ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

  Главная      Учебники - Право Казахстана     Статьи на казахском языке - часть 5

 поиск по сайту

 

 

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  ..

 

ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕДЕ – зерттеудің ғылыми өзектілігі, қажеттілігі, құндылығы, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, деректік негізі мен методологиясы, жаңалығы, тәжірибелік қолданысы айқындалған. Зерттеу бағыты қазақ шежірелерін тарихи дерек көзі ретінде зерделеу талабынан туындап, оның пайда болуы, алғашқы табиғаты, дамуы, деректік мүмкіндіктері, қолдану тиімділігі, өзгеруі, жеке аспектілері мәселелерінен шыққан. Төрт бөлім болып қаралады. Диссертацияның «ШЕЖІРЕ БАСТАУЛАРЫ: ГЕНЕЗИСІ МЕН ДАМУЫ» атты бірінші бөлімі қазақ шежіресінің тарихи-мәдени шығу тегі мен зерттемелік негіздерін тануға арналған. Ерте дәуір туралы шежірелік мәліметтердің Орталық Азия көшпелілеріне қатысты зерттеулерде қолданылу жайы, сипаты, ықпал белгілері, шежірелерді зерделеудегі методология, ізденіс үшін қажет ілімдер, әдістер туралы нақтылы айтылады.

Шежіре табиғаты мен оның құбылыстық ерекшеліктері "шежіре" сөзінің түпкі мән-мағынасынан туындайды. "Шежіре" сөзін жазба дерек қатарында М. Қашқарида кездестіреміз. Ол: «мен бұл кітапты хикмәт сөздер, сежілер, мақал мәтелдер, өлең-жырлар, режез және нәсір секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен түзіп шықтым» – деп жазады  [33, 31 б.]. Салыстырайық: сежіле (~седжле~седжре) – туркмен халқында;  "шежіле~шежіре" – қазақ ортасында; "шежере" – башқұр тілінде; "шаджара" – татарларда; "санжыра" – қырғызда. Түркі халықтарында "жады" деген сөздің мағынасы "сежіле", "седжре", "шежіре" моңғол халықтары ортасында айтылатын "цээжээр", "чээлинджээр дасх", "шээлинжээр" сияқты сөздерімен түптес. Ал қалмақтарда «шастир» дейді. Бұл туралы зерттеуші В. Санчиров былай жазады: «термин Ŝastir – соответствует маньчжурскому улабун, и китайскому чжуань – "повествование, повесть, история, летопись, хроника, биография, мемуары, комментарий"» [34, 22 б.]. Шежірелер табиғаты ауызекі дәстүр ықпалымен қалыптасқан. Мұнда тарихы жинақылық (лаконизм), астарлы сөз (кодтық ұғым), мегзеу (подоплека)  үлгіде жиі баяндалады. Осы "шежіре" сөзі, сондай-ақ "шешен" сөзімен түбірлес. Тува тілінде ("чечен") «әдемі, көркем» деген қосымша мағыналары бар. Моңғол, бурят-моңғол, қалмақ тілдерінде "цэцэн", "сэсэ(н)", "цэцэ" сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де кездеседі. Қалмақ шежірелерінде Очиртуды Цэцэн хан деп атаған деседі: «Цэцэн хан («Мудрый хан»)» – это его прозвище. Он был старшим сыном Хошутского князя Байбабас батура», - деп жазылады [35, 157 б.]. Моңғол тілінде "сэсэрхүү",  сөзі – «ақылымен, тапқырлығымен мақтану» деген мағынада болса, якут тілінде "сäсäннä"  әңгіме айту, әңгімелесу, сөйлесу деген мағынаға ие [36, 221-222 б.].

«Орталық Азия көшпелілері туралы деректердің зерттелуі» атты бірінші тарау екі тараушадан құралған. «Ерте дәуір туралы шежірелік мәліметтер» атты бірінші тараушасы шежіре бастаулары жайлы ізденіс етуге арналған. Шежіренің көшпелілерге тән мәдени құбылыс ретінде қалыптасу мағынасын қамтиды. Мазмұнында мәні аралас құрылымдар мол. Шежірелік мәліметтердің айтушыдан айтушыға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп дамуына қарай көбінесе белгілі бір авторы болмайтыны анық. Көне тарих шежіре мәліметтері өз бойында шежіре бастауларына айналған екі түрлі ықпал сақтайды: дәстүрлі далалық дүниетаным түсініктері және исламдық үлгідегі көне тарих айту, мұсымандық ілім. Шежірелердің алғашқы негіздері ескі сенімдерден (діннен) болған: адамның пайда болуын Адам ата мен Хауа анадан өрбіту, адамның жер бетіндегі тарихын 5-10 мың жылмен шектеу. Бұл екі бастау біртұтас ұғымдық құрылымға айналған. Мұсылмандық концепция, дін ислам мифологиясы шежірелерде басым түседі. Десек те, шежірелердегі тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. «Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында жалғасқан тарихи аңыздарын, әртүрлі уақытта өткен жырау жырларын, салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет» - деп, кезінде Ш. Уәлиханов ескерткен [1, 157].

Шежірелерде ескі тарихи замандар  Адам баласы жаратылды делінетін көне заманнан бастап топан су басатын дәуірге дейінгі межені қамтиды. Ол көне шығыстық ислам тарихнамасына, тіпті, Тәуратқа негіздеп айтатын қазақ шежірелері бұрын көп болған. Соның бірінде «Адам пайғамбар мен Нұқ пайғамбар арасында 2242 жыл өтті» делінсе, Н. Наушабай шежірелік шығармасында: Әуелгі Адам сопы, Аллаһ, Нух нәби  деп жырланады [22]. Бұл сюжеттер, шежіре дәстүрлі қоғамға тән білім, дүниетаным институты ретінде қызмет еткенін көрсетеді, осы мақсатта қалыптасып, соған жауап берерліктей формада болған. Шежірелік сюжет құрылымдары мазмұны қазақтың дүние туралы түйсік түсініктерін сақтаған. Шежірелік деректер қоғами, мәдени-әлеуметтік өмір тәртібін тәңірлік тұрғыдан бағалап, ислам тұрғысынан тәпсірлеп, санаға қабылдатқан. Шежірелерде сақталған ескі тарихи-мифтік сюжеттер билік тәртібін ғарыш тәртібімен түсіндіреді. Қазақтың ауызша дәстүр үлгілері ерте заманнан бастау алатынын, жоғарыдағы «шежіре» сөзі мәні туралы ізденістер дәлелдейді. Бұл дәстүр тарих айту өнерінің өркендеуімен байланысын, байырғы түрік, ортағасыр қарахандар заманында, кейінгі өзбек-қазақ, қазақ-ноғай кезінде және қазақ хандығы тұсында да діни түсініктерімен тікелей қатысын шежірелік деректер растайды.

Қазақтың хатталған шежірелік мұра бастаулары жазба әдебиеттің кең өркен жаюымен, шежірелердің нақты авторларының пайда болуымен байланысты. Шежіре атаулы феномен генезисі мен даму үрдісін зерделеу: осы екі мәселені біріктіреді. Ең ескі дәуір туралы білім жәдігерлері – көне аңыз, ертегі, батырлық жырлар – халық жадында шежірелік дәстүр сақтаған. Ә. Марғұлан: «эпос-жырдың өркендеп тарауы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен басталады, біздің жыл санауымыздан бұрыңғы V ғасыр мен осы заманның VІ ғасырлар арасы» - дейді [37]. Ескі дәуірдегі Уыз хан туралы  шежірелік деректер, оның өмір бастаулары, тақуалығы, өнерпаздығы (әсіресе балаға ат қою дәстүрінің негізін салуда, киіз үй жасау ісінде), өжеттілігі мен әскери өнері, қоғамның этноәлеуметтік реттеуші ретінде істеген ісі, саяси дәстүрі және бергі қазаққа деген нақты байланысы туралы айтады.

Шежірелік дәстүрдің түп-тегі, генезисі мал шаруашылығы мен көшпелі тұрмыс талабымен байланысты. Оның атқарған қоғам ұйымдастыру қызметі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға өткен буынның шаруа мен тұрмыс үшін аса маңызды тәжірибе жеткізу. Генеалогиялық жағынан қарастыратын болсақ, дәстүр негізінде бабалар тұлғасын еске алу арқылы халықтың өткеніне, ұрпақ (қауым мен қоғам) тарихына көз салу, саралау, зерделеу әдетін аңғарамыз. Ол өте ескі дәуір тарихы туралы бұлыңғыр мағлұматтарды сақтауы да, сол танымдық дәстүр бастаулары ескі уақыттардан жалғасқанын көрсетеді. Сонымен, ежелгі шежірелер аңыз, фольклор деректерін баяндаса, кейінгі үлгілері тарихи фактілерді көбірек айтады. Шежірелердің адами сана тәрбиесіндегі қызметі айтарлықтай. Әсіресе, адамның жақсы мінезін тәрбиелеуде де шежірешілер әртүрлі амал-тәсілдер, тақырып-тақырыпшалар қолданған. Табиғаттан, діннен, аңыздан алынған мысалдарды келтіріп отырған. Шежірелердің мазмұны осындай сантүрлі тақырыпқа байланыстырылған логикалық құрылымдардан құралған.

Тараудың екінші тараушасы «Көшпелілер туралы көне деректердің зерттелуі» мәселесін шежірелік деректерге орай қарастыруды мақсат етеді. Орталық Азияның эко-климаттық жағдайында тіршілік жасаған халықтардың мәдениеті айрықша дамыған көшпелілік дәстүрлерді тудырған. Олар адам өміріне қатысты, негізінен шаруашылық, отбасы рәсімдері, діни сенім-наным, халық даналығы мен білім ретінде көрініс табады. Тарихи білім мен таным, жады мен сана категорияларын қамтыған шежірелік дәстүр ғасырлар бойы жалғасқан феномен. Көшпелілер баяндаған тарихи әңгімелер көрші елдер тарихнамасына өтіп отырған. Ескі түрік пен ислам дәстүрлері үйлесімін қазақта эпитафиялық жәдігерлер көрсетеді. Дәстүр негізінде аруақ құрметтеу әдеті сақталған. Дала мәдениеті мен тұрмыс жайын білуге ұмтылғандар екі түрлі мәлімдеулерге жүгінген: дала туралы өз деректемелері мен дала тарихына қанық жылнама жазбалары.

Екінші тарау – «Қазақ шежірелерін зерттеудің методологиялық мәселелері» – үш тараушадан құралған. «Шежірелерді зерттеуде қолдануға тиімді пәндік ілімдер» атты бірінші тараушада зерттеу объектісін қарастырудағы әртүрлі пайдалы ғылыми әдістер мен ұстанымдарды анықтап алу мақсат етілген. Тарихи деректер қоғам туралы адам санасы тудырған туынды болғандықтан, оның пәнаралық мағынасы да кең. Шежіре туралы ізденіс әдісі міндетті түрде ғылымның сала тәсілдерін қамту тиіс. Тарих, филология, әдебиеттану, этнология, мәдениет және өнертану салалары қолданатын әдістерді жұмылдыру нәтижелі болмақ.

«Шежірелік дәстүрді зерттеуде өзекті батыстық ілімдер» атты екінші тарауша қазақ шежірелік деректерін зерттеу мәселесінде батыстық (АҚШ, Европа) ғылыми мектептердің қалыптастырған зерттеу әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігін талдауға арналған. Осы мақсатта ізденіс етіліп отырған біздің тақырыпқа қажетті зерттеулерге назар аударылған. Қазақ шежіресін зерттеген нақты еңбек болмағанымен, тарих айту, түркі-моңғолдардың ақсүйек (чингизидтер, тимуридтер, шайбанидтер, маңғыттар) әулеттерінің шежіресімен шұғылданушылар бар. Қазақтың жүздік, ру-тайпалық құрылымдары туралы баяндап, азғана талдау жасайтын еңбектер де шетелдік ілімде кездеседі. Америкалық ғалым А. Хадсонның (Alfred E. Hudson) еңбегінде (1938 ж.) қазақтың әлеуметтік құрылымы айтылады. Л. Крейдердің (Lowren Krader) еңбегінде (1963 ж.) түркі-моңғол халықтарының әлеуметтік ұйымы зерттелген. Мұндай этноантропологиялық еңбектердің дені көшпелілердің этникалық құрамын зерттеуге арналған. Қазақтың ру құрылымын көрсеткен, қоныс орындарын картаға түсірген. Ж. Вансина (Jan Vansina) еңбегі ауызекі шежірелік дәстүрді зерттеу, жүйеге салу, ғылыми тәсілдер мен әдістерді қолдану тәжірибесі пайдалы. Ол өз еңбегінде ауызша дәстүрді жан-жақты қарастырып, оны тарихи-деректік қызметі ерекшеліктерін, ауызша тарих дерегін түсіну, талдау мәселелеріне зер салған. Әйгілі қытайлық зерттеуші Су Бйхай қазақтың тұтас тарихы мен мәдениетін жазуға ұмтылған. Оның Шыңжанда (2005 ж.) шыққан «Қазақ мәдениетінің тарихы» еңбегінде қазақ шежірелері туралы сөз етіледі [38]. Қазақстандық зерттеуші Б. Ирмуханов пікірінше, Су Бйхайдың еңбектері китаецентристік мағынаға ие [39, 19].

К. Райхлдың (K. Reichl еңбектерінде жыр дәстүрі мен шежіре туралы пікірі ауызекі мәдени феномендер зерттеу төңірегінде айтылады. Ғалым көшпелілердегі тарихи білім рулық генеалогияны өрбіту, баяндауға негізделетінін, генеалогиялар түркітілді елдердің ауызекі дәстүріндегі маңызды жанрын құрайтынын (сонымен бірге – жазбаша да), жалпы ауызша дәстүр жанры қырғыздардың ортасында санжыра деп ерекше аталатынын айтады [40, 261 б.]. К. Райхлдың еңбектерінде ауызша дәстүрдің сақталу, орындалу, жалғасу ерекшеліктері талданып, оның рәсімдік белгілері мен мәдениетаралық байланысы туралы ізденіс жасалады. Сол сияқты ауызша дәстүрді зерттеуші басқа да шетелдік ғалымдардың еңбектерінде тарихи ақпаратты түсіну жолдары; тарихи-генеалогиялық деректі әлеуметтік өнім ретінде талдау; дәстүрлі мәдениет танудағы бірден-бір құрал ретінде қабылдау сияқты көптеген маңызды мәселелер қамтылған. «Өткенді жырлау: түркі және ортағасырлардағы батырлық жырлар» атты еңбегінде неміс ғалымы К. Райхл ортағасырлық Европаның әдебиет нұсқаларын Орталық Азиядағы қазақ, қарақалпақ, өзбек халықтарының ауызекі дәстүрін салыстырмалы түрде зерттей отырып, түркі жырларының ішкі мазмұнын тиянақты талдауға алады, батырлық жырлардың тарихи негізі туралы айтады. Автордың еңбектерінде әсіресе жыр-шежірелік дәстүрді, шежіреші-жыршының өнерін талдау амалдары нәтижесінде жасалған тұжырымдар бар.

XVIII-XIX ғғ. Бұхарада билік еткен маңғыт әулеттері туралы сарайлық тарихнама мен хандарды дәріптеуші тарихшылар еңбектеріндегі моңғолдық және исламдық дәстүр сарынын зерттеуге алған неміс ғалымы Анке фон Кюгельген білім социологиясы қалыптастырған легитимация (дәлелді түсіндіру, заңдастыру) үрдісін талдау арқылы әулеттік тарихнаманы қарастырады [41]. Автор қолданған методологиялық ғылыми аспектілерді қазақ шежірелеріндегі түсіндіру құрылымдарын зерттеуге пайдалануға қолайлы. Мұсылмандық тарихнама өздік ғылыми таным жүйесін қалыптастырған. Шежірелік дәстүрге тән осындай киелендіру, киелік мән беру (сакрализация) тарихи тәсілдерді түсіндіруде, агиографиялық мазмұн-мағынада жазылған туындыларды зерделеу, ортағасырлық тарихнамалық шығармаларды зерттеуге берері өте көп. Анке фон Кюгельгеннің еңбегінде анықталған тарихнамалық элементтер қазақтың шежірелік дәстүрінде де орын алады. Американдық ғалым Д. ДиУис (D. DeWees) еңбектерінде Орталық Азия халықтарының ортасындағы исламдық, сопылық дәстүрлерінің дамуы, тарихнамадағы ықпалы туралы айтылады [42]. Шежірелік деректер мазмұны сантүрлі мәліметтерді қамтығандықтан, оның астарлы мәндері мен терең мәнісі ғылыми-тәсілдік жолымен түсінуде батыс ілімдері қалыптастырған адам туралы ғылымға тиісілі әдістерді қолданып зерттеген тиімді. Қазақ шежірелері батыс ғылымы үшін тансық құбылыс. Алайда қазақ шежірелерінің табиғаты, формалары, мағыналары жағынан жақын келетін әлемдегі басқа халықтардың тарихи дәстүрлерін зерттеуге орай қолданылған ғылыми тәжірибені ескеру маңызды болды. Батыс елдерінде қазақ шежірелеріне қатысты нақты зертеулер болмағанымен, түркі халықтарының ауызекі дәстүрін зерттеу тәжірибесі біршама жетілген. Батыстық ілімдердің бізге берері – мәдениет құбылыстарын ұғынудағы ұстанымдармен байланысты.

 «Шежірелік деректерді зерттеудің методологиялық негіздері» атты үшінші тараушада зерттеу нысанына қатысты әдістемелік негіз, теориялық алғышарттар, әдістер кешенін құрау мәселесі қаралған. Шежіре мәліметтерін деректанудағы талдау, сұрыптау, салыстыру  әдістері мен ғылыми сынама тәсілдері арқылы қарастыру, оны толымды әрі дәйекті зерделеу, мүмкіндіктерін, мазмұнын, мәнін, сыртқы және ішкі қалыптарын ашады. Атап айтқанда, шежірелерді деректану әдістерін қолдану жолымен қарастыру; шежіредегі тарихи фактілер мен тарихнама деректерін өзара саралау; шежірелік таным мен тарихи сана құбылыстарын зерделеу. Бұл баптар зерттеудің методологиялық іргелі негізін айқындайды. Шежірелер болса идеялық сипаты консервативті құбылыстарды құрайды: ескіні дәріптеуге негізделетіні белгілі. Шежіре мұралары ескі дәуір мәтіні болғандықтан, этномәдени тұрғыда оған тән таңба белгілерін тәпсірлеп, шежіре құрамындағы элементтер символдар кешені ретінде қарастырылуы тиіс. Шежірелерді зерделеуде догмалардан еркін және ада болып келуі керек. Сонда ғана осы күні ескірген, қолданыста орын алмайтын аңыз сюжеттерін, әпсана бейнелерін, оларға тән қосалқы түсініктердің алғашқы мәні жайын түсіндіріп, жүйелеуге болады. Мифтік генеалогия төңірегінде әлеуметтік, саяси құрылымдарға туыстық тұрғыда түсіндірулер жасағанын шежіре көрсетеді. Мұнда мемлекеттер, ұлт-ұлыстар генеалогиялық таксономдарға айналдырылған. Шежірелер – ең алдымен адам туралы баяндайды, оның шығу тегін, мінезін, өмірдегі әрекеттерін және артында қалдырған ұрпағын. М.Ж. Көпейұлы шежірелік мұралары тарихи тұлғалардың, адамның тарихи болмысын, қоғами мінез-құлқын, оның тұрмыс пен өмір туралы ойы мен соған деген қатысын білдіретін мәліметтерді сақтайды. Кеңестік тарихнама болса тарихты таптар, топтар, таптық мүдде, қанау, алдау, мәнгі бітпес әлеуметтік конфликт тұрғысынан қарастыру, тарихи үрдісті біржақты қабылдатты. Дәстүрлі тарихты формациялық ұстаным негізінде баяндау сол дәуірдің шындығын ашпайтынын айқындағыш санаға салсақ, түсінікті болып шығады. Шежіре туралы Ә. Марғұланның жазып қалдырған еңбектері әлде-қайда мағыналы, нәрлі, сүбелі келеді. Ұлт тарихына әлеуметтік күрес, таптар күресі жағынан тарихты түсіндіретін формациялық принциптерден белгі-семиологиялық принциптерге көшу, ғылыми ізденісті мәдениеттің даму себептерін түсіндіру бағытында іске асырады. Сонымен, шежірелік деректі талдау мақсатында методологиялық ізденіс жасау дәстүрдің жаңа қырларын ашуға, мәліметтегі тарихи факті баяндау принциптерін және шежіре дерегіне тән сипаттарды түсіну үшін қажет.

Диссертациялық жұмыстың «ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІН ТАРИХИ ДЕРЕК КӨЗІ РЕТІНДЕ ЗЕРДЕЛЕУ» тақырыбына арналған екінші бөлім үш тараудан құралған. «Қазақтың шежіре деректеріндегі хронологиялық қабаттар» атты бірінші тарауы екі тараушадан құралған.

«Ортағасырлардағы шежірелердің сипаты» атты бірінші тараушада шежірелік деректер қабаты, қалпы, авторлық, сыныптау мәселелері қаралады. Шежіре деректерін талдау ісі жүйелі болу үшін шежірелердің қалыптасқан ортасы жайын ойға алу; авторлары туралы түсінік қалыптастыру; олар қандай мақсат көздеп, нендей міндет атқаруға ниеттенгені туралы ой түю маңызды.

Шежірелерді жиып отыру ортағасырлардан бері ел ортасынан шыққан атақты адамдары айналысқаны осыдан байқалады. Әрине, алдымен бұл тектілерге тән әулеттік әдет. Ш. Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталғандығы шежірелер туралы айтылады. Шежірелік жазбалар авторлары бар нақты тарихнамалық туынды белгілері болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама ретінде қарастырылуы әбден дұрыс. Әсіресе, Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының мәні ерекше. Ол қазақ хандары Керей мен Жәнібектің бөлініп көшуі жөнінде тиянақты сөйлеген. Қазақ хандығының құрылуы тек Керей мен Жәнібектің бөлініп көшуіне байланысты айтылады. Нақ сол  кезде, яғни XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың басында болған тарихи оқиғалардың барысында қазак халқының қазіргі атауы орныққанын байқаймыз. «Тарихи Рашидиде» алғашқы қазақ халқының қазақ-моғол, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек арасының одақтастық және жаугершілік қарым-қатынастар, Моғолстанға ену үшін қазақтар мен моғолдар арасындағы күрес туралы материалдар молынан кездеседі. Шығыс авторларының жоғарыда аталған шығармалары, негізінен ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақстаның саяси тарихы бойынша деректерді қамтиды [3]. Әбілғазы Баһадүр ханның еңбегі ақсүйектердің ата-тегін талдап айтады, ал Қадырғали би Қосымұлы Жалаиридің шежірелер жинағы, Алтын орда, Қырым және қазақ хандарынан мәлімет береді. Рашид ад-диннің "Шежірелер жинағы" (1300-1310) бұл еңбектерге әсер еткен үлгі болып табылады.

Шежірелер сыртқы қалып сипаты жағынан үш түрі байқалады: а) қара сөзбен айтылған (проза), ә) өлеңмен жырланған; б) кестеге түсірілген. Өлең сөз ауызша тарихи дәстүр аясында айтылатын белгілі бір тарихи оқиға туралы әңгімені бір қалыпқа түсіріп, жады қызмет атқаратын құралға айналдырған. Шежірелердегі ауызша айтылған мәліметтер сол деректерді тудырған ұрпақтан тыс берілген дерек болса, олар ауызша дәстүрге айналады. Бірақ сол ауызша дәстүрдің аясында әрқилы дерек топтары бар. Деректердің бір тобына күнделікті қолданыстағы халық сөз үлгілері жатады, мәселен формулаға айналған сөздер, айталық – баталар; ал деректердің екінші топ объектілерін әдеби, ақындық сөз үлгілері құрайды. Жадыға тоқылатын ауызша дәстүрдегі сөздердің мазмұнында өзіндік ерекшелік сипаты бар сөз үлгілері болады. Тарихи фактінің критериі тұрғысынан сөз үлгілері (әңгімелер, естеліктер) екі түрлі топқа бөлінеді, оның бірінің айғағы болса, демек шындығы мен қоспасы көрсетілген болса, екіншісі тек нақты қиялдан туған көркем сөз. Айғақты дәстүр негізінде қалыптасқан үлгілірдің өзі "шындыққа жақын", "әлде-қайда шын" дегендей бағалануы мүмкін. Қиял үлгілері ретінде әртүрлі тәмсіл әңгімелер айтылады.  Әрине, осының арасын нақты жік-жігімен айыру үшін "шындық" пен "ақиқат" деген ұғымдық өлшемдер өз алдына.

Шежіре баяндаудың құрылымына аян, түс, елес, және басқа да ауыз сөз үлгілері енеді. Баяндау құрылымының мазмұнында ақпараттың ауызша дәстүр аясында сақталуына қызмет ететін жады құралдары да қолданылады. Ортағасырлық түрік және парсы тарихи деректемелерінің мазмұнында міндетті түрде бәйт жүреді. Бұны жазбаша тарихнамалық шығармалардың өзі  ауызша тарихи дәстүрдің хатталған үлгісі екенін дәлелдей түсетін тағы бір белгі деп қабылдауымыз керек. Жадыға тоқылатын сөз үлгілері немесе ауызша дәстүрдің жады құралдары мынадай: баталар (Әл-Фатиха және т.б. дұғалар); қанатты сөз; тарихи сөз; үлгі сөз; ұран сөз; жоқтау сөз; аманат сөз; ауызша хат; қара өлең; өлеңнің түрлі үлгілері (тақпақ, жарапазан). Бұлар шежіре дәстүрі үрдісіндегі адам жадының реттеу қызметінің өнімі ретінде қабылдануы керек және олар шежірелердің баяндалу тәсілдерін құрайды. Яғни бұлардан шежіредегі тарихи деректің құралдық сипаты байқалады. Бұл формалардың қалыптасуының өзіндік табиғи заңдылықтары бар. Сонымен бірге, шежірелердің негізгі үш түрлі формадағы мазмұны табиғаты жан-жақты сөз үлгілерін құрамына қосып, осындай синкреттік сипатына қарай зерттеушілер ортасында әрқилы пікір қалыптасқан. Мұнда фольклорлық формаларға тән сипаттары да, тарихнамалық туынды және деректеме де; қоғамдық институт та, дәстүр белгілері де анық байқалады. Формадан басқа шежірелердің мазмұны да формулаларға толы: нақты әрекеттер жайында түсінік беретін халық даналығы, мақал, мәтел, шешендік сөздер, ертегілер және т.б. Бұлар дәстүрлі қоғамдық қатынастарды түсіндіру сатысының бірі болып табылады.

Деректі сыныптаудағы басты критерий ретінде тарихи білімнің арнасы арнайы қалыпқа түсуі, сақталу формасы мен беретін мәліметтерінің хронологиясы, тарихилығы алынған. Сонымен сыныптауға қатысты үш түрлі негізгі тұрғы, яғни талап көрініс табады: а) әдеби-фольклорық сыныптау; ә) генеалогиялық элементтері бар тарихи-этнографиялық тұрғы; б) тарихи-деректік тұрғыдағы генеалогиялық элементті ескеретін сыныптау.

Типологиялық тұрғыда шежірелердің мынадай жіктері анық байқалады: а) шежірелердің бас-аяғы тұтас, әлқиссасы бар толық тарихнамалық туындыға айналған, ішкі құрылым жағынан тәмамдалған шежірелік тарихнама шығарма нұсқасына дейін жетілген шежірелер (олар тарихнамалық деректемелерді зерттеу әдістеріне бағынады); ә) қария сөздерден немесе генеалогиялық кестелерден құралған, мазмұнының ішкі логикалық құрылымы тұрғысынан толық тәмамдалмаған, тұтас тарихнамалық туындыға айнала қоймаған шежірелік мәліметтер жиынтығын құрайтын шежірелер (олар деректік талдау әдістеріне бағынады); б) шежірелік деректердің біршамасы әдеби шығарма туындысына айналғандықтан олардың мазмұнына енгізілген шежірелік мәліметтердің өзгеше көрініс табатындығы, яғни бұлар көркем шығарманың құрамында орын тапқан шежірелік қария сөздер. Шежірелердің негізіне түскен алғашқы деректеме үлгісінің екі түрі бар: а) бұрын болған шежіре қолжазбасы – бұлар көбінесе төре, қожаларда болған; ә) тарих айту, шежіре шерту әртүрлі қария сөз дерегінен, көбінесе рулардың игі жақсылары, ақсақалдары айтты деген сөзден құралғандар. Шежірелердің аты мен тақырыбы оның мазмұнындағы негізігі сипатына қарай болатыны да белгілі.

Біз талдауға алған шежірелердегі "Қарасопы" атты қария сөзіндегі тарихи деректін баяндалу үлгісі төмендегідей элементтерден құралған: а) кімнен кім туғаны туралы; ә) қай атаның аты ұранға айналғаны; б) рудың аты қандай үйлесімді формулаға айналдырылғаны; в) Қарауыл тайпасының құрамына енетін рулар туралы; қандай жерлерді мекендегені туралы сөз; г) қандай хан басқарып, оның қоластында қандай иерахиялық позициясында тұрғаны жайында айтылады; д) ол ханның ұрпақтары туралы сөз; бұл руда қандай аты шыққан адамдар болғаны жайлы; е) одан кейін бұл руға қатысты бір тарихи оқиға жайында сюжет. Бұл үлгіні шежіре баяндау клишесі ретінде қарауға болады. Шежірелердің жеке мәселелері: а) қазақтың асыл түбі қайдан шыққаны туралы арғыдағы түркі-тәңірлік аңыз-әпсаналары мен бергідегі исламдық мифтері туралы қазақ ортасындағы тотемдік, генеалогиялық, этнонимиялық, этиологиялық тарихи баяндамалар; ә) қазақ рулары (ботпай, шымыр және т.б.), тайпалары (үйсін, арғын және т.б.), олардың рәміздік элементтері, яғни ру таңбасы, ел ұраны және руларға берілген, ел ортасында ауызша айтылып келген жалпыхалықтық сипат ("арғын болсаң алтай бол" және т.б. шежірелік формулалар); б) рудың бейнесін бейнелейтін символикалық тарихи тұлғасы (үйсін Майқы би, арғын Ақжол, қыпшақ Қобыланды, ноғайлы Асан Қайғы дегендей); в) рулардың көшіп-қонып жүрген жерлері, ата қонысы мен қазіргі кездегі қоныстары, бай-манаптары мен батырлары, би-шешендері, хан-сұлтандары; г) халық санасында мөрдей басылып жатталып, хатталып қалған әртүрлі тақырыптардағы тарихи әңгімелер, естеліктер, тұтас, толық, немесе бірінің басы, бірінің аяғы дегендей әртүрлі қария сөздердің үлгілері.

Қазақ шежірелерінде мынадай мағлұматтар тасымалданады: а) қазақ ру-тайпаларының тарихи-генеалогиялық деректері; ә) қазақ төрелерінің тарихи генеалогиялары; б) қожалардың генеалогиялық деректі кестелері; в) қазақ ортасындағы кірме топтардың тарихи-деректі үлгілері. Алайда, қазақ шежірелерінде осылардың әрқайсысы тарихи дерек мөлшерін әрқилы сақтайды. Ең мол деректік мағлұматтар қазақ рулары мен тайпаларына және қазақ төрелері, хан, сұлтандарының тарихын баяндауға байланысты шежірелер. Ал қожалар мен қазақ ортасындағы кірме топтардың деректік мағлұматтары көбінесе шежірелік генеалогиялық кестелер, немесе тізбелерменен ғана шектеледі. Мұның өзінде де белгілі, қоғами қатынастардың объективті жағдайларынан туындаған заңдылықтар бар. Шежірелерді жүз, ру, принциптері негізінде сыныптаудың табиғаты шежірелердің ішкі ұйымдасуының ізімен жүруден туындаса, хронологиялық және тарихилық белгілері негізінде жүйелеу тарихи таным принциптерінен қалыптасқан сыныптау болып табылады. Ал тарихи-деректік сыныптау ісінде хронологиялық, тарихилық және тақырыптық принциптерге қосымша басқа да ұстанымдарды қолдануға болады. Жалпы бұл арада деректерді топтаудағы бұрын айтылған сара жолдан да тыс көзқарас туралы ізденіс керек. Шежірелерді сыныптау мәселесінде басқа да принциптерді қолдануға болады, мысалы фольклорға жатқызылатын кейбір сөз үлгілерін шежірелік дәстүрге сүйенетін құрал ретінде қарастыру тиімді.

Тұрмыстық фольклор жанрына тән мақал-мәтел, бесік жыры, бата, беташар т.б. сөз үлгілерін халық мәдениетін игерген кез келген адам біледі. Ән, әуен, жыр, өлең – бұлар шежірелік деректі сақтау қызметін атқарушы дәстүр тасымалдаушыға (жырау, қария, шешен, ақын) қажетті жады құралы болып табылады. Сондықтан В. Юдин кейбір шежірелік туындылардың ("Шыңғыс-нама") Алтын Ордадағы аласапыран дәуірдің үрдістік иірімдерінен калыптаскан діни-культтік және идеологиялық, тіпті дүниетанымдық тұтас концепцияға айналған ролі туралы айтады. Ол миф, фольклор үлгісіне жатпайды, керісінше фольклор далалық ауызша тарихнаманы тұтынады деген түйінге келеді.

Шежіре мазмұны жалпы (белгілі оқиға-жайттер) және жеке мәліметтерден (айтушыға мәлім, бірақ бұқараға белгісіз деректер) құралады. Сондай-ақ шежіре деректері айтушы тарапынан оқиға мәні түсіндірілген және түсіндірілмеген болады. Шежірелердегі деректердің тәпсір, түсіндірулер конструкциясы әрқилы құрылғанымен, негізінен бір белгілі тұтас стереотиптік үлгіде айтылып, оқиғалардың мәнін жинақтап сөйлеу құрылымдары көрініс табады. Олар қалыпты формулаға айналдырылып, осы сипаттағы оқиғалардың деректеріне алғысөз ретінде қолданыста жүреді. Кейде  халық санасынан пісіп шыққан метафоралық мағыналар да қолданылады. Шежірені белгілі бір формаға айналдырып, сақтап, қауымға жырлаған шежірешілер болды. Шежірешіні дәстүр сақтаушы ретінде бағаласақ, онда ол сол шежіренің жай ғана авторы емес, ол – өткен дәуірдің, соған лайық әлеуметітік құндылықтар мен қатынастар ретінен хабары бар адам. Шежіре жасаушылар қатарында үш түрлі құраушы элемент бар: шежіре айтушы қалың бұқара өкілдері; шежіре сөзін сұрыптаушы, жадыға тоқушы, шежіре дерегін ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жалғастырушы шежіреші-қария; шежірелік деректерді қолданып тарихнамалық туынды жасайтын тарихшы – шежіре дерегін деректік тексеру арқылы тарихи білімге айналдырушы субъектілер. Солар тарихи дерек авторлары болып табылады. Шежіре шығармаларының авторлары белгілі болғанымен, одан тыс, бізге беймәлім қалып отырған біршама "авторлардың" еңбегін сақтайды. Олар тарих айтушылар, яғни "қария сөздердің", тарихи-ақпараттық мәліметтердің, қысқаша айтылған тарихын баяндаған бір әңгіменің жеке «авторлары».

 «Қожа шежірелері және мұсылмандық тарихнама» атты екінші тараушада шежірелік мәліметтердегі қазақ құрамындағы араб-парсы жұртынан келіп қосылған субэтникалық топтар туралы баяндаулар қарастырылған. Қожалар өзінің тегі туралы жазбаларды сақтаған. Оларды шежіре, көбінесе, насаб деп атаған. «Каждый род сейидов и ходжей имел свою родословную – шаджара, подтверждающую его происхождение от пророка и его сподвижников. Большинство этих родословных были поддельными и значительно более поздними по времени» - деп, Б. Кармышева жазады [44, 152 б.]. Қазақ шежірелері де қожалар туралы тарихи мәліметтерді молынан сақтайды. «Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі Қарақожа. Онан арғын дедік» - деп шежіре мәлімдейді [21]. Қожа ұғымына байланысты көптеген тарихи деректер келтірілсе де, оның тарихи мән-мағынасы жағы талданғаны аз. Жандарбек З. қазақ шежіре деректеріне сүйене отырып, XIV ғ. үш жүздің қалыптасу тарихында қожалар шайхыларының ықпалы туралы айтады [45]. Кейінгі тарихта қожа тұқымдары қазақ руларына да араласа түскен. Шежіре деректерінде 17 қожаның аты қазақтың Орта жүз және Кіші жүз руларының көсемі ретінде көрсетіледі. Нақты: «Қыдырқожа байдан Шеркеш, Ысық, Байбақты, Масқар, Алаша, Таңа, Қызылқұрт, Есентемір, Беріш, Таз, Адай, Жаппас» - дейді шежіре дерегі [46]. Қожалардың генеалогиялық реті туралы қазақ шежірелері мол мәлімет береді. Қожа ортасынан шыққан әйгілі тарихи тұлғалардың деректерінен шежіреде ең алдымен Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Йасауи есімдері әйгілі. Қазақ ортасындағы ислам дінінің рухани қазығы болғанын Әзірет Сұлтан айналасында қазақтың қалың қорымы дәлелдейді. Атақты адамдардың көбі, оның ішінде батырлар, билер, хандар мен сұлтандар ұрпақтарына өзін Әзірет Сұлтанға жерлеуді аманат еткенін шежірелер мәлімдейді.

«Қазақ шежірелеріндегі генеалогиялық деректердің ерекшеліктері» атты екінші тарауы үш тараушадан құралған. Бірінші тараушада «Қазақ рулары, ата тегін тарату туралы деректер» қарастырылады. Қазақтың дәстүрлі қоғамдық санасында тарихи білім өзінің ата-тегі, ата-бабалары, ру-тайпаның қалыптасуы мен ру ішінен шыққан әйгілі адамдар және олардың тәлімді іс-әрекеттері туралы жиналып сақталған біліммен тығыз байланысты болған. Генеалогиялық білім жүйесі көшпелілердің дәстүрлі қоғамдық санасының іргетасы, ең негізгі білімді реттейтін ментальдік құрал. Барлық тарихи білім мұралары халықтың генеалогиялық білім жүйесі негізінде жинақталған. Дәстүрлі қоғамда өз заманын тану амалдары тек қана өткен дәуірлердің жолын түсініп-білу арқылы жүзеге асқан. Шежіре зерттеу тәжірибесі сайып келгенде қазақ жүздерінің рулық негізі мен әлеуметтік байланыстарын нақты көрсетеді.

Қазақтың дәстүрлі шежірелік санасында әлеуметтік кеңістік үш түрлі негізгі сегменттен құралған: өз жұрты, нағашы жұрт, қайын жұрт. Осыған орай шежіре мәліметтері ішкі мәні жағынан рулардың өзара үшжұрттық қатынастарын қамтиды. Шежірелердің руларға қатысты деректері ең алдымен руаралық үш жұртты әлеуметтік байланыстыру ретімен сәйкес келеді. Үш жүздің қалыптасуы шежірелерде әрдайым үш түрлі негізгі ру атымен байланысты: Үйсін, Арғын және Алшын. Генеалогиялық жүйе бойымен былай айтылады: «Қазақтың төрт баласы болғанын айтып өткенбіз. Оның үлкен баласы Көзелдің тұқымынан дерек жоқ. Қазақтың екінші баласы Ақарыстан, оның тұқымы Ұлы жүз Үйсін, Үшінші баласы Бекарыс, Орта жүз арғын, найман, төртінші баласы Жанарыс, Кіші жүз Алшын» [46] // «Ата тарихы. Қазақтан үш бала: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан сегіз бала: Ботпай, Шымыр, Сиқым, Жаныс, Қаңлы, Манас, Ошақты, Жалайыр. Жанарыстан алты бала: Қарақожа, Дарақожа, Аққожа, Ақтанқожа, Есімқожа, Қасымқожа: Қарақожадан – арғын; Дарақожадан – найман; Аққожадан – уақ; Ақтанқожадан – тарақты; Есімқожадан – қыпшақ; Қасымқожадан – керей. Бекарыстан үш бала: Қадырсиық, Солтансиық, Бақтысиық» [21]. Шежірелерде Кіші жүзді "жиырма бес таңбалы Алшын" деп атағаны, Кіші жүз құрамы жиырма бес рудан құралғанын көрсетеді. Әр жүздің ішінде озық рулары болған. Оларға шежірелерде халықтың тарихи санасы тарапынан баға берілген.

Қазақ рулары әртүрлі тарихи жағдайларда өз ретімен түзілсе де, шежірелерде олардың барлығы бір атаның баласы ретінде суреттеледі. Бірақ кейбір шежірелерде олардың бір жүз құрамынан басқа жүздің құрамына, тіпті алты алаш түріктен келіп қосылған тұстары туралы айтатын бейнелі мәліметтер көп. Жалпы, генеалогиялық білімге тән өз заңдылықтары бар. Осыған сәйкес: а) ата-тек тарату жүйесінде біршама буын есімдері ұмытылып төтелеп түседі, арада талай ұрпақ есімі аталмай қалады; ә) жалған генеалогиялық кестелер де жасалатын болған; б) кейде жеті ата басында тұрған адамның есімі сақталып, қалған буын сақталмайды. Бұл заңдылық ойға алынған саналы түрде де, сана түбінде сақталып ойға түспеген түрде де қалыптасады. Сондықтан, 1) саналы түрде болса, шежіре – ата-текті айтушы кейде көп әйелді адамның бірінен болса, арғыдағы күндес аналардың ұрпағын айтпай, атамай бүгіп қалады. Тоқалдан туғандарды қалдырған; 2) ортадағы бір атадан күмәнді жағдайда тараған болса оны да біле тұра жасырады. Сондықтан жеті ата жібінің арасында үзік-кетік қалады, тағы сол сияқты себептерден шығады; 3) санаға салынбай айтқанда бәлендей рудың сондай атасынанбыз деп, асығыстықпен, иә сөз қысқарту үшін жетінші атасын ғана айтады. Сондай-ақ, қазақ шежірелеріндегі деректерінде субъективті тұстары мен кемшіліктері және шектеулері: а) кісі аттарында дәлсіздіктер; ә) жалқы есім мен жалпы есімнің шатастырылуы; б) этносқа тән генеалогиялық өріс пен сатылап даму арасындағы сәйкестіліктің сақталмауы; в) этностық топтардың даму деңгейлері мен уақыт кеңістігінің арасыңдағы сәйкессіздік (анохранизм); г) шежіре жүйесіндегі сатылы дамудағы бірізділік сақталмауы; д) қазақ ру-тайпаларының геосаяси, геоэкономиялық, табиғи-географиялық кеңістіктердегі әкімшілік-территориялық ресми құрылымдардың (мемлекет, хандық, қағандық, ұлыс, ру-тайпа бірлестігі, одағы, ел, дуан т. б.) генеалогиялық даму өрісімен сәйкессіздігі; е) этникалық топтардың ел ішінде қалыптасқан дәстүрлі сипаттары мен олардың шежіре баянында атқаратын қызметін елемеу; ж) шежірелердегі ата-баба, есімдері мен олардың ру-тайпаларына тән ұран, таңба атауларының шатастырылуы т. б. [43, 388 б.].

Сонымен біздің зерттеулеріміз мынадай тұжырымдарға әкелді: 1) шежіре деректері нақты қалыптасқан генеалогиялық дәстүр белгілерін көрсетеді; 2) генеалогиялық дәстүр ауызша және жазбаша дайындалған екі формасы болған; 3) шежіре белгілі бір жасаушы субъект тарапынан түзілген; 4) шежірелік генеалогия мамзұнында ақиқатты, кейде ойдан құрастырылған элементтер қатар сақталған; 5) шежіредегі тарихи генеалогияндың жасалу принциптері әлем халықтарының дәстүріне ұқсас; 6) қазақтың рулары мен тайпаларының құрылымдары белгілі дәрежеде дәстүрлі қоғамның әлеуметтік-саяси моделі іспетті болған. Осыған орай қазақ генеалогияларының деректері әлеуметтік байланыстардың терең сырын түсініп, шындығында қазақтың тарихи этникалық тұтастығын анықтауға негіз болады. Қазақ халқы ұлт (ұлыс, халық, мемлекет, хандықтар) болып, қазіргі қазақ халқын құрап тұрған үш жүз ішіндегі барлық ру-тайпалардың өзара бір атадан, руға, тайпаға, жүз-ұлысқа бірігіп, одақтасып, өзара ынтымақтылықпен (құдандалы, жекжат, сарысүйек т.т. болып) бейбіт түрде ұйымдасып тұтас ел, ұлт, хандық құрды, шежіре деректері нақты айғақтайды.

«Шежірелердегі әйел заты туралы деректер» атты екінші тараушада  ана тегі мәліметтері айтылады. Әлем халықтары өз тегін бірі – ата, бірі – ана жағынан артық айтып өрбітеді. Кейбір халықтарда генеалогиялық білім негізінен тек ана тегі туралы генеалогиялық білімді дамыта білген. Мұсылмандық жұртта ата текті өрбітуді баса айту жағы артығымен байқалады. Шежіре деректері көбінесе ата тегін өрбітуде. Қазақта шежірелер ата тегі туралы білімге сүйенеді, негізгі геналогиялық мазмұны ру-тайпалар көсемдері, рубасы есімдері аталады. Бұл жағдай әлеуметтік қатынас институттарының патриархалдық дамуымен түсініледі. Әйткенмен, әйел адамдардың да есімдері туралы мәліметтер шежіреде аз емес. Түркі дәуірінен сақталған тас мүсін ескерткіштерінің өзінде де ер мен әйел адам қатар бейнеленген. Шежіре мәліметтері бойынша есімі белгілі әйел заттылар тарихта ақыл, ісімен әйгілі болған адамдар. "Алып туса, анадан туады" деген даналыққа сәйкес, үлкен рулардың өзі әйел тұлғалардан туып, өніп-өсіп өрбіген. Шежірелерден терілген осы мәліметтер көбінесе бұл мәселенің мән-жайын түсініп қанық болуға пайдалы.

Кейбір қария сөздерде ана жұрты, нағашылар кім болғандығы жайлы жиі айтылады. Шыңғыс ханның арғы анасы Алан һуа әйгілі болса, түркі шежірелерінде Бердахтың шежіресінде Ақшолпан ананың есімі айтылады. Кейбір қазақ руларының аты ана есімінен, немесе ана есімі ұранға айналғаны да болған. Қазақ халқы "Ер жерді сақтайды, қыз ұлтты сақтайды" деген берік ұғымды ұранмен ұғындыра білген. Қытай жылнамалары түркілер тарихын баяндауда әуелі ана тегі жағынан сөйлейді ... қағанның жұбайы катун/қатын аталған [48, 198-199 б.]. Қазақ ұлтының адамдары "біз қарға тамырлы қазақпыз" (бұл жерде "қарға" сөзі құс мағынасында емес, тамыры терең әрі жан-жақты жайлып өсетін өсімдік атын білдіреді – М.А.), "құдандалы сары сүйекпіз", "құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық" деп сөйлейді. Осы нақылдар қазақтағы әйел затының орнын көрсетіп тұр. Осы күнге дейін қазақта "Ұл – қорғаның, қыз өсірсең – өрісің" ("Қыз – өрісің, ұл – қонысың"), "Астың дәмін келтірген тұздан айналайын, елдің арасын қосқан қыздан айналайын" деген нақылдар бар. Ерте уақытта билеуші әулеттердің өзара қарым-қатынастары қыз алысу жолымен ретелгенін шежірелік мәліметтер көрсетеді. «Қыз беріп, қыз алып, ілік-жілік, құда тамыр болып татуласып отырған... қырғыз ханы қызы Тұмарды Әбілпейізге беріп, сүйек болып бітісіп, тыныштық орнаған кез екен» - дейді шежіре деректері [49]. Қазақ-қалмақ жәугершілік заманында да қалмақ тарапынан бейбіт келісімнің бекіту шарты есебінде қыз беріліп, саяси байланыстарды құдандалық, туыстық  арнаға салуға бет бұрған жақтары болған. Осылайша, қазақ шежірелерінде көбінесе әйел заты қазақ ру-тайпаларын бірлестіруде, ұлтты құрауда консолидациялық қызмет атқарғаны айтылады.

 «Қазақ құрамындағы кірме топтар деректері» – үшінші тарауша. Шежіредегі "Қазақ түбі" мәліметтері қазақ руларының барлығы ерте заманнан келе жатқан түрік жұрағаты десе, генеалогиялық жағынан оған жатпайтын төре, қожа, төлеңгіттер қазақ құрамынан тыс айтылғандықтан да кірме топтар қатарында есептеледі. Мұны Ш. Уәлиханов та мақаласында анық көрсеткен. «Қазақта "кірме" деген сөз бар. Ол сөздің мағынасы өз отанынан, ата мекенінен, ру-тайпа ортасынан  жақсы-жаман себептермен шығып кетіп, өзге елге келген, сіңісіп кеткенге дейінгі адамдарды айтады» - деп, шежіре кірме ұғымына анықтама береді [50, 226 б.]. Қазақ руларының ішінде өзара алмасқан аталар да аз емес. Шежірелерде осы сияқты тарихи-әлеуметтік құбылыстар түсіндіріліп отырылды. Қазақ ортасында бір рудан басқа рудың құрамына ауысып жүрген тұлғалар қай заманда болмасын көп болған. Жаңа рудың ішіне олар, әрине, бала, ұл қатарында кіретін болған. «Бұлар өз әулетін жоғалтпай, қожа, төре, ноғай, татармыз деп өз үрдісін, тарихын, тегін жоғалтпай, сақтап қалуы қайсарлығы, табандылығы, ұждандылығы деу қажет. Бар қасиеттерінің барлығы да қазақ болып кеткендер»  - деп түсіндіреді [50, 226 б.]. Сондықтан қазақтың барлығы бір-біріне қарға тамырлы қазақ болады. Шежірелерде бұл деректердің өзінше түсіндірмесі беріледі: «Ақтаз деген бір бала ғайыптан келіп, еншілес болған екен» және т.б. Генеалогиялық деректердің кейбірі тарихи шын жағдайлардан алшақ жатады.

Шежіреде қазақ хандары туралы деректер жинақы түрде баяндалады. Төрелередің шежіредегі генеалогиялық деректерді реттегендер Ш. Уәлиханов, Ә. Бөкейхан, Ш. Уәлихан болды. Қазақ ортасындағы төре тұқымдары моңғол тегінен шыққан жаулаушы Шыңғыс ханның ұрпақтары болса, төренің тегі де моңғол жұртынан келген кірме топқа жатады. Ортағасыр араб-парсы тарихнамасында Шыңғыс ханның ұлдарының еншісіне жауланған рулар мен тайпалардың, басқа да ел жұрттың аймақтарын ұлыс етіп үлестіргенде төрт баласының әрбіріне төрт мың адамнан жасақ берілгені туралы айтылады. Ол жасақ кейін Дәшті Қыпшақ руларының ортасына сіңіп кеткен. Төрелер мен олардың ұлан жасақтарынан басқа қазақ руларының ортасына сіңісті болған кірме топтардың бірі қожалар екені белгілі. Шежірелерде қожалар туралы да мәліметтер молынан кездеседі. Төрелер қазақ ақсүйектерін құрайды.

Зерттеуші Б. Кармышева, «қожа мен сейіттер - сословиелік топ. Өз тегін Мұхаммедтен немесе оның сахабаларынан өрбітеді» - деп жазады [44, 148 б.]. Қазақ даласының өткендегі барлық саяси-қоғамдық өмір тарихы төрелер шежіресінің айналасына түзіледі, төре-сұлтандардың ақ киізге хан болып көтерілгені туралы айтылады. Төре шежіресін тудырған тарихи шындық – сол тарихи дәуірде қалыптасқан саяси коньюктура. Рулар мен тайпалардың құрамындағы топтардың өзгеріп отыруы, көшпелілік тарихтың ең алғашқы кездерінен жалғасқан күрделі әлеуметтік үрдіс. Шежірелерде деректері де осыны айтады. Шежірелерде Жәнібек ханның тұлғасымен орайлас қазақтың үш жүз боп бірігу тарихы осылайша баяндалады. Жәнібектің баласы Қасым хан туралы: «Қазақты қатарға қосып кеткен. Осы Қасым ханның тұсынан қазақ ортасында «Қасымханның қасқа жолы» делінген сөз үлгі, өсиет қалған» - деп, мағлұмат келтіреді [51]. Қазақ хандығының дербестігі шежірелерде әйгілі әз-Жәнібек пен Керей, Асан Қайғы сияқты тұлғалардың есімімен байланысты. Бұл деректер ХV ғасырдың екінші ширегінде орын алған саяси, этноәлеуметтік тарихи оқиғаларына қатысты. Төрелер мен қожалардан тыс қазақ ортасына қазақы жүз, ру-тайпа жүйесіне енбейтін басқа кірме топтар қатарында: төлеңгіт, сунақ, қараша және т.б. туралы айтылады. Қазақ ортасына сіңген төре, қожа, сейіт, қырғыз, қалмақ, сарт, ноғай, түркмен, қарақалпақ өкілдерінің генеалогиялық принциптер негізінде іске асқанын шежірелік деректер суреттейді. Сонымен, шежірелік сананың маңызды функциясы – қауымдасу, қоғамдасу үрдісін құрауда. Кірме топтарды үйлесімді түрде қатарға қосып алу формаларын шежірелерден табамыз. Қауымдасу дегеніміз – адамның өз бойында қауым тарапынан дұрыс деп танылған қасиеттерді, құндылықтарды, білімді, қабілеттерді тәрбиелеу, құрметтеу, сақтау, яғни әдеп, салт-дәстүр, жол-жоба мен басқа да ұлттық рәсімдерді ұстану, қауымның талаптарына сай болу деген сөз. Осы қасиет-қабілеттерді қолдаған адам қалыптасқан әлеуметтік-туыстық қатынастардың, институттардың толық мүшесі бола алады.

«Қазақ шежірелеріндегі тақырыптық құрылымдардың орны» атты үшінші тарауы екі тараушадан құралған. Бірінші тараушасы – «Қазақ шежірелік деректеріндегі киелілік мағыналар» мәнін талдау жасауды мақсат етеді. Қариялармен сұхбат барысында дерек берушілер: «бұл істің анық әңгімесін білмеймін, өтірік айтуға рұқсат жоқ» деп кесіп айтады. Иә, бұрынғы даналар да сөйткен. Бұл әріден келе жатқан әдеп, имандылық. Хазреті Әли ибн Әбу Тәліб (р.а.ғ.) «Ғалым адам бір нәрсені анық білмесе "Аллаһ а’лам" (Аллаһ жақсы біледі) деп айтудан ұялмайды» - депті. Ислам ғалым-ғұлама хакімдері осы қағиданы қатты ұстанған. М.Ж. Көпейұлы да мәлім болған тарихи ақпаратты сол күйінде өзгеріссіз жеткізеді. "Естіген сөзімнен сөз қалмағын, естіген құлақтың жазығы жоқ" – дейді ол. Бұл барлық мұсылман ғалымдары, тарихшы, шежірешілерге тән. Анығын айту Құран қағидасынан туындайды. Осыдан шежіре сақтаушылардың өз қызметіне аса үлкен жауапкершілікпен қарау діни тәртіпке бағынушылығынан туындағанын байқаймыз. Тарих бұрмалауды көтермейді. Бірақ шежірелерде тарихи шындықтың өзін жеткізуде ерекше нақыш кездеседі. Олар киелі түсінік, тылсым күш ықпалы деп түсіндіріледі. Зерттеуші М. Әбусейтова тарихи шежірелік туындылар қатарында «ең тәуірі ортаазиялық агиографикалық шығармалар. Оларда сопылық әулиелердің өмірі, мұсылман шейхтарының «ғажайып» әрекеттерін суреттеумен қатар Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тұрмысы мен мәдениетін, тайпалық құрамын, сенім-нанымын, кейде саяси тарихын сипаттаған деректер де кездесіп отырады» - деп жазады [3]. Аян, түс – шындықтың бір формасы ретінде жасалып, оқиға туралы баяндайды. Мұндай киелі мәндегі ақпаратты адамдар жоғарыдан келген киелі күштің хабары деп қабылдайды. Шежірелерде аяндар мен жаратушыдан келген дауыс туралы мәліметтер айтылып, кейбір тарихи оқиғалардың мәні сонымен түсіндіріледі. Киелі мағынадағы шежірелік әңгімелер рулардың шығу тегіне байланысты ғана айтылмай, жалпы қазақ жұртының әуелгі тарихында алған оң батасы туралы баяндайды. Бір шежірелік мәлімет былай дейді: «Қанқожа қыбыланы бетке алып жүріп кетсе, алдынан ақ сақалды адам шығып, жөнін сұрайды. Жөнін айтқан соң әлгі адам: "Алдыңа  қарап жүре берсең бес ноғайлы елі бар, Орманбет деген ханы бар елге барасын. Олар "бес алаш" атанады. Сенен «Ұраның не?» - деп сұраса, «Алаш!» - деп айт. Ол сені  қосып алады. Орманбет билік айтса сен оған көнетін бол. Сонымен алты алаш боласыңдар. Сөйтіп сенің ұрқың күн шығысқа тең таралады» - дейді де, ғайып болады. «Қазаққа қыдыр дарыған» деген сөз осыдан қалыпты [49]. «Құлболды баба да ғайыптың жеті оғы болған, сырын Аллаһ білсін. Алмажай, доғал, кура деп аталады екен. Ғаріпке ем, қылатыны да бар екен» [51]. Шежірелік деректер байырғы қазақ ортасында өткен қасиетті адамдары туралы көп мәлімет сақтайды. Ел ортасы бұл тұлғаларды үнемі еске алып, қадір тұтқан. Шежірелік дәстүрдің мәні де алдымен осында тұр.

Шежірелік деректер көрсетіп отырғандай, қазақтың көшпелі тұрмыс жағдайында рухани қызмет атқарған қасиетті тұлға санатында абыз, диуана, бақсы, оқымысты қожа тұқымдары болған. Олар рубасыларының, билердің, хан-сұлтандарының қасында жүрген. Мысалы, XVIII ғасырда есімі әйгілі тұлғаның бірі Қазыбек би Келдібекұлы туралы айтылатын көптеген шежірелік аңыздарда оның ерекше қасиеттір сөз етіледі. Шежірелік, абыздық, диуаналық, бақсылық дәстүрлерді сөз еткенде біз және осы ертегі дәуірлерден жалғасып жеткен дәстүрлердің сақтаушылары туралы айту тиіспіз. Бұл бірінші сипаты. Абыздардың екінші сипаты – керемет күш иесі болуы. Ең жоғары сатыдағы білім иелеріне жаратушы муғжизалық қасиет нәсіп еткен; онан соң кереметті игергендер. Халық ондай адамдарды абыз атап, әулиелік қасиетіне көзі жеткен соң, ерекше қадір тұтқан.

«Қазақтың шежірелік деректеріндегі түсіндірулер қызметі» атты екінші тараушасы тарихи-генеалогиялық білім тарату үрдісіне тән түсіндірмелер табиғатын талдауға арналған. Естелік, шежіре ретінде сақталған деректерді шежірелік дәстүр талабына орай реттеу, түсіндіру амалдары қалай атқарылғанын айту маңызды. Ауызша дәстүрге негізделген қоғамдарда адам санасы мен жадының аса қолайлы құралы және сенімді архиві, мұрағаты бола алатынына ешбірі күмән жоқ. Сана архивінде ұзақ дәуір бойы адамдардың тәжірибесі сақталған және соның негізінде әр нәрсе туралы түсінік алады. Сана адамдардың жады арқылы мәдениетті, адами өмір тәжирибесін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады және әр нәрсенің себеп-салдарын түсіндіреді. Дәстүрлі  қоғамда айрықша дамыған ауызекі тарихи дәстүр деректері көшпелі әлеуметтің өнімі.

Шежірелерде орын алған әрбір тарихи оқиға немесе құбылыс жайында белгілі бір түсіндірулер болуы керектігі анық. Дәстүрлі түсіндірулердің бір тобы шежірелердің ішкі құрамдық элементтерінен құралған таңба мен ұран белгілері, сондай-ақ антропоним, топоним және жалпы тарихи географияға қатысты бір топ түсіндірулер шежірелердің мазмұнынан табылады. Солайша шежіре деректерінде ұрандырдың шығуы туралы, таңба белгілерінің мәнісі, мағынасы, оны жасаған тұлға туралы, рудың аталуы себептері, руаралық қатынастардың басқа да себеп-салдарларын түсіндіру және тәпсірлеу тәжірибесі шежіре деректерінде жиі кездеседі. Түсіндірілетін объектінің сипатына қарай түсіндіру үлгілері әрқилы болады. Шежірелердегі әуелгі деректердің біршама тобы кейінгі  мәліметтермен тіпті байланысы болмаса да, бірақ нақты бір тарихи шындыққа қатысты тәжірибені сипаттап көрсетеді. Оның ішінде адамдардың жеке естеліктері, әр нәрсенің себептерін түсіндіру, қанатты сөздер, әдеби нақыш үлгілеріне айналған сөздер бар. Бұл деректердің барлығы бір оқиға жайында қалыптасқан ой түю деректері, ой өнімі, тарихи сананы құрайтын ой сатылары болып табылады. Мұндай дерек топтары көбінесе қалыптасқан тарихи жағдайды түсіндіруге, тарихи оқиға туралы баяндауға бағытталған.

Шежіренің іргелік тұғыры — анық тізілген оқиғалар. Оқиғаны баяндаған шежіре алдындағы өткенді растап айтып отырса, олардан түзу мағыналар алынып, жақсы қорытындылар шығарған шежіре де дәмді, пайдалы болмақ; егер оқиғалар теріс баяндалған болса, онан мән шықпайды - деп жазады М. Тұрғанбай  [24]. Әрбір тарихи оқиға жайында, немесе бір әлеуметтік құбылысқа байланысты шежіре деректерінде бір тәпсір, бір түсіндіру беріледі. Ол тарихи тәжірибені тәпсірлеу құралы болып табылады. Негізінен шежірелердегі түсіндіру мен тәпсірлеудің екі түрлі құрылымы бар: біреу шежірелік деректің авторы жасаған түсіндіру мен тәпсір; екіншісі шежірелер дерегін түсінуге ұмтылушы субъекттің берген түсіндіру мен тәпсірлеу мысалдарынан құралады.

Шежіре деректерін түсіндіру мен тәпсірлеу жолдарын табу мақсатында оның баяндау құрылымы; ішкі формасы; хронологиялық сипатты білдіретін элементтер; субъектілерін анықтауға ұмтылдық. Ал, шежірелік тәпсірді белгілі бір қатынастарды түсіндірудің, дәлелдеудің тәсілі ретінде қабылдадық. Жаңа генеалогиялар да тәпсірді, түсіндіруді талап ететін болды. Ондай түсіндіру амалы институционалдық тәртіп ұғымдарына сәйкес, ретті де, әрі толық та болуы тиіс еді. Сонда ғана жаңа әлеуметтік әлем келесі ұрпаққа айқын да, түсінікті де болар еді. Осы тұрғыдан алғанда қазақ шежірелері барлық өткеннен сақталып қалған бұрынғы көшпелілер қоғамының қолданған әлеуметтік конструкция үлгілерінен реттелген бір жиынтық. Міне, ол осы әлеуметтік жаңа құралған болмысты тарих етіп келесі ұрпаққа, жастарға түсіндіреді. Ескі тарихи дәуірдің тарихи шындығына байланысты жаңаша тәпсірлік конструкция жасауда атқарған топтардың бірі қожалар. Генеалогиялық жүйеде «қожа» ұғымы жиі кездеседі. Өз кезінде ислам дінін уағыздау жолында жүрген сахабалар да, сейіт-қожалар да көшпелі түрік жұртына жаңа үлгідегі тарихи таным конструкциясын осылайша жасауы тиіс еді.

Диссертациялық жұмыстың «ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ» атты үшінші бөлімі шежірелік дәстүрде көрініс табатын XVIII-XIX ғғ. орын алған өзгерістері, қоғам, өмір, халық мәдениетінің, санасының өзгеріп-құбылуы, ұлт азаттығы үшін халық күресін суреттеуі, қазақ ішінен ағартушы, ғалым адамдарының шығуы мәселесін қарастырады. Бөлім үш тараудан құралған. «XVIII ғ. жаугершілік заман ықпалы» атты бірінші тарауында шежіре мәліметтеріне аса тән қазақ батырларының ерлігі, қолбасшылары, халықтың әскери тарихы туралы баяндауды талдауға арналған. Қазақ шежірелеріндегі әскери-саяси қарым-қатынастар тарихын суреттейтін тақырыптар қазақ-өзбек, қазақ-ноғай, қазақ-қалмақ, қазақ-қырғыз, қазақ-орыс қатынастары туралы деректер; хан мен рулар арасындағы қарым-қатынас деректерден құралады. Бұдан ертеректегі тарихи аңыз сюжеттері, қазақ хандары дәуірі мен Ақ Орда, Алтын орда дәуірлерінің көріністері, көне мазмұны туралы Ш. Уәлиханов: «көптеген, қазіргі ұрпаққа мағынасы түсініксіз сөздерге қарағанда және тұлғалар туралы тарихи деректеріне қарағанда, олар Алтын Орда дәуіріне жатады» - атап өтті [1].  Қазақ шежірелеріндегі XVII-XVIII ғғ. байланысты мәліметтер негізінен қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды» оқиғалары желісімен қатысты айтылады. Тарихи дәуірді уақыт тұрғысынан реттеуге орай қалыптасқан шежірелік дәстүрде осы екі ғасыр аты көп аталатын тарихи тұлғалармен байланыстырылып, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір, Әз Тәуке хан, Абылай хан, Көкжал Барақ заманы деп айтылады.

XVII–XVIII ғғ. орын алған бұл тарихи оқиғалар ұжымдық санада берік ұстаған білім жинақтаушылар атқарған еңбекке қарай, бұл жаугершілік тарихи дәуір туралы аңыздар мен тарихи әңгімелер әлде қайдай молырақ болған. Бірақ одан кейінгі уақыттың оқиғалары халық санасында, халықтық жадыда жақсы сақталған. М.Ж. Көпейұлы деректі шежірелік жазбаларындағы ХVIIІ ғасырды баяндайтын қазақ тарихының оқиғалары Абылай заманына байланысты көптеген тарихи аңыз-әңгімелерді қамтып жатқан үлкен бір тарихи дәуір. Осы туралы қазақтың тарихшысы М. Ж. Көпейұлы: «Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие бола қалған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаумен алысып, жатпен соғысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздары жаумен жағаласқанда оққа ұшып, өліп, сөйтіп алынған жер еді» – деп жазған [19].

XVIII ғасырдың ауызша тарихи дәстүрінің репертуарында қазақ халқының жоңғар басқышыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихы ерекше суреттеледі. Бұл туралы Ш. Уәлиханов: «Ата-бабаларының ерлігін жырлайтын көне жыр-аңыздар жазу-сызуға түспей ауызша айтылып келуіне қарамастан, шежіре сақтаушы жыршылардың суырып салма импровизаторлық ғажаб өнер қабілеті мен халықтың тарихи өлең, дастан, ертегі, аңыз, әңгімелерге ден қойып сүйіспеншілікпен тыңдауының арқасында ұзақ жылдар бойы ауыздан ауызға айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып осы күнге дейін сол өзгермеген таза қалпында сақталған, және жапан даланың әрбір шетінен хатқа түсірілген сол мұралардың барлық көшірмелері өзара ұқсас келеді" – деп жазған [1]. Жыр дәстүрін атқарған қызметі жағынан шежірелік мұраға жатқызған өте дұрыс. Жырау мен жыршы атқарған әлеуметтік-мәдени қызметті осы шежірелік жады мен дәстүрлі тарихи сана арқылы іске асырған. Сол тарихи дәуір шындығын жырға салған атақты Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Үмбетей, Бұқар сияқты тарихты шежіре еткен жыраулар болған.

XVIII ғасырда қазақ даласында орын алған негізгі тарихи оқиға қазақ-жоңғар арасындағы соғыстарға байланысты болған. Абылай заманындағы жаугершілік туралы әңгімелер тақырыпшалардан құралған: «Ақтабан шұбырынды» «Қалмақ қырылған», «Талқан соғысы» және т.б. Осы кездегі қазақ батырларының данқты ерліктерін сипаттаумен қатар, көптеген ежелгі жыр-аңыздарда кездесетін мұндағы адами мінезді көрсету фактілерде өзінше құнды. Соның бірі Абылай ханның өзінің іс-әрекеттері арқылы, оның қол астындағы батырларының ерлік пен өрлік, намысқойлық қасиеттерін сынауы. Осы Абылай заманындағы тарихи әңгімелердің бір тобы батырлардың әскери соғыс өнері мен әскери тәртіпті сипаттайды: Даңқты батырлардың ішінде Олжабай, Жасыбай, Малайсары, Жазы, Бөгенбай батырлар туралы деректер әсіресе толық. Ол туралы архивтік деректер орыс ғалымдарының еңбектерінде, қазақтардың шежірелері мен батырлар жырларында бар. Бізге сақталып жеткен аңыздар мен өлеңдер әр дәуірде орын алған оқиғалар бойынша қалыптасқан ауызша тарихи әңгімелер үлгілерінің азғана болса да құнарлы бір бөлігі.

Cонымен, шежірелік деректердің бір қабаты қазақтың саяси-әскери тарихында ерекше аты аталатын тарихи тұлғалар туралы әңгімелерді, дәстүрдің өзіне лайық қалыптасқан баяндау стиліне орай қалыптасқанын аңғарамыз. Халықтың санасында жалғасын тапқан шежірелік деректердің міндетті мәдени-әлеуметтік қызмет атқарғаны анық. Бірақ оны түбегейлі орындау мақсатында шежірелік деректердің баяндалуында әртүрлі нұсқадағы ауызекі мұралар да, тысқы тарихнамалық дәстүр төңірегінде қалыптасып, сырттан енген тарихи дерек үлгілері қатар болғанын аңғардық.

«ХІХ ғ. - ХХ ғғ. басындағы отаршылдық кезең ықпалы» атты екінші тарауда ұлтқа төнген түрлі қауіптер ықпалымен ұлттық тарихнама нышандары ретінде көрініс беретін қазақ шежірелерінің жазба нұсқаларының пайда болуы, оның авторлары туралы айтылады. ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ ортасында ұлттық тарихтың мәселелері өзекті тақырыптарқа айналды. Әуелі қарапайым тұрғыда қойылатын «біз өз тарихымыздан не білеміз» деген сауал сол кезде де жиі айтылатын болса керек. М. Дулатұлы: «қара халықтың ұғымынша, «атамыз Адам пайғамбар» деп, бәріде жаттап алған құрғақ шежірені саулата берумен қазақ пен қырғыздың тегін еріксіз «пәлен әулие, түген сахабаға апарып телумен нағыз тарих шықпайтыны оқымысты, білімді азаматтарға аян» - деп, жазған [7]. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық күрес оқиғалары мен соған қатысты тұлғаларға орай айтылған әңгімлереден құралған. Аяғы  1916 жылғы оқиғаларға келіп тіреледі. Осы кезең тарихи шындығын ұрпаққа жеткізу халықтың кемеңгер адамдары мақсат тұтты. Сондай зиялылық мәндегі әлеуметтік-мәдени үрдістің нәтижелері қазақтың шежірелік дәстүрінің жаңа сатыға көтерілуіне әсер етті. Ш. Уәлиханов қазақтың әрбір текті ақсақалы өз руының шежіресін анық біледі,деп айтқан [1]. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең әйгілісі –  "Абылай",  "Қырғыз рулары", "Ұлы жүз туралы", "Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары", "XVIII ғ. батырлар жыры" және т.б. Бұл еңбектерде Шоқан тек қазақ емес, сондай-ақ жалпы түрік-моңғол жұртының тарихи жәдігерлері туралы көп ізденген: яғни, олардың шығу тегі, тарихи деректері, мәдени ерекшеліктері, тәңірлік түсініктері, бақсылық дәстүрі, ру құрылымы, халық календары, хандары, космогониясы, наным-сенім жүйесі, қазақ ортасындағы мұсылмандық құқық, шежірешілер, қария сөз, аңыздардың мазмұны, атақты адамдары, рухани құндылықтары және т.б. өткір көп мәселелердің барлығының басын қайырып, зейін қойып, тиянақты ізденген.

ХІХ ғасырдағы қазақтың шежірелік дәстүрі жалаң генеалогия қуып кетпей, тарихи шындыққа өте жанасатын, дәлелді фактілерге сүйенген [52, 56 б.]. ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында қазақ шежіресінің жазба дәстүрін қалыптастырған М.Ж. Көпейұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Н. Наушабайұлы, Қ. Халид есімдері белгілі. Бұл ғалымдардың барлығы да атаның алдынан жат сабағын игеріп, молланың алдынан хат танып, ислами ғылым орталықтарында медресені тамамдаған хакімдер болды. Н. Наушабайдың Қазан баспасынан 1903 жылы жарыққа шыққан "Мәнзұмат Қазақия" еңбегінде шежіре тарауларымен қатар исламдік діни қағидаларды бірдей мәлімдеп шыққан. Қ. Халидтің 1910 жылы жарық көрген "Тауарих хамса" еңбегіндегі назарға ілігетін шығыстық ықпал өз алдына, сол сияқты Шәкәрім де тарихи тақырыпқа қалам тартып, сонымен қатар діни философия турасында көп ізденіп еңбектенген. Абайдың өлеңдерінде – исламдік ілім, қара сөздерінде – қазақтың арғы түбі турасында сөз етілмей қалмайды. Шежірелік дерек қалдырған зиялының бірі М. Сейдалин (1872-1929) мен С.А. Жантөрин еді (1837–1890). Ол да Тілеумұхамбет сияқты Орынбор кадет корпусының Азия бөлімін бітіріп отаршыл әкімшілік орындарында қызмет істеді. Көптеген жылдар бойы қазақтың ауыз әдебиетін жинауға ат салысты. Оның белгілі мақалалары «Очерки киргизского коневодства», «Киргизские песни» және «Образцы киргизской поэзии», оқырман көңілінен шыкты. Кіші жүзде қазақ тарихы мен этнографиясын ыждихатты жинақтаушылар М. Таукин (1813–1892), С. Бабажанов (1832-1898), Б. Дауылбаев. Олар өлкетану ісіне Қазан, Орынбор музейлері арқылы бейімделді. Бұдан басқа да жергілікті баспасөз бетінде Мұхаметқали сұлтанның жазғандары аз емес.

М.Ж. Көпейұлы 1907 жылы Қазан қаласында «Сарыарқаның кімдікі екендігі турасында» және т.б. кітаптарын баспадан жариялап, мұның арты үлкен дауға айналған. Себебі М.Ж. Көпейұлы бұл кітаптарында қазақ тарихына сүйене отырып орыстың отаршыл саясатын әшкерелеген. Қазақтың бабалардан сақталған қазақ жерінің тұтастығын сөйледі, қазақтың өз жері үшін тарихи құқығын дәлелдеді. М.Ж. Көпейұлы әлеуметтік-мәдени жағынан тек қана ақын, әдебиетші, шежірешілдік немесе қазақтың ежелден келе жатқан ауызекі тарих айту дәстүрін сақтау қызметін атқарушы ғана емес, сонымен қатар ұлттық тарихи дәстүрді жаңаша сапаға көтерген ғалым. М.Ж. Көпейұлы мен Абай Құнанбайұлы өзара хат алысып тұрғаны, олардың қазақ ұлтының мүдделері туралы пікірлестігі турасында, С. Мұқанов: «Абай үйінің ұңғыл-шұңғылын түгел ақтарған полицияның қолына қазақтың белгілі ақыны, ауыз әдебиетінің үлгілерін иждаһаттап жинаушы М.Ж. Көпейұлы жазған бір хаттан басқа күдікті ешбір зат түспеген. Бұл хатта М.Ж. Көпейұлы Абайға патша өкіметінің елге жасап отырған қиянаты туралы жазып, оған қалай қарсы тұру жөнінде» пікір білдірген [53, 186 б.]. Бұл дерек М.Ж. Көпейұлы халықшыл, қазақ ұлтының жанашыр болғанын көрсетеді. Олай болатын болса, М.Ж. Көпейұлының ұлтшылдық, халықшылдық негізін байқататын қазақтың дәстүрлі ұлттық тәрбиесі мен жақсы ортада өскені.

Қазақтың айтулы шежірешілері қатарында Ш. Құдайбердіұлы, М.Ж. Көпейұлы сияқты шежірешілер ғана өздерінің білген, жиған тергенін хатқа түсіріп, баспаханадан жарыққа шығарды. Абай Құнанбайұлы қазақтың арғы тегін семит халықтарының аталас қылу дәстүріне сын көзқараспен қарай отыра, қазақтың тегі түркі-моңғол жұртымен тарихи тығыз байланыстылығына дәлел іздейді: «Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен … Асыл түбі қазақтың – сол татар» - деп жазады [54]. Қазақтың мұндай ата-тарату жүйелерінің авторлары қожа мен сейід ортасынан шыққан ортағасырлық ойшылдармен байланысты болған. «Біздің халқымыздың ахуалын жазуға өзге милләт–ұлт былай тұрсын, көп елдерді басып алып, Шынға дейін жеткен арабтар, шығыс тайпаларының арасын айыра алмай арабтан өзге шығыс халқын «ажам» деп қоя салған» - дейді Қ. Халид жазған [23].

М.Ж. Көпейұлының еңбегінде қазақтың ата-тек тарихы дәйекті талдауға түскен: «Мен де нұсқалардан көрумен, кәрі құлақтардан естумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып, шыңдап, теңдеп айтып отырмын. Өзінен шығып жазбаған соң, қазақты кім болса сол ғарап деп айтады. Әбілғазы айтпай ма, арғы атамыз Ер Түрік деп!? Дұрысы сол болады» [51]. Бұл дерек М.Ж. Көпейұлының тарихты дәлелді сөзге сүйеніп сипаттайтынын көрсетеді. ХІХ ғасыр соңында еңбек еткен Қ. Халид қазақ халқының тарихы ру-тайпалар тарихынан құралады деп жазған. Мәселен, найман елінің тарихы ел аузында бар, бірақ хат пен жазуды керек қылмағандықтан кітапқа жазылған тарих болмай отыр деп көрсетеді. Ал Шәкәрім болса, «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан берлі сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әртүрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым; ол оқып көрген кітаптардагы сөзді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, оған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, жаздым» - деген. М. Тұрғанбайдың «Шежіре» атты мақаласы 1918 жылы «Абай» журналында жарыққа шыққан. «Өзімізді қатарлы ұлттан санап, ұлт мектептерін ашып, ұлтымыздың шежіресін керексіз қылсақ, үлкен ұят» - деп жазған бұл автор, мақаланың негізгі мақсаты қазақтың тарихи санасын жетілдіріп, сол арқылы ұлттық санасын ояту қажет екендігін білдірген.

 «Қазақтың ХХ ғ. тарихи танымындағы шежірелердің орны» атты үшінші тарауда шежірелік дәстүрдің өміршендік себептерін қарастыру мақсат етілген. ХХ ғасырда шежіре деректерін жинаған, зерттеген, немесе шежіре туралы пікір айтқандар фольклоршылар мен тіл, әдебиет мамандары, публицист, жазушылар, тарихшы-этнограф ғалымдар мен дерек пен тарихнама зерттеушілер. ХХ ғасырда басында қазақ шежірелерін халықтың өткен тарихы мен тағдырын зерттеуге кеңінен қолданған, шежіре мәліметтерін рулық, этноәлеуметтік тұрғыдан зерттеу тарихында Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсын, М. Дулат, А. Чулошников, М. Тынышпаев, Ә. Марғұлан, Х. Арғынбаев, М.  Мұқанов, В. Востров тәрізді ғалымдардың есімі әйгілі. Ә. Бөкейхан мақаласында: «Нұрфайыз хазіреттің жазып көрсеткен шежіресі мынау: Анас, оның баласы Мағаз, оның баласы, Сахил, оның екі баласы – Ақ Қорай һәм Ақ Шолпан, Ақ Қорайдан Аламан, онан Алаш, онан Жаил хан, онан Майқы би. Осы шежіренің ешбір жері тарихқа дұрыс келмейді ... сол елдің осы күнгі балалары өздерін Анастың баласы санап, қазақты онан 500 жыл соң туғызып жүргені – ұят-ақ» - деп жазған [55]. М. Тынышбаев қазақ халқының ру генеалогиясын зерттемейінше қазақтың тарихи көрінісін көзге елестету мүмкін емес дегені белгілі [23, 3 б.]. Шежіре – көшпелілер қоғамының дәстүрлі институттарының негізгісі. А. Байтұрсынұлы қазақ ауыз әдебиетінің жүйесін саралай отырып ауызша дәстүр, шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме тарих пен тарихи әңгімелерден құралады деп пайымдау жасаған. Әдебиет және тіл тұрғысынан алғашқы болып шежірелерге баға берген ғалым А. Байтұрсынұлы: «Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді. Тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады» - деп, шежіре мен тарихтың арасындағы байланысты  тиянақтап жазған ғалымдардың бірі [7, 398-399 б.]. Х. Досмұхамедұлы (1883–1939) мұрасында 1928 жылы Ташкентте шыққан «Қазақ халық әдебиеті» деп аталатын қысқаша очерктің орны ерекше. Мұнда Х. Досмұхамедұлы халық ауыз әдебиетіне шолу жасап, әдеби үлгілерді толық қамтуға тырысады, жанрларын жіктеп, топшылау енгізеді, олардың ішкі мазмұнын ашады, шежірелерді «жеке адам шежіресі, тайпа шежіресі, ру шежіресі, ата шежіресі, хан шежіресі» деп жіктеген [56, 34 б.].

Е. Бекмаханов және Ә. Марғұлан сол ғалымдар қатарында болды. Оның қазақ тарихына байланысты алғашқы ғылыми мақалалары қазақ рулары, жыр, шежіре дәстүрі турасында жазылған. Е. Бекмаханұлының зерттеу тақырыбы қазақ жерлерінің отарлануы, патшалы Ресейдің жүргізген саясатының мақсаттары қазақты тәуелсіздігінен айырып, өз қоластына күшпен қаратылуы болды. Е. Бекмаханұлы қазақ тарихының ең белесті оқиғалары қатарына Кенесарының азаттық жолындағы күресін қоя білді. Е. Бекмаханұлының халық арасында кеңінен тараған ауыз әдебиеті үлгілерін аса орынды пайдаланғанын байқаймыз. Ол "Наурызбай мен Ханшайым", "Жасауыл қырғыны", "Санжар батыр", "Кенесары" және басқа да халық жырларын өзінің еңбегінде талдайды. Е. Бекмаханұлына тән тағы бір ерекшелік – осы ауыз әдебиеті мұраларын бұрмалау атауларына төзбей, шындықтың бетіне тура қарап, өзінің пікірін бүкпесіз айтуы. Ғалымдардың тарихи фольклор деректерін тарихи зерттеулерде қолданғаны үшін қуғын көріп, репрессияға да ұшырағаны аз емес. Едіге жырына орай М. Әуезов, Ә. Марғұлан сияқты ғалымдар Едіге бейнесі турасында көзқарас білдірген үшін сынға ұшыраған. Соның бірінде: «в докторской диссертации на тему Эпические сказания казахского народа и в других трудах А. Маргулан оценивает восторженно без исключения казахский богатырский эпос»  делінеді [57].

ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Х. Арғынбаев, М. Мұқановтар этникалық территориялар мен ру-тайпалық құрылым зерттеу ісіне шежіре деректерін қолданды. Белгілі шығыстанушы В. Юдиннің Өтеміш қажы шығармасын зерттеу барысында қария сөз, шежіре, жалпы ауызша тарихи дәстүр турасында салмақты ғылыми пікір білдіреді. Ол қария сөздерді үлкен тарихи мәні дерек ретінде қарастырып, оны «далалық ауызша тарихнама» деп атады. Шежіре деректері М. Мұқанов, В. Востров сияқты этнограф ғалымдардың ғылыми монографиясында қолданысқа еніп, қазақ халқының ХVІІІ–ХХ ғасыр басындағы рулық құрамы мен қоныстануы зерттелді. Мәдениетті және оның құрамдық элементтерінің даму заңдылықтарын тіршілік талаптарымен түсіндіретін болсақ көшпелілерге қатысты түрде олардың мәдени құбылыстарын экономиканы ұйымдастыру тәртібінен туындатар едік. Н. Масанов қазақтың көшпелілік мәдениет мал шаруашылығы әсерімен болған дейді [58, 239 б.]. Бұдан гөрі Н. Әлімбайдың: «қазақ шежіресін көшпелі ортадағы тарихи сананың институттанған деңгейі, болмысы, бітімі» - деген тарихи-антропологиялық  ұстаным тұрғысындағы анықтамасы шыншыл [59, 161 б.].

Сонымен, ХХ ғасырдағы ғылыми тарихи танымда шежірелер деректері әртүрлі еңбектерде жан-жақты қолданыс тапқанымен, шежірелерге байланысты айтылған пікірлердің екі ұшын табуға болады. Бұл туралы жазғандардың басым көпшілігі шежірелерді қазақтың қауымдық құрылым, рулық, тайпалық ұйымдарына қатысты зерттеулерде тиісінше артығымен қолданған.

Диссертациялық жұмыстың «ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖЕКЕ АСПЕКТІЛЕР» атты төртінші бөлімі жүргізіліп отырған негізгі деректемелік ізденіске сай тарихи тұлға есімдері және өмірбаяны, жер-су, тарихи география мәліметтері, ғылыми таным мен тарихи тәлім арақатынасы сияқты жеке мәселелерге тоқтауды көздеді. Себебі шежірелер табиғаты синкретті қоғамдық құбылыс ретінде өз бойында көптеген аспектілерді сақтайды. Оның барлығы шежірелік деректер сақтаған мәліметтерді тәпсірлеуден шығатыны анық. Бөлім үш тараудан құралған. «Қазақ шежірелеріндегі тұлғалар есімдері және өмірбаян деректері» атты бірінші тарауында бұл деректеме мазмұнына тән адам аттары және тұлға өмірін суреттеу қаралған. Адам есімі бірден-бір деректік белгі. Қазақтың балаға ат қою дәстүрінің шежіремен байланысы мол. Қазақта есім беру, балаға ат қою дәстүрі ескі түркі дәуірінен жалғасқанын қария сөз де дәлелді негіздейді. Тарихта өткен есімдер қайта жаңғырып отырған. Қазақтың соңғы ұлы ханы Абылайдың өзі де арғы бабасы батыр Қанішер Абылай сұлтан есімімен аталған. Бұл әулетте Уәли есімді тұлға да жалғыз емес. Қазақ халқының тарихындағы Әбілқайыр, Барақ, Бөгенбай батырлардың есімдері және Едігелер мен Майқы есімді әйгілі тұлғалар бір емес бірнеше болғаны мәлім. Қазақтың балаға есім қоюда туған жер, су, күн, ай аттарына сәйкестеу, төрт түлік малдың, жабайы аңдар мен құстардың атауларына байланысты ат қою әдеті болған. Қару-жарақ атауларын алу, жыл, ай, жас, сан мөлшеріне байланысты атау қазаққа тән. Мағзұм қарияның шежіресі, «Сарыарқадағы жер атының бәрі де кісі атын. Бір дүниеден озған кісінің атын бір жерге қойып, сол кісінің аты сол жерге ат болып қалады, және сол жерде бір бала туса, сол атты оған тағы қоя салады», - деп мәлімдейді [60]. Мұның өзі генеалогия үшін мағлұматты дерек, шежірені талдауда ескеру тиімді, әрі генеалогияда ізденіс үшін маңызды. Қазақта адам есімдерінің біршамасы көне тарихи дәуірлерден жалғасып келгеніне жазба деректер де айғақ. Түркілердің ескі жұртында тасқа жазылған жазба ескерткіштерінде адам есімдері жиі кездеседі. Бұл ескерткіштерді зерттеген белгілі түрктанушы ғалымдардың еңбектерінде айтылған. Мысалы, Құтлық, Инал, Барыс, Едіге, Еркін, Күл, Оң, От, Таң, Күлік, Лашын және т.б. Мұсылманша есімдер де жиі кездеседі. Дін ислам ықпалымен енген араб сөздері адам есіміне айналу үрдісі қалыптасқан. Қазақ генеалогиясында жиі кездесетін бір жайт – қосалқы есім. Заман ағымы есім қою дәстүріне жаңаша ықпал етіп, біршама өзгерістерге әкелді. Әрине, бұл үрдістің өзінше кемшіліктері бар. Дәстүрді қатаң ұстану кез келген халыққа өз мәдениеті мен тарихын сақтау үшін пайдалы. Қазақта адамға ерекше ат қою әдеті өзі шежірелік дәстүрге лайық қызмет атқарған, өйткені қайталанбас есімдер ауызша шежіре айтуға қолайлы болған. Сондай-ақ, шежірелік мұрада тарихи тұлғаларың ғұмырбаянына қатысты деректер де молынан кездеседі.

 «Қазақ шежірелеріндегі жер-су, тарихи география деректері» атты екінші тарауында қазақтың ата-қонысы, ескі жұрты, көш жері туралы мәліметтерге тоқталуды көздеді. Шежірелердің көбінде ру-тайпалар тегімен қатар азды-көпті жер-су туралы деректер жүреді. Олардың мазмұны руға айналу, көшіп-қону бағыттары, қоныстану туралы аңыздарын сақтайды. Әсіресе ата-жұрт туралы аңыздар көп болады. М.Ж. Көпейұлы Асан Қайғының жер-су турасындағы сөзін жинақтады. Сонымен қатар М.Ж. Көпейұлы «Сарыарқадағы жер атауларының барлығы ата-бабаларымыздың қойған аттары, - дей келе, Сарыарқадағы қазақ топонимдерінің аталу тарихын, «Сарыарқада жары терең сулар, өзен орындары сол замандағы ноғайлардың егін салдыру үшін қазған арығы екен» - деп, аңыз-әфсана мазмұнымен түсіндіреді. Сөзсіз, жердің, көлдің, адыр, бұдырлардың тарихи атаулары, оларға байланысты өткен оқиғалар сенімді бір дерек көзі.

Шежірелік сюжеттерде әртүрлі географиялық кеңістік туралы ұғымдар сақталған: Жиделі байсын, Төрт төңірек (генеалогиялық кеңістік ретінде), Он екі Қазылық, ой Түндік, Сарыарқа, Жетісу, Алтай, Түркістан, Қаратау, Маңқыстау, Еділ-Жайық, Ойыл мен Қиыл. Сонымен бірге жол қатынастары туралы деректер баяндайды. Сарыарқа жеріне орай халық ортасындағы тарих М.Ж. Көпейұлының шежіре еңбектерінде үйлесімді сипатталады. Мұрат Мөңкеұлы айтады: Бұл қоныстан әуелде //Жеті жұрттың кеткенін //Жеті жұрт көшіп кеткен соң //Атамыз қазақ баласы //Қонып мекен еткен жер //Мыңнан-мыңнан жылқы айдап //Жүздеп-жүздеп нар байлап //Дәулеті қалың біткен жер //Аузы түкті кәпірдің //Басы шоқты қалмақтың //Қанын судай төккен жер [61]. Шежірелік деректерегі жер-су, тарихи география мәліметтері өз алдына жеке мәселе.

«Қазақ шежірелеріндегі тарихи таным және тағлым» атты соңғы тарауы – шежірелік тарихи ой-сана тәсілдерін талдауға арналған. Қазақтың тарихи таным түсініктері далалық тарихтану дәстүріне лайық дамыған. Тарихи сана өз бойында тек аса маңызды мәні бар тарихи оқиғаларды сақтайды, өйткені оның табиғаты тарихта өткен көрнекті тұлғалардың, қалың әлеуметтік топтардың, көсемдердің іс-әрекеттерінен бастау алады. Шежірелер құрылымы тарихи-генеалогиялық, тарихнама дәстүрлері мен деректемелерді қамтығанымен, сондай-ақ оның мазмұнындағы айқын көрініс таппайтын құбылыстардың бірі – тарихи сана мен ой жиынтығы. Тарихтың менталитет пен ұлттық, адами мінез-құлық үшін тәлімі турасында М. Тұрғанбай «Шежіре баяндаған оқиғалар мінезге үлгі, ғұмырға жоба береді … шежіре алдыңғы адам баласының басынан кешкен оқиғаларының куәсі» - деп жазған [24]. Көшпелілер ортасындағы дәстүрлі ойлау ескілікті тұрмыс жағдайында қалыптасқан ұғымдар арқылы сол қоғамға лайық қалыптасқан әлеуметтік, билік, тәрбие және меншік қатынастарының тәртібін түсіндіреді. Рулардың құрылу, одақтасу тарихы да "енші бөлу", "таңба үйлестіру", "руды бөлісу" сияқты трафареттік сюжеттерменен сипаттала әңгімеленетіні, шежірелік деректің өн бойында сигнификатық механизмдерді байқатады. Тарихи білім мен сана сапасы елдік, ұлттық, мемлекеттік сананы қалыптастырады. Тарихи білім табиғаты екі түрлі: халықтың өмір тәжірибесінен жиылған; ғылыми әдіс қалыптастырған. Тарихи сана тарихи оқиғалар туралы білімнен қалыптасады. Шежірелер тарихи деректердің қайнар көзі, сондай-ақ дәстүрлі тарихи білімнің іргелі негізі, ұлттық тарихтың табантасы, тас тұғыры болып табылады. Мұндай білім халықтың ұжымдық жадында сақталады.

Шежірелік сана құбылысы туралы төмендегідей тұжырымдар жасау тиіспіз:  1) Шежірелік сана билік жолын түсіндіру арқылы оның реттеу, басқару тәртібінің сақталуына (әсіресе, төрелер шежірелері) әсер етеді. Хан, сұлтан, билік, төрелік, қазылық ету лауазымдарының тарихи мәнін түсіндіреді; 2) Шежіреде айтылған болжау ойлары абстрактілік танымдық құралдардың, сол тарихи дәуірдің тарихи-қоғами ойлау мәдениетін көрсетеді. Жаңа әдеп ықпал бағыттарын алдын-ала бағдарлап отырудағы тарихи сана қызметі осы жерден көрінеді. Шежірелердегі Асан Қайғы, Бұқар жырау, Мөңке би, Абай, М.Ж. Көпейұлының тарихи болашақты болжаулары соған айқын мысал; 3) Тарихи сана құрамында тұрақты компоненттер де болады. Тарихи сананың өзгеруілеріне қоғамның саяси-экономикалық, тұрмыстық, рухани үрдістері ықпал етеді. Осындай ішкі фактор болып келген тарихи санаға байланысты институттік құбылыстар шежірелік мәліметтің өзіндік ұйымдасу себеп-салдар қатынастары, оның ішкі құрылымы тұрғысынан талдануы, шежірелік сана құрылымы, табиғаты, қалыптасуы туралы мәселелерді қамтиды; 4) Тарихи сана қазынасын – мәңгі өшпес мұралар (Домбауыл, Алаша хана, Жошы хан мазарлары, Арыстан баб, Әзіреті Сұлтан кесенелері, Бекет ата сияқты); халық жырлары, күй, дастандары, баталары, шежірелік насихат сөздері құрайды; 5) Ұлттық сана тәрбиелеудің алғашқы сатысы қазақ отбасы, ата-ана тәрбиесі. Қазақ шежірелері: «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тоң пішер» деп осыны мегзейді. Қазақ ауызсөз мәдениетінде қалыптасқан «жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деген сияқты қолдау және тыйым салу схемалары тарихи-генеалогиялық білімге үндеудің бір үлгісі; 6) Қазақ генеалогиясы мазмұнында туыстық, рулық, азаматтық сананың қызметі жасырылған. Қазақта тарихи сана шежіре айту арқылы қызмет етеді, жыр жырлау арқылы іске асырылған; 7) Шежірелік сана дәстүрлі өмірдегі шежіренің идеологиялық сипатын анық көрсетеді; 8) Тарихи таным мен сана ұштасқан жерінде ұлттың мәдениет пен әлеуметтік құндылықтар қордаланған. Шежірелер – қазақтың құндылықтар жүйесін тасымалдаушысы. Мәдениет пен тұрмыстағы консервативтік салт-дәстүр мен құндылықтардың формалары мен қалдықтары да (пережиток) шежірелік деректерде сақталған; 9) Өткен замандарда қазақ шежірелері дәстүрлі ұлттық менталитет, қоғамдық сана тәрбиелейтін мектеп болды. Адамның барлық болмысын белгілі бір тәртіп, әлеуметтік бақылау, саяси-құқықтық басқару мен қоғами тұрақтылыққа бағындырылған; 10) Шежірелердегі мысалдарда батырлар тұлғасының өн бойындағы ұлт-азаттық ой-ниетіне беріктік, мінез қайсарлығы тамаша суреттеледі; 11) Шежірелерде сақталып келген тарихи сананың табиғаты оны жасаушы нақты субъектілердің, шежірешілердің, қариялардың тұлғалық жеке санасынан туындаған. Заман талабына орай туындаған тарихи сана көшпелілердің қауымдық жүйесінде мәні зор, түсінікті, өзекті ортақ қоғами тәжірибелік құбылыс болғандықтан, шежірелер тарихи әлеуметтену мәселесінде қоғами институт ретінде қызмет атқарды. Шежірелік тарихи сана мен таным көшпелілер қоғамының ортасында дәстүрлі тәрбие жүйесімен тығыз байланыста болған. Сонымен, тарихи сананың табиғаты, тамыры халықтың терең әлеуметтік, қауымдық тұтыну талаптарынан, адамның жеке сана қажеттілігінен туындап бастау алады және тарихи танымның формасы сол қауымға сәйкес қалыптасқан социумдық қарым-қатынастардың табиғатына байланысты. Дәстүрлі сананың құрамында қазақтың бұрынғы салт-дәстүр мен көшпелі мәдениетінің рухани құндылықтары жақсы сақталғандықтан, ол ортағасыр дәуіріндегі тарихи шындық болмысын тану мақсатына деректік негіз болатындай мүмкіндікке ие, және мазмұнында әлі де құнды әрі пайдалы мәлеметтер жиынтығы көп. Осы үш түрлі сана төңірегінде тарихи фактілерді, тарихи оқиғаларды, тұлғаларды және мәдени-тұрмыстық құбылыстардың тарихи негіздерін қабылдау формалары қалыптасқан.

ҚОРЫТЫНДЫ бөлімінде төмендегідей тұжырымдар жасалған:    

1) Шежірелік дәстүр аға буын ұрпақ тарапынан әңгімелеуімен, қарияның айтуыменен жалғасады. Олар, әрине, өзінің жеке, әрі бұрынғы ұрпақтардың маңызды тәжірибесін сақтаған субъектілер. Шежірелік қария санасы тарихи жады арқылы есте сақтаушы басқа субъектілердің айтып сақтаған мәдени қағидаларын, адамның өмірлік тарихи тәжирибе-білімін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған. Шежірелік қасиеттің өзі қария жадында сақталған тарихи білім-тәжірибе деректерін ауызекі күйінде беруде жатыр. Шежіреші сақтаған мәліметтің бұқара халық ортасында таралуы үрдісін байқаған соң, сол тарихи ақпараттың өзіндік қызметі тарихи, танымдық, идеологиялық, болжамдық сипатта болғандығы анық көзге түседі.

2) Шежірелердің жыр, өлең, айтыс, кесте қалыптары, шежірелік әңгімелер, дастандар және сол сияқты сөз нұсқалар, тәмсілдер, «деген екен...» дегендей барлық үлгі-нұсқалар шежірелердің формалары ретінде кездесетін шежірелік мәтіндерден айқындалды. Мұны таспаға жазылған үлгілерінен де көріп, оқылуы мен түсіндірме тәжірибелерін де сараладық. Шежірелер – ауызсөз бен әуен мәдениеті барлық үлгілерін қамтыған адамның интеллект, ес-зерде өнімі, ой-сана қызметі мен әрекеттерінің жемісі екенін ескеру керек. Шежіредегі адамдардың қауымдасуы туралы мәліметтер қоғами-мәдени құбылыстары туралы баяндайтын жиынтық тарих. Мұнда ертегілер, қария сөз (жеке дәстүр ретінде), шежіредегі ұрпақтар буыны мен атақты тұлғалар есімдерін тізімдеп баяндау, бейнесін аңызға айналдыру, атын ұран ету, тарихын, ерлігін жырлау, немесе тәмсіл сөзге айналдыру, батырлығын, өлеңмен әуендету, дастан мен айтысқа қосу, ән мен күйдің ерекше сарынымен баяндау ("Қорқыт", "Ақсақ құлан" т.б.), толғауға салу амалымен тарихи өмір және тұрмыс шындығы туралы ой түю, тасқа таңбалау, бәдізге айналдыру және басқа да жәдігерлеу амалдарымен тарихтың керекті ақпаратын сақтап отыру арқылы, халықты есеңгіретпей, есінен айырмауды мұрат тұтқан нұсқалар бар.

3) Шежіре көшпелілердің мәдениетіне тән түрде жалғасын тапқан ауызша (жазбаша) тарихи дәстүр, қазақ халқы тарихының аса маңызды тарихи дерек көзі. Шежіре деректері дәстүрлі мал кәсібін дамытып, көшпелі тұрмыс құрған қазақтың әлеуметтік-мәдени өміріндегі күнделікті экономикалық, діни, саяси іс-қималдарын, тұрмыс жайын, шығармашылық қабілеттері мен отбасылық салтын мейілінше дұрыс, ғылыми объективті түсінуге қызмет етеді. Шежірелердің мазмұны әртүрлі замандардан сақталған хикая, әңгімелер мен генеалогиялардан құралады. Халықтың өткен тарихи өмірі ауызекі дәстүрдің сан-салалы жанрлар жүйесінде толық көрініс табады: тарихи аңыздар мен өлеңдерде; батырлық жырларда, ертегілерде, ескі сөз бен қария сөзде де. Баяндаулардың негізінде рулық жүйені генеалогиялық ретпен ұқтырылатын социум конструкциясы түсіндіріледі, өйткені шежіре – біріншіден, тарихи тәжірибені жалғастырушы құрал; екіншіден, келесі ұрпақтарға жалғасатын білім жиынтығының түп қазығы; үшіншіден, әлеуметтік шындық туралы генеалогиялық құрылым; төртіншіден, ата мұрасы. Шежіре құбылысы өз бойында «рулық құрылымдар», «ата-тек», «генеалогия», «насабнама» мағыналарын сақтағанымен, оның іргелі ұғымдық мәні «жады» сөзінен туындаған. Кең байтақ қазақ жерінің түпкір-түпкірінде әртүрлі уақыттарда өткен атақты адамдары, рулардың қасиет тұтқан, бойына құт дарыған тарихи тұлғалары (әулиелері, дәулет біткен берекелі байлары, аузы дуалы қадірлі ақсақалдары, аты ұранға айналған батырлары, тілге шешен дана билері) туралы тарихи деректерді тек осы шежіре мәліметтеріне сүйеніп жазуға болады.

4) Шежіре сақтаған генеалогиялық мұра – қалыптасқан әлеуметтік әлем моделін келесі ұрпаққа жалғастырады. Қазақтың көшпелі шарушылығы мен қоғам құндылықтарын сақтаған, тасымалдаған дерек айналымындағы шежірелік мәліметтер бірнеше қайнаркөзден құралады: а) дәстүрлер, мәдени жиынтықтар, ә) наным-сенім түсініктері, б) діни хикая, рауаяттар. Шежірелер – дәстүрлі қоғам мұрағаты. Өзінің этникалық менталитет белгілері мен наным-сенім, ырым, космологиялық түсініктерін сақтау жағынан архаикалық қасиеттері артық; түркі ортасында, әсіресе қазақ халқында, генеалогиялық білімнің жүйесі аруақты құрметтеу, мифология, тарихи білім мен тұрмыс тәжірибесі, ұлттық салт-дәстүр, әдеп, әдет, сондай-ақ қожалар дәріптеген сахабалар рауаяттары мен мұсылмандық мифология да біте қайнасқан.

Шежірелік мәліметте бүгінгі күні өмір шындығына сәйкеспейтін жоралғылар, қазіргі өмірде сақталмаған, я мәнісі түгелдей өзгеріп сақталған дәстүрлі қоғам қатынас үлгілері мол айтылады. Шежірелік мәтін осындай элементтерді неғұрлым көбірек сақтаса, соғұрлым ескілікті дерек көзі екенін байқатады. Шежіреде рулар, бау, сан, тайпа, арыс сияқты т.б. саяси, әскери, мәдени, дүниетанымдық, діни, шаруашылық, тұрмыстық, әсіресе, отбасы, неке, туыстық туралы түрік-моңғол, ескі қазақ жұртындағы әртүрлі құрылымдардың жиынтық жүйелері мен олардың өзара қатынастарының жан-жақты әрі күрделі сипаты туралы баяндайтын деректер сақталған.

5) Шежіре мәліметтері адамдар арасындағы түрлі қоғами қатынастардың деректерін сақтайды, оның адамның ой-санасы, ойлау тәсілі мен өмір сүру, өмір тәртібін ұйымдастыру әрекеттері туралы айтады. Шежірелер – тарихи оқиғалар орын алған географиялық кеңістік, оның қасиеттері туралы мәліметтерді сақтайды: ескі қазақ жұрты, қоршаған ортада шындығында бар немесе ой қиялынан туындаған қасиетті жер, құтты қоныс, ата-баба жүрген ыстық мекені, әулиелер өткен киелі топырақ туралы баяндайды. Шежірелердегі ақсүйек және тегі асыл әулеттері туралы мәліметтер: төре-сұлтандар мен қожа-сейіттердің ата-тегі, асыл қасиеті, құқы мен жолы, билік жүргізген дәуірі, сол туралы артынан қалған халық естелігін баяндайтын шежірелік деректерді құрайды. Өз тегін ақсүйек етіп жариялаған діни және төрелік аристократия әулеттері шежірелік генеалогия маңыздылығын саяси-құқықтық институт дәрежесіне әбден көтерген. Ондай генеалогиялық білімнің өзі көбінесе халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарына пайдасы артығырақ тиген.

Шежірелер – осындай барлық адамдық, қоғамдық, елдік, жұрттық категорияларды тұтастырып қазіргі ұрпақ санасындағы жекетұлғалы өмірбаян өркенін жалпыұлттық бірқайнасқан өмірбаянға айналдыратын тарихи уақыт пен замандар түсінікті қалыптастыру мақсатында баяндайтын шежірелік мәліметтерді құрайды. Осы жайттар шежірелердің үрдіс әрі дәстүр ретіндегі феномендік құбылыстың жалпы мәселелерін қамтиды. Шежірелер көбінесе объективті әлеуметтік шындық ортасында айтылған ауызекі әңгімелерден құралғандықтан, көшпелі тұрмысты сипаттауда оның шаруашылық, ихсаттық жай-күйін баяндайтын дерек ретіндегі тарихи шындықты жеткізушілік маңызы мол. Тарих, этногенез зерттеу үшін эпостар мен ғұрыптық фольклор деректері аса пайдалы. Олар иран және түркі халықтарының арасындағы көне және кейінгі дәуірлердегі этникалық байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер жеткілікті қолданылмай келеді. Тіпті аз қолданылуда. "Көроғлы", "Қорқыт ата" және тағы басқа да жәдігерлік эпикалық туындылар тарихи шындыққа сәйкес келетін дәстүрлі тұрмыс жайын жақсы көрсетеді. Эпос кейіпкерлері тарихи жағынан да шындығында өмірде рас болған тұлғалар.

6) Шежіре деректеріндегі айқын айтылған мағлұматтарды талдаудан гөрі жанама, баяндауды мақсат етпеген латентті ақпараттарды айналымға алу объективтілік талаптар тұрғысынан тиімдірек. Табиғаты "жасырын" деректер тарихи деректердің барлық топтарында болғанымен, бұқаралық деректерде олар көбірек болады. Шежірелік деректердің мазмұнында "жасырын" деректер жан-жақты қоғамдық қатынастар жайлы сыр шертеді. Шежірелерде әңгімеленетін тұлғалардың әрекеттерінің тарихи-психологиялық моделін құрастыруда зерттеушіге осындай «жасырын» деректер қажет болады. Осы жайды жақсы аңғартатын нұсқаны М.Ж. Көпейұлы шежірелерінен кездестіреміз.

7) Ескі заманның тарихи жағдайлары, болып өткен оқиғалары, уақыт пен кеңістік түсініктері ең алдымен генеалогиялық білім жүйесіне тіркеледі. Білім – таным-тәрбие, тәжірибе, ағартушылық үшін; алдағыны көру жорамалдау-жоспарлау; құндылықтарды таныту, дүниетаным, көзқарас қалыптастыру мақсаттарына жұмсау үшін керек. Ескі қазақ жұртында генеалогиялық білім жүйесі ерте дәстүрлерге сай аруаққа құрмет ету мәніне, ал ата-баба жалғастығын реттейтін тізімдер мен генеалогия деректері – уақыт межелеу қасиетіне ие болған. Шежіре тарихи санада уақыт әрі кеңістік категория қызметтерін бірге атқарған, тарихи уақыт сипатын өзінше білдіретін генеалогиялық таным әрі өлшем. Барлық маңызды әлеуметтік деректер көшпелілер қоғамының жалпылама ортақ генеалогиялық конструкциясына орайлас, сол жүйенің жігіне тығыз байланыстырылған. Сондықтан генеалогиялық білім үнемі қозғалыс үстіндегі үрдіс.

8) Кез келген құбылысқа тән кемшіліктер шежіре дәстүрі тудырған мәліметтерде де сақталады. Шежіре құбылыстарына тиянақты зер салу арқылы бұл дерек түріне тән артық-кем сипат белгілерін былай топшылауға болады: а) шежірелердің субъективті қасиеттерінің табиғаты – шежірелік дерек ауызекі тарихи дәстүр және біраз уақыт өткеннен соң жатталған сөз болғандықтан туындайды; ә) шежірелерде әртүрлі деректік өзгертулер орын алған; б) шежірелерде шартты түрде автор болжамдары мен автордың жеке көзқарасы орын табады; в) субъективтілік шежірелердегі әңгімелерді есте сақтау шараларына тәуелділіктен туындайды. Шежіренің бұдан да мол субъективті белгілері диссертацияда көрсетілген. Кейбір шежірелік топтамалардың субъективті сипаты тіпті басым келеді.

9) Шежірелерге деген қазіргі қазақтың талпынысы, оны итермелейтін ішкі күші – тұлғалық сана. Қазіргі заманның адамдары да дәл бұрыңғыдай тарихи білімге құштар. Өйткені тарихи білім қоғамдық сананың негізгі құраушы компоненті. Қоғамдық санада үзіліссіз жалғасатын кез-келген білімнің түрі ең алдымен тарихи білім жүйесіне байланады.

 

 

 

 

 

 

 

содержание   ..  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  ..