ҚАЗАҚ   ТІЛІ  ЖАЙЛЫ АЙТУЛЫ ОЙЛАР

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 5

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  ..

 

ІНЖУ-МАРЖАН

 

ҚАЗАҚ   ТІЛІ  ЖАЙЛЫ АЙТУЛЫ ОЙЛАР

 

Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім...

         

Радлов В.В. /ресейлік шығыс зерттеушісі/. Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.

Мелиоранский П.М. /1868 – 1906, шығыс зерттеушісі, профессор/. Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таниды.

Ильинский Н.И. /1822-1892, Қазан университеті, профессор/. Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым.

Бенцинг И. /түркітанушы/. Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі.

Малов С.В. /орыс ғалымы/. Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын  да, қазір де даңқы шығып жүрген халық.

Саади А. /татар ғалымы/. Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.

Янушкевич А. /поляк журналисі/. Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.

Байтұрсынов А. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат  тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.

Әуезов М. Көген  көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: “Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.

Жұмабаев М.  ... Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.

Оңдасынов Н. Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден  май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте  тоймайсың. Ғашықпын  қазақ тіліне... Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады...

Дулатов М. /“Қазақ тілінің мұңынан” үзінді/. “Мен заманында қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

Мүсірепов Ғ. Қыпшақ мемлекеті жаңа жыл қайырудың ҮІ ғасырында құрылған. Сол кезде оның көркем әдебиетке жататын тілі де бар еді. Мемлекет құрамында оғыз, қарлұқ сияқты әлденеше тайпалар болғанымен, тілі бір ...

Осы жайларды сипаттайтын Орхон-Енисей жазулары былай сөйлейді: «Қытайдың тәтті сөзіне, асыл дүниеліктеріне алданып түркі халқы қырылдық, түркі халқы жойылдық!

Қытай қолында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Біз қағаны бар халық едік. Қайда сол қағанымыз? Енді бұл қорлыққа шыдап отыра бергенше, өзімізді өзіміз құртайық, қырылайық!»

Бұл, әрине, жігерлі жүректің тебіренісі, күреске шақырған ердің айтар сөзі. Сонымен бірге бұл - өскен тілге тән көркем әдебиет тілі. Әрі шешен, әрі көркем сөйлей алатын халықтың тілі. Будандаспаған, сыртқы әсерден таза тіл. ҮІ ғасырда осындай дәрежеге жеткен тілдің түп-тамыры жаңа тіл қайырудың ар жағында, ой жетпес әріде жатпақ.

 

Мұстафин Ғ. Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық.

Қазақтың қара сөзінде көп мән жатыр. Күн шалмайтын қараңғы көңілді сөз шалады. Ендеше, соншалық қуатты да, киелі қаруды қалай болса солай қолдануға болмайды.

Досмұхамедов Х.  Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате.

Айтматов Ш. Қазіргі қазақ тілінен үйренеріміз көп. Мен өз басым жаңа шығарма жазар алдында қазақ әдебиетінің озық туындыларын үңіле оқимын, орайлы атауларды өз шығармаларымда пайдаланып отырамын... туыс тілдегі терминдер баламасын тартынбай кәдемізге асырсақ, қырғыз тіліне олжа саламыз!..

Бельгер Г.  ... Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ қоятыны бар: “Осы қазақ тілі қалай өзі ... бай тіл ме?”. Бір ауыз сөзбен қысқа қайырып: “Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан, сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың  “біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер” деген қағидасын ескеріп, көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін.

Атап айтқанда, жылқы, түйе, сиыр, қойға қатысты неше түрлі сөздерді тізіп шыққаннан кейін тыңдаушыларға жымия бір қарап қойып, “ал, енді бүркітке келейік” деймін. Онсыз да бағанадан бері жағасын ұстауға әзер отырған кісілер: “Бүркіт?!. Ол не тағы?!” деп таңданысады.

Әрине, менің де аңшылық-саятшылықтан білетінім жоқтың қасы. Көбі кітаптан оқып-тоқығаныма негізделген. Бәрінен бұрын баяғы бала кезімде ауылдасым марқұм Әбілмәжін шалдың бүркітті қалай ұстап, баулығанын көрген едім. Сол кезден бүркіт пен бүркітшіге байланысты біраз қазақ сөздері жадымда қалған: мәселен, балапан құс, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көк түбіт, томаға, тұғыр, қан соқта т.с.с.  Ал осы  сөздердің көбінің баламасын орыс және неміс тілдерінде қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де таба алмайсыз. Соған көзі жеткенде, әлгі таныстарым: “Ах, зоо! Вундербар!” немесе “Смотри-ка! Поразительно!” – дейді. Мағынасы қазекемнің “апырай, а!” дегеніне пара-пар.

“...Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді “қиыннан қиыстырар ел данасы” керек. Өз басым осылай түсінемін.

Момышұлы Б. Қазақ тілі  еш уақытта  өзімен көршілес халықтың  тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан айқындалған.

Момышұлы Б. Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері.

Назарбаев Н.Ә. Дауға  салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы - Ана  тіліміз.

Бақытжан Момышұлы.  Бала кезімде, кейін есейе бастағанымда, менің жанымда шешем мен әкем болды, бірақ тіпті екеуінің көзі тірісінде-ақ өзімді жетім сезіне бастадым. Мен жай жетім болып қалғаным жоқ, ана тілін білмейтін, тілсіз кеңістікте қолдан жасалған мылқау күйге түстім. Сөйтіп, әке-шешем шыққан халыққа бөтен саналдым, одан тым алыстап кеттім. Ал өзім баруға талпынған халық мені өзінің туғаны ретінде қабылдай алмады, одан да шеттеп қалдым.

Иә, иә, мен бір кезде бөтен топыраққа  отырғызылған, жапырағынан қалыбы бөлек, діңгегі қисық ағаш болдым. Ал туған топырағым менің қырқылған тамырым - өз халқымның асыл қасиеті мен бал шырынын бойына сіңіре алмайтынына көзі жетіп, күдерін әлдеқашан үзген еді. Ертеректе бір данышпан екі мәдениеттің тоғысқан жерінде құбыжық пайда болады деген екен...

Мен қаладағы асфальт жолдың баласымын. Егер өзімді тағы да ағашпен салыстырар болсам, арықтың жағасында бетондалып тасталған ағаш тәріздімін. Тап жанымнан сылдырлап су ағып жатыр, әттең, одан қанып іше алмаймын. Ана тілім мен мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүрдің, терме-айтыстың дәл қасында тұрсам да шөлімді баса алмаймын. Өйткені біздер – тілсіз жетімдер едік.

Бірде көшеде мені кеудесі орден-медальға толы ақ шашты ардагер тоқтатып, әскери қалашыққа қалай баруға болатынын сұрады. Мен орысша жауап бере бастап едім, сөзімді кілт бөліп, мені тыңдағысы келмейтінін айтты. Мен ренжіп қалып едім, ол зірк ете түсті:

- Әке-шешесін қорлаған, тілсіз жетімек!..

Осы бір көшедегі  әңгімеден кейін мен өзімді екі дүниенің ортасында ұшып-қонып жүрген тұрақсыз пенде ретінде сезіне бастадым. Сол күннен бастап өз ұлтымның мен үшін  сөніп-өшуге айналған халықтың асыл көздеріне оралудың ауыр жолы басталды... Тілді меңгерумен бірге маған қазақ даласының бояуы, туған жердің әуені, өлең-жыры, қазақ әйелінің әдемілігі бірте-бірте буалдыр сағымдай орала берді.

Ең бастысы, өзімді жетім санамайтындай халге жеттім. Қазақстанның кез келген түкпірінде мені бөтен санамайтын болды. Өз халқыммен әрбір жаңадан қауышқан, жүздескен, сырласқан сәттерімде, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын көшеде бақытыма кездескен майдангер ағаға  рахмет айтам. Кім біледі, бәлкім, ол кісі болмағанда, әлі неше жыл адасарымды.

Міне, қазір де арамызда мен сияқты адасып жүрген балалар болса, жоғарыда баяндалған жай сабақ болар деген ойдамын.

 

 

 

 

ҚАСИЕТ ПЕН ҚҰТ ДАРЫТҚАН

АНА ТІЛІ

ТУРАЛЫ ДАНАЛАРДАН

ЖЕТКЕН СӨЗ

 

Тәрбие басы – тіл.

                                                                     М.Қашқари

 

Ана тілінен айырылған адам өз халқы  жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады.

                                                                     Ғ.Мүсірепов

 

Ана тілін білмейтін адам – бір қолы жоқ шолақ адам сияқты.

                                                                     Ғ.Мұстафин

 

Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың.

                                                                     К.Паустовский

 

Тіл жоқ жерде - ұлт жоқ.

                                                                     Ш.Айтматов

 

Білімділіктің ең басты факторы туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады.

                                                                     Г.Гегель

 

Халықтың тіліне қиянат жасау – оның жүрегін жаралау.

                                                                     Г.Лаубе

 

Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек.

                                                                     П.Вяземский

 

Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.

                                                                     Абай

 

Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің  айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі.

                                                                     Ж.Аймауытов

 

Бұл дәуірде, өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес.

                                                                     М.Әуезов

 

Тілдің тірікшіліктегі мәніне қазақ ежелден көңіл бөлген. Сондықтан да “өнер алды- қызыл тіл” дейді.

                                                                     С.Мұқанов

 

Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік.

                                                                     К.Паустовский

 

Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын.

                                                                     Р.Ғамзатов

 

Тіл – ұлттың жан дүниесі.

                                                                     Л.Толстой

 

Қандай да болсын халықтың әдет-ғұрпын үйренгің келсе, алдымен оның тілін үйрен.

                                                                     Пифагор

 

         

 

 

ЖАСАЙ БЕР, АНА ТІЛІМ –

ҚАЗАҚ ТІЛІ!

(Тақырыптық кеш)

                                                                   

Ана тілі бәрінен де биік- ханнан да,      

қарадан да. Саясатшылар келеді,

кетеді, ал ана тілі – мәңгілік.  

Осыны есте ұстайық.                             

Марат Қабанбай.

 

Мақсаты: Оқырмандардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тілін қастерлеуге баулу.

Дайындық кезеңі: Оқырмандарға ана тіліне арналған өлең шумақтары мен әндер жаттап келуге тапсырма беріледі.

Безендірілуі: “Қазақ тілі – болашағым, ертеңім...” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді. 

 

Сахнаға екі бастаушы шығып, М.Қанафияұлының “Жасай бер, ана тілім!” өлеңін оқиды.

 

1-бастаушы:         Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,

                              Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.

                              Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен,

                              Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.

 

2-бастаушы:         Жанымды жадыратқан бала тілім,

                              Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім,

                              Жаралып жермен бірге, күн көзімен,

                              Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.

 

1-бастаушы:         Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,

                              Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.

                              Жиһанкез желмаялы Асан қайғы,

                              Жер-жерге баға берген сынды тілім.

 

2-бастаушы:         Жырлатқан қазақтардың қазақтығын,

                              Жырлатқан елдік, ерлік азаттығын.

                              Жұлдызды құдіреттің туы болған,

                              Жауынгер ана тілім – қазақ тілім.

 

Бірнеше оқырман тіл туралы жазылған қанатты сөздерді оқи отырып, бір-біріне сұрақтар қою арқылы пікір алысады.

 

1-бала: - Мен саған “осы тіл не үшін керек?” деген сұрақты қойғым келіп отыр.

2-бала: - Досым –ау, тіл бір-бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет қой. Апай “Тіл – қарым-қатынас құралы” деп түсіндірді емес пе?

1-бала. - Жарайды, тіл – қарым-қатынас құралы-ақ болсын, онда адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Ана тілі деп бөлгені несі?

3-бала: - Ой, айтқышбегім-ай. Кез келген адамның өз анасы болатыны сияқты дүние жүзіндегі халықтардың да өз анасы, өз тілі, өз Отаны бар емес пе?

4-бала: - Балалар, ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған  өз анамыздың тілі ғой. Ал ана деген – бәрінен қастерлі, аяулы да асыл жан.

5-бала: - Мен сендерге Әли Әпекұлы деген ақынның ана тілі туралы  мына өлеңін оқып берейін:

                              Ана тілім – бала шағым өркенім,

                              Ана тілім – болашағым, ертеңім,

                              Ана тілім – сайын далам, жер, көгім,

                              Ана тілім – арман, ойым, өрнегім.

 

                              Ана тілді білмесем,

                              Шат-шадыман күлмес ем,

                              Жер бетінде сайраңдап,

                              Қазақ болып жүрмес ем.

6-бала: - Керемет екен. Ал  Әбділда Тәжібаев атамыздың мына өлеңі  естеріңде ме?

                              Туған тілім -  тірлігімнің айғағы,

                              Тілім барда айтылар сөз ойдағы

                              Өссе тілім – мен де бірге өсемін,

                              Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.

7-бала: - Ақын апаларымыз да тіл туралы тамаша өлеңдер шығарған.

Тұрсынхан Әбдірахманова деген әрі ғалым, әрі әнші, әрі ақын апамыз былай депті:

                              Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,

                              Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!

                              Тілім барда ғана мынау ғаламның

                              Кілтін табар саналысы сезінем.

                              О, адамдар, қадіріне жетіңдер,

                              Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!

 

8-бала: - Дұрыс-ақ, бірақ кейде өзінің ана тілін  сыйламайтын, білгісі  келмейтіндер де  кездесіп қалады. Олар туралы не айтар едіңдер?

9-бала: - Әрине, адамның  бәрі бірдей емес, түсінігі төмен, білімі таяз  кейбір мәңгүрт жандар болатыны рас, ондайлар жайлы қырғыз ақыны Сарноғаев былай деген:

                              Ана тілін білмеген –

                              Ақылы жоқ желік бас.

                              Ана тілін сүймеген –

                              Халқын сүйіп жарытпас.

10-бала: - Ал халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғ.Мүсірепов атамыз:

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!

11-бала: - Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл ғой.

12-бала: - Иә, иә, оның рас. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған  жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал  1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.

13-бала: - Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы.

14-бала: - Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер  мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз.

Бәрі:            Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!

 

Ә.Тінәлиевтің “Ананың тілі” әні

                   

1-бастаушы: - Ал, балалар, енді “Жалғасын тап” ойынын ойнайық.

Ойынның шарты бойынша мақал-мәтелдің, қанатты сөздердің жалғасын табу керек.

1.       Тіл - адам ойының ... (айнасы)

2.       Аңдамай сөйлеген ... (ауырмай өледі)

3.       Ойнап сөйлесең де... (ойлап сөйле)

4.       Тисе терекке, тимесе ... (бұтаққа)

5.       Айтылған сөз, ... оқпен тең (атылған)

6.       Бал тамған тілден ... тамар (у)

7.       Көп сөз - ... (бос сөз)

8.       Көп сөз - күміс, аз сөз - ... (алтын)

9.       Жасыңда қылжаң болсаң, өскенде ... боласың. (мылжың)

10.     Таза сөйлеу – биік ... (мәдениеттілік)

 

2-бастаушы:    Жанын сап, халқын сүйіп, баққан тілім,

                          Жалықпай құпиялар ашқан тілім.

                          Жаһанның төрт бұрышы түгел танып,

                          Жат жұрттан да достарын тапқан тілім.

 

1-бастаушы:     Бұл жанды тіл – менің азат тілім,

                          Жадымда талмай самғар қанат тілім.

                           Жыр-қуат, сөзі – ана уызындай,

                           Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!

 

2-бастаушы: Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-

бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық!

Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.

Әнұран елді  басқа жерде таныстырушы, сондықтан тіліміз әлемнің түкпір–түкпірінде естілуде. Ендеше, кешімізді Әнұранмен аяқтайық!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  ..