыдан экспресивті қызмет атқарады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіріп, бейнелеу құралдары арқылы жүзеге асырылады. Мысалы: «Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар», «Ырысқа қарай ұл өсер, қонысқа қарай мал өсер», «Ел – ырыстың орманы, ер – ырыстың қорғаны» т.б. мақалдарда әртүрлі әлеуметтік мәдени-ұлттық көріністер факторларды баяндаудағы тілдік қордың байлығы, өрнекті сөздер табиғаты, негізінде экспрессивтік байланыс анықталып, ұғымның образды қабылдануы көрінеді.

Мәтел – негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, қорытындысы тұспалды, мақалға өте жақын. Мысалы: «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады», «Қаңбақтан қашсаң – дөңбекке жолығасың». Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылып, бейнелеуді білдіреді.

Мақал-мәтелдер ойды жандандырып, өткірлік, ұлттық сипаттағы экспрессивтік стильдік мәні ерекше құрал болып табылады. Мақал – мәтелдерді орынды, дұрыс қолдану сөз өрнегіндегі шеберліке баулитын әсем өрнек. Халық даналығы мақалдар мен мәтелдерді мол қолданды, бұл тілімізде экспрессивтік стилдік ерекшелікті қалыптастырудың негізі болды.

Мақал-мәтелдер сөйлесу тілін де, жазу тілін де жандандырады.

Қазіргі таңда дәстүр мен халық даналығының қайнар көзін танымның дүниетанымдық табиғатымен үйлестіру, сол арқылы қазақ тілінің болашағын айғақтауға, өркениетті елдің мәдени-рухани мүмкіндігін арттыруға әсер етері сөзсіз.

Мақал-мәтелдердің құрылымын жаңа ғасыр баспалдағында мәдени-ұлттық үрдісте зерттеудің қажеттілігі тіл мен ойлау арақатынасын жаңа қырынан тануға, халықтың танымдық ой-өрістік деңгейінің құпиясына терең үңілуді қажет етеді. Бұл қазақ тіл біліміндегі мақал-мәтелдердің экспрессивтік қызметін психолингвистикалық  аспектіде зерттеу арқылы адам психологиялық қабылдауына  нақты талдау жасауға, оның өзіндік ерекшелігін жаңа қырынан тануға жетелейді.

Жиынтығы тілде мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің тілдік экспрессивтік табиғаты айрықша.

Мақал-мәтелдер – халықтың рухани-эстетикалық, көркемдік қазынасы. Олардағы тілдік құралдармен берілетін экспрессия мен эмоцияның мынадай негізгі белгісін атап көрсетуге болады: эмоция – адамның тіршілік жағдайына қанағаттануы мен қанағаттанбауынан туатын психологиялық күй, экспрессия – соның айшығы, тіл арқылы бедерлі өрнектеліп бейнеленген көрінісі; -адам ойындағы психологиялық процестерді сипаттайтын экспрессивті мәнді қолданыстар, нақты айтқанда, мақал-мәтелдер және қанатты сөздер функционалды-семантикалық жинақтық құрайтын күрделі жүйе және ол ықшамдық, дәлдік, әсерлілік принциптерін басшылыққа алады. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердегі экспрессия мен эмоцияның тілдік құралдар арқылы берілетін эмоционалдық реңкі мағынасы терең, халыққа ұғынықты. Мақал-мәтелдерге тән экспрессивтік тілдік оған эмоционалдық реңк үстемелейді. Экспрессия мен эмоцияны білдіретін тілдік құралдар – адам бойындағы  жеру, жирену, жек көру, күйіну, сүйсіну, армандау т.б. тәрізді сезім күйлерін сипаттайтын психолингвистикалық  құрылымдар болып келеді. Экспрессия мен эмоцияны білдіретін тілдік құралдар – адам бойындағы  жеру, жирену, жек көру, күйіну, сүйсіну, армандау т.б. тәрізді сезім күйлерін сипаттайтын психолингвистикалық  құрылымдар болып келеді.

«Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» дегенде даналық пен парасаттылықтан туындаған терең ой бүгінгі ұрпаққа ерекше бояу-нақышымен өзгертілмей жетіп, өнеге беруде танытып, экспрессия тудырып тұр. Мұндай жағымды, жағымсыз қасиеттер, олардың бір-бірімен қақтығыстары нәтижесі өрнекті сөз арқылы жүзеге асырылады. Мұндай талдаулар қатарларын көптеп тізе беруге болады.

Мақал-мәтелдер өзінің мазмұны жағынан халық өмірінің әр түрлі саласынан дерек беретіні, әр түрлі тақырыпта айтылатыны белгілі. Ұлттық сипаттағы шығармаларда қазақтың өмірі. тұрмысы, әдет-ғұрпы т.б. түрлі тақырыптар қозғалады, көркемділікпен, экспрессивтік тұрғыдан суреттеледі.

 Мақал-мәтелдердің экспрессивті стилистика тұрғысынан қолдану ерекшеліктері әрқашан өз белсенділігін, өзектілігін жоймайды.

Ол ұлттық менталитет ерекшелігінің негізінде қалыптасып, көріктеу, әсерлеу жағынан шығарма тіліне мәдени ұлттық сипат береді. Мақал-мәтелдер өзіндік ерекшеліктермен тілдік қолданыста бейнелілігін, мәнерлілігін, өткірлігін де ұштай түсетін тілдік құрал болып табылады.

6.4 «Ауыз әдебиеті үлгілерінде қалыптасқан экспрессивтік стилистиканың құралдары мен тәсілдері». Экспрессивтік стилистиканы қалыптастырудағы ауыз әдебиеті үлгілерінің мән-маңызы ерекше. Мәдени-ұлттық  шығармашылықтың өзекті саласы болып табылатын ауыз әдебиеті ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем әдеби туындылардың жиынтығы ретінде айрықша экспрессивті қызмет атқарады.

Қазақ халқы негізінен сөз өнерін ұлттың өзіндік белгісі ретінде таныта білген. Ұрпақтан ұрпаққа діл арқылы, тіл арқылы жеткізіліп келе жатқан халық шығармашылығы, халық поэзиясы бүгінде ұлт тарихын баяндайтын еңбектерде толығымен көрініс алып, ұрпақ тәрбиелеуде, тіл мәдениетін дамытуда, тіл мен әдебиет туындыларын зерттеудегі ғылымның қайнар көзіне айналып отыр. Себебі ауыз әдебиеті халықпен бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенім, сондай-ақ түрлі көркемөнерді (поэзия, музыка, би, ою-өрнек, тоқыма өнері т.б.) толығымен қамти отырып, тілдік тұрғыдан жан-жақты сипаттайтыны жөнінде зерттеу еңбектерде кеңінен айтылып жүр. Әсіресе, ертегі, тарихи жырлар, батырлар жыры, дастандар, айтыс өнерінің экспрессивтілік құралдары тілдің қолданыс аясын кеңейтуде өз орнымен ерекшеленеді.

Халықтың тарихы мен мәдени өмірін сипаттайтын экспрессивті сөздер мен тіркестерді таныту қолданыстағы мағынасын анықтауды қажет етеді. Осы орайда қазақтың сөз өнеріндегі мәдениетін тіл арқылы анықтап, келер ұрпаққа жеткізу – төл тіліміздің ерекшелігін таныту болмақ. Тіліміздегі экспрессивті қолданыстар ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы деп танылса, қазір де экспрессивті қолданыстар тілімізде белсенді қолданылып, көркем әдебиетте, ауызекі тілде, диалектілік лексикада, мақал-мәтелдерде т.б. жиі кездесіп, өзіндік сөз өрнектерімен айшықталады.

Көшпелі қоғам мәдениетінде тыңдаушысын тәнті еткен өлең, жырлар өте көп. Экспрессивтілік белгілері бойынша өте жоғары бағаланған. Мысалы:  Қайратқа мінген Қабанбай, Садақ  жетер жерлерді Тартып кетіп барады, Қырып кетіп барады «Қобыланды жырынан». Қазақ ауыз әдебиетінің көне жанры – «Батырлар жыры» – экспрессивті лексиканың кені. Өйткені осы жырларда әр ғасырдың тарихи-әлеуметтік жағдайы, ата-бабаларымыздың елдік, ерлік салты, мәдени-рухани ғұрпы, тағдыры айрықша сөз өрнектерімен берілген. Мұны зерттеушілер: «Батырлар жыры қазақ мәдениеті мен дүниетанымының энциклопедиясы»,- деп тұжырымдап, тарих пен мәдени өмірінің көне дәуірдегі белестерін бүгінде қазіргі ұрпаққа тек ауыз әдебиеті мұралары ғана жеткізе алатынын көрсетеді.

Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағы­нан сан алуан. Олар тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім, т.б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирик, өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер. Жұмбақтар, айтыс,  шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар… т.б. Бұлардың негізгі құралы – экспрессивті сөз. Сондықтан ауыз әдебиеті, ең алдымен, сөз өнері. Ауыз әдебиетіне жататын шығармалардың көркемдік, эстетикалық қызметі, тәрбиелік мәні, негізінен, бейнелі экспрессивті сөзге негізделген. Соның бірі – шешендік сөздер.

Мақал-мәтелдердің экспрессивті стилистика тұрғысынан қолдану ерекшеліктері әрқашан өз белсенділігін, өзектілігін жоймайды.

Ол ұлттық менталитет ерекшелігінің негізінде қалыптасып, көріктеу, әсерлеу жағынан шығарма тіліне мәдени ұлттық сипат береді. Мақал-мәтелдер өзіндік ерекшеліктерімен тілдік қолданыста бейнелілігін, мәнерлілігін, өткірлігін ұштай түсетін тілдік құрал болып табылады.

Халық ауыз әдебиетінің үлгілерінен ұлттық болмыстың әрқилы сипатын экспрессивті сөз өрнектері арқылы тануға болады. Бұл тұрғыда ұлттық болмыстың нышандарын танытатын тіл деректерінің ана тілі құндылықтарын тілші-ғалым, академик Р.Сыздық өз еңбектерінде жан-жақты талдап көрсеткен. Автор бұл жөнінде:  «Қазақтың бай ауыз әдебиеті мен өткен ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың тілінде, жырларда ескі тұрмыс- салтқа байланысты сөздер мен сөз тіркестерінің кездесуі табиғи құбылыс. Сондай сөз тіркестерінің сырын біліп, қолданылған жердегі мағынасын түсіндіру, олардың түп-төркінін танып отыру қажет»,- деп көрсетеді [25, 51].

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  50  51  52  53  54  55  56  57