|
|
содержание .. 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 ..
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДҮНГЕНДЕРДІҢ ТАРИХЫ"ОТАН ТАРИХЫ"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДҮНГЕНДЕР: САНЫ МЕН ҚҰРАМЫНЫҢ ДИНАМИКАСЫ (1897-2007 ЖЖ.)
А.И. Құдайбергенова
Тәуелсіздіктің
екінші онжылдығының белортасынан асқан кездегі демократиялық қайта
құрулар кезеңінде біздің қоғам одан ары даму жолы мен демократия үлгісін
таңдау алдында тұр. Егер бұл мәселе дұрыс шешілмесе, онда тоталитаризм
мен демократия арасын таңдау мәселесі қайтадан өзекті мәнге ие болуы
мүмкін. Мұндай мәселені шешу этнос, ұлт, ұлттық мемлекет деген сияқты
категорияларды түбегейлі түрде анықтауға әкеліп тірейді. Қазақстан –
өзінің полиэтникалық құрамы арқылы ерекшеленетін мемлекет. Сондықтан,
негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік топтардың ғана емес, сонымен бірге
әртүрлі әлеуметтік қоғамдастықтардың қарым-қатынасын реттеу болып
табылады. Қазақстан Республикасын қазір 130-дан аса этностардың мекендеп жатқаны белгілі. Қазақстанның демографиялық ерекшелігі оның көп ұлтты құрамына байланысты. Республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон процесінің бастапқы кезеңі орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы мен казактардың қазақ жерлеріне қоныстануына байланысты. ХҮІ ғасырдағы қазақ жеріне казактар мен «қашқын» шаруалардың қоныс аударуларынан басталған сырттан келген көші-қоншылардың легі ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырда тіпті күшейді. Қазақстанға қоныс аударып келген халықтардың ішінде дүнгендер де бар. Дүнгендер Қазақстан және Қырғызстан жерін ХІХ ғ. 80-жылдарынан бері мекендейді. Жетісуға осында тұратын дүнгендердің қоныс аударуы ХІХ ғ. 80-90 жылдарында жүрді. Дүнгендердің этногенезі өте күрделі. Ғалымдар әлі күнге дейін олардың шығу тегі туралы бір пікірге келген жоқ. Қазан революциясына дейінгі орыс ғалымдарының көпшілігі, шығыстанушылар, сол сияқты қытай ғалымдары қазіргі дүнгендерді Қытайға келген араб-парсы және түрік келімсектері мен қытайлықтардың және басқа да моңғол тектес халықтардың араласуынан қалыптасқан деп есептейді [1]. Қазақстан ұлттық энциклопедиясында: «дүнгендер – (қытайша атауы – лаохуэй, хуэнминь, хуэйцзу – қытай тілінен аударғанда – “мұсылмандар” деген ұғымды білдіреді) – негізінен, Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялы ауданын қоныстанған халық. Түркі халықтары оларды дүнген, дұнған деп атайды. Дүнгендер Қазақстанда (36,9 мың адам, 1999) мен Қырғызстанда (Шу өзенінің аңғары), Өзбекстанда (70 мың адам) да тұрады. Қытайдағы саны 8 млн (1999). Дүнгендердің діні — мұсылман. Тілдері қытай тіліне жақын», – деп берілген [2]. Дүнген атауының шығуы ол халықтың өзінің пайда болуымен байланыстырылады. Мұндай пікірді дүнген діни адамдары Шэньси мен Ганьсу провинцияларынан Шыңжанға келген кезі мен ХІХ ғ. ортасындағы Солтүстік-Батыс Қытайдағы көтеріліс кезінде таратқан. Кейінірек осы атауды Қазақстан мен Қырғызтан Ресейдің құрамына қосылғаннан кейін Ресей Шыңжаң провинциясымен (Шығыс Түркістан) шекаралас болғандықтан орыстар да қолдана бастады [3]. Ганьсу және Шэньсу дүнгендерінің біраз болігінің Жетісуға қоныс аударуы 1864-1878 жылдары Батыс Қытайда болған дүнген көтерілісіне байланысты болды [4]. 1864 жылы Іле өлкесінің ұйғырлары мен дүнгендері қолдарына қару алып, феодалдық және ұлттық езгіге қарсы көтерілді. 1864 жылы Цин әскерлері Шэньси дүнгендерін талқандады. Көтерілісшілердің біраз бөлігі Ганьсуге ауды, бұл кезде ол жердегі халық та Қытай феодалдарына қарсы күреске шыққан еді. 1871 жылы Цин үкіметінің әскерлері Ганьсуге кірді. Жақсы қаруланған, жақсы үйретілген әскерлердің тегеурініне шыдай алмай, дүнгендер жеңіліс тауып, Шыңжанға және Монғолияға қарай шегінді.
Ұйғырлар мен
дүнгендердін көтерілісі Шынжаңда үш хандықтың құрылуымен аяқталды, олар:
Іле округіндегі Іле сұлтандығы, орталығы Үрімшіде болған Дүнген хандығы
және Қашқариядағы Ұйғыр әмірлігі. Іле өлкесін Ресей басып алған кезде дүнгендер негізінде Үрімші және Манас округтеріне жиналған еді. 1876 жылы Цин әскерлері Үрімші округіне және Кашғарияға басып кірді. Цин әскерлері Үш-Түрфанға жақындаған кезде (1877 жылдың қазанында) Мапонзи бастаған Ганьсу дүнгендерінің біраз бөлігі де (1166 адам) Бедел асуы арқылы өтетін ең қысқа жолмен Ресейге қарай көшіп, Ыстықкөлден келіп шықты. Бұдан кейінірек, 1877 жылғы желтоқсанның басында, Қашқариядан шыққан мыңдаған дүнген және ұйғыр отбасылары Ресейге қосылған территорияға екі жолмен көшті: Шыңжан және Ганьсу дүнгендерінен құралған бір кіші тобы Терек-Даван асуымен Ферғана алқабына өтіп, Ош қаласынан шықса; Быйяньху бастаған тек Шэньси дүнгендерінен құралған екінші топ Шақмақ сайы арқылы Нарын бекінісінің тұсынан шықты. Бірінші көш бір қыдыру аман-есен өтті, ал екінші көштің неше жүздеген адамдары асудан өткен кезде суықтан, аштан өлді. 1877 жылдың 27-28 желтоқсанында екінші көш Нарын бекінісіне жетіп, одан Тоқмаққа көшті; Жетісуға небәрі 3 314 адам жетті.
Жалпы 1877 жылдың
аяғында және 1878 жылдың басында Түркістан өлкесіне келген дүнгендердің
саны 6209 адам болды. Дүнген көтерілісшілерінің Россия жеріне өтуінің
бірінші кезеңінде дүнгендер мен Цин жазалаушы топтарының арасында
қантөгіс қақтығыстар болды. [5]. Қоныс аударудың екінші кезеңі 1881-1882 жылдарға тұстас келеді. Санкт-Петербург трактаты бойынша (1881) Іле өлкесі (Құлжа) Қытайға қайтарылып, Қытайдың не Ресейдің қоластына кіру халықтың өз еркіне берілді. Егер дүнгендер мен ұйғырлар Богдыхан қоластында қалғысы келмесе, Ресей арзан жұмыс күшіне ие болғысы келді. Сөйтіп, Ресей территориясына қоныс аударуға тілек білдірген Іле ұйғырлары мен дүнгендерінің едәуір бөлігінің Ресей қоластына кіруі 1881 жылғы келісім бойынша қанағаттандырылды. 1881 жылдың күзінен бастап ұйғырлар мен дүнгендер Жетісуға көше бастады. 1882-1883 жылдары Іле өлкесі Қытайға ресми түрде өткізілгеннен соң қоныс аударушылық күшейді. 1884 жылдың басында Жетісуға 9752 ұйғыр отбасы (45 373 адам) және 1147 дүнген отбасы (4682 адам) көшіп келді, яғни барлығы 10 899 отбасы (50 мыннан аса адам) келді. Дүнгендер мен ұйғырлардың қоныс аударуы орыс әкімшілігінің бақылауы және орыс әскерінің сақшылық етуі арқылы жүргізілді. Жалпы алғанда, Солтүстік-Батыс Қытайда ХІХ ғ. 80 жылдары 15 мыңдай дүнген тұрды. Іле аймағынан 6 мыңдай дүнген Қазақстан және Орта Азия жеріне көшірілді. Дүнгендардың негізгі бөлігі Жетісудың Шу жеріне орналастырылды. Жаңа мекенде дүнгендер жерлестік ретін сақтап, жинақы қоныстанды. Қазақстандағы Қарақоңыз, Шартөбе жерлеріне, Қырғызстанның Тоқмақ қаласы мен қала маңына – шэньсиліктер, Қырғызстанның Ырдық ауылына – ганьсулықтар, Александровка елді мекеніне шыңжандықтар орналасты. Орыс әкімшілігі қоныс аударушыларға жер берді, ал қалада тұрып қалғандар мещандар қоғамына тіркеліп, жер бөлу басқармаларынан усадьбалық жерлер алды. 1883 жылы Қарақоңызда 665 үй салынып, онда небәрі 3103 адамы бар 674 дүнген отбасы тұрды. Қарақолдың (қазіргі Пржевальск қаласының) жанына 1883 жылы 1100-ден астам адамы бар 205 дүнген отбасысы қоныстанды. Қытайдан Жетісуға көшіп келген дүнгендер 1877-1883 жылдары Александровское (Соқулық) селосында, Пішпекте, Верныйда, Жаркентте, сол сияқты Верный және Жаркент уездерінде қоныстанды. 1884 жылы Жетісуда 4682 адамы бар 1147 дүнген отбасысы тұрды [6]. Дүнгендер Жетісу облысының уездері мен болыстарында былайша орнықты: Қырғызстандағы Пішпек уезінің Александровск болысында – 318 отбасы (816 ер және 755 әйел); Пішпек қаласында – 208 отбасы (340 ер, 304 әйел); Верный уезінің Қарасу мен Қорам болыстарында – 142 отбасы (320 ер, 311 әйел), Верный қаласында – 146 отбасы (275 ер, 219 әйел) және Жаркент қаласында – 383 отбасы (649 ер, 653 әйел) [7]. Дүнгендердің келуінің арқасында Ресей империясының Жетісу, Ферғана және Сырдария облыстарында бірнеше дүнген қоныстары пайда болды. Алайда, олардың 80 %-ы Жетісу облысының, негізінен, Верный және Пішпек уездеріне орналасты. Сондай-ақ, дүнгендер Сырдария облысының, Әулиеатаға жақын жердегі Жалпақтөбе деп аталатын жерінде де бар. Сонымен, көші-қонның арқасында Қазақстан жерінде дүнгендердің қоныстары пайда болып, олардың қалалық және ауылдық бөліктері қалыптасты. Мысалы, 1884 ж. Жетісу облысының қалаларында 3307 дүнген өмір сүрді. Олардың саны кедейленген дүнген батырақтарының есебінен де өсіп отырды. Жетісу казак әскері құрылған кезде казактар сословиесінің қатарына кіргізілген дүнгендер де болды. Мысалы, 1882 ж. 29 мамырындағы Түркістан генерал-губернаторының жарлығы бойынша Құлжа өңірінен келген дүнгендер 1883 ж. 1 қаңтарынын бастап казактар мен мещандар сословиесіне жатқызылады делінген [8]. Қазақстан жеріне қоныстанған дүнгендердің орналасуы бұдан кейінгі кеңес дәуірінде де ерекше өзгере қойған жоқ. Санақ материалдарына қарасақ, онда дүнгендердің бірте-бірте өзге жерлерге де қоныс тепкенін байқаймыз, алайда негізгі көпшілігінің жинақы орналасқан жерлері бұрынғысынша қала берді.
Қазақстандық
дүнгендер Кеңес өкіметі орнаған кезде жаңа билікті қолдады. Азамат
соғысы жылдары Мағазы Масаншы басқарған дүнген атты әскер эскадроны
(кейіннен полк) Қызыл Армия жағында соғысты. Кеңес өкіметінің алғашқы
жылдары сол кездегі аз ұлттарға байланысты саясат негізінде дүнген
халқының өкілдерін оқуға жіберіп, (20-дан астам жастар) КСРО-ның әртүрлі
қалаларында, негізінен Москвада жоғары білім алды. Олардың қатарынан
кеңестік көрнекті қайраткер Мағазы Масаншы (1937 ж. репрессияға
ұшыраған), тарихшы, әдебиетші ғалымдар Ілияс Юсупов, М. Сушанло, Цун
Вазы сияқты белгілі адамдар шыққан.
Ауыл-селолық
жерде тұратын дүнгендер негізінен бау-бақша, егіншілікпен айналысады.
Қалалық жерлерде тұратын дүнгендер арасында жоғары білімді мамандар,
мәдениет қайраткерлері бар. Қазіргі кезде Алматыда дүнгендердің
ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді.
1897 ж. санақ
бойынша қоныстанғандар санында дүнгендер - 14130 адам болды. 1920 жылы
олардың саны 10303 адам, 1926 жылы – 8455 адам, 1959 жылы – 9980 адам,
1970 жылы – 17284 адам, 1979 жылы – 22491 адам, 1989 жылы – 29956 адам,
ал, 1999 жылғы санақта 36945 дүнген есепке алынды. Көріп отырғанымыздай,
дүнгендер саны 1897-1926 жылдар арасында кеміп, 1959 жылдан бастап өсе
бастаған. 1999 жылғы санақ мәліметтері 1970 жылға қарағанда дүнгендердің
19661 адамға немесе 113,8 %-ға
көбейгенін көрсетеді. 1989-1999 жылдар санақтары аралығында Қазақстанның
халқы 1200 мыңға кеміген кезде де дүнген халқының санының өскенін
көреміз (6989 адамға немесе 23,3 %-ға
өскен).
1-кесте Дүнгендердің сандық, және үлестік динамикасы (1897-2007 жж.) [10].
Жылдар Қазақстан
Соның ішінде 1-кестеде дүнгендердің 1897-2007 жж. аралығындағы сандық және үлестік динамикасы берілген. 1897 жылғы санақта ұлты туралы арнайы графа болған жоқ. Бірақ санақты зерттеп дайындаушылар санақ парақтарындағы әр түрлі нұсқаулар мен белгілерге орай мәліметтерді салыстыра отырып, ана тілін анықтау арқылы, ұлтын нақтылауды мақсат тұтты. Ал, кейінгі санақтарда ұлты арнайы көрсетілетін болды1-кестеде көрсетілген мәліметтерді талдау 1926 жылдан бері дүнгендерде әрдайым өсу болып келе жатқандығын көрсетеді. Егер кеңес билігінің тұсында 1926-1989 жж. аралығында дүнгендер саны 21501 адамға өскен болса (жылдық орташа өсім – 341 адам), 1989-1999 жж. аралығында Қазақстан халқының саны 1,2 млн адамға кеміген кезде де олардың саны 6989 адамға өскен (жылдық орташа өсім – 698 адам). 1999 ж. санақ пен 2007 ж. аралығында 8987 адамға көбейді (жылдық орташа өсім – 1123 адам). Санақ аралық мәліметтерді талдау дүнген халқының сандық және үлестік деңгейінің өсуі көп бала мен туудың жоғары көрсеткішіне негізделген табиғи өсімінің арқасында мүмкін болғандығын көрсетті.
Дүнгендердің
Қазақстан халқының құрамындағы үлестік көлемінің динамикасына келсек,
онда ХХ ғасырдың өн бойында үлесі 0,1% мөлшерінде
болғанын көреміз.1999 жылдан бастап бұл көрсеткіш 0,2%-ға
көтеріліп, 2007 ж. 1 қаңтарында үлесі 0,3 %-ды
көрсетті. Яғни тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандағы жүргізіліп жатқан
реформалардың дүнген халқының өсіп-өнуіне тигізген әсері оң. Бұған әсер
етуші факторлардың қатарына жағымды табиғи өсімді ғана емес, сонымен
бірген көші-қондағы оң айырымды да жатқызамыз. 1989-1998 жж. аралығында
Қазақстанға 607 дүнген көшіп келген. Олардың 403-і ТМД елдерінен келген
болса (негізгі көпшілігі Қырғызстаннан – 380 адам), Қытайдан 11 дүнген
қоныс аударған [11]. Бір ғана 2000 жылы Қазақстанға келген дүнгендер
саны 172 адам болды. Олардың 154-і кері қайтып, көші-қон айырымы 18
адамды құрады [12]. Ал, 2000 жылдан бергі мәліметтерге көз жүгіртсек,
онда 2000-2007 жылдар аралығында дүнгендер саны 8261 адамға көбейгенін
байқаймыз. 1989-2000 жылдарғы 7714-дық, 1979-1989 жылдарғы 7465 адамдық
өсімге қарағанда бұл жағымды өсім. Үлесі де 2000 жылдары көтерілуде.
Халықтың
этнодемографиялық дамуындағы өзгерістерге білім деңгейіндегі
өзгерістердің әсері зор. Халықтың белгілі бір уақыт ішіндегі дамуының
ірі сипаттамасы оның мәдени - техникалық дәрежесі және оған сай келетін
білім деңгейі мен білім беру жүйелерінің дәрежесі болып табылады. Білім
деңгейі - ұлттық мәдениеттің, ұлттық сананың дамуының көрсеткіші. Ол
экономика, саясат және мәдениет салаларындағы өзгерісті бейнелеп қана
қоймайды, сонымен бірге, өзі де осы өзгерістерге белсенді түрде әсер
етеді. Білім – жеке адамның әлеуметтік - экономикалық процестерге тиімді
араласуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады.
ХІХ ғ. соңы мен ХХІ ғасырдың басы аралығындағы дүнгендердің білім
деңгейі тарихи белестерге сай өсу бағытында болды. 1927 жылы тұңғыш дүнген алфавиті араб әрпімен жасалды. 1928 жылдың басынан мектептерге жаңа әліпби енгізіле бастады. Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша 1928-29 жылдары барлық түрдегі мектептердің бітіруші топтары мен кейбір мектептердің төменгі топтарына жаңа әліпби енгізілді. Ұйғыр, татар және өзбек халықтарының арасында жаңа әліпбиді еңгізу мәселесі қазақтармен бірдей сатыда жүргізілді. 1928-29 жж. өзбек және татар мектептері толықтай жаңа әліпбиге және жаңа өзбек және татар орфографиясына көшті. 1929 жылы КСРО-ның түрік тілдес халықтарының жазуын латын графикасына өткізу мәселесі туындаған кезде дүнген алфавитін жетілдіру мәселесі де қарастырылды. 1932 жылы дүнген тілінің қытай тіліне ұқсастығы ескеріліп, бірақ иероглифтік қытай жазуы емес, «чоюй» мемлекеттік тілі ескеріліп, дүнгендер жазуы латын графикасына негізделген алфавитке көшірілді [13]. Ұлттық жазудың туып, қалыптасуына алғашқы дүнген педагогы Жақып Жон, ақын Ясир Шивазы, Ю. Яншансин, Ю. Цунвазо, сондай-ақ, орыс ғалымдарынан академик В.М.Алексеев, профессорлар А.А.Драгунов, Е.Д. Полижанов, Л.В.Щербак үлкен үлес қосты [14]. Осы кездегі мәліметтерге жүгінсек, 1932 ж. Қырғызстанның 1-дәрежелі 9 мектебінде 700 дүнген баласы оқыды [15]. Дүнген тілінің әдеби тілінің негізіне Қытайдың Ганьсу провинциясының сөйлеу (говор) ерекшелігі алынды [16]. Сауатсыздықты жою саясаты кезінде де шағын ұлттардың жалпы саны мен олардың сауатын ашушы бөлігінің саны нақтыланып тұрды. Мысалы, 1925/1926 оқу жылынды Сырдария және Жетісу губернияларының ауылдық жерлерінде 7816 дүнген тіркелді [17]. Оқу жасындағы 801 дүнген баласының 166-сы оқумен қамтылып, 635-і оқымаған [18]. Бұл кезде дүнгендердің негізгі көпшілігі Жетісу губерниясын мекендеді (7286 адам немесе екі губерниядағы дүнгендердің 93,2 %-ы), ал Әулиеата уезінде 534 дүнген тіркелді [19]. Осы оқу жылында Жетісудағы 3 дүнген мектебінде 6 дүнген мұғалімі сабақ беріп, 166 дүнген оқушысы оқыды [20]. Тағы бір мәліметке сөз берсек, онда Қазақстан бойынша, 1936 жылы дүнгендер жинақы орналасқан 2 Қарақоңыз және Шортөбе (Қордай ауданы) ауылдық кеңестері мен 7 колхоз болды [21]. 1926 ж. 8396 дүнген өз ұлтының тілін ана тілі деп есептеді (республикадағы дүнгендердің 99,3 %-ы). Ал, сауаттылық деңгейіне келсек, 589 ер және 21 әйел сауатты беп есептелінді. Соның ішінде өз ұлтының тілінде сауатты деп 103 ер, 12 әйел есептелінді [22]. 1959 жылғы санаққа келсек, 9604 дүнген өз ұлтының тілін ана тілім деп есептеген (республикадағы дүнгендердің 96,2 %-ы). [23] 1999 ж санақта 6 және одан жоғары жастағы дүнгендер саны 30324 адам болса, оның 1522 жоғары білімді, 196 аяқталмаған жоғары, 2119 арнаулы орта, 11757 жалпы орта, 4575 жалпы негізгі, 5846 жалпы бастауыш білімі болды [24]. Сонымен, республикада күрделі этно-демографиялық процестер жүруде. Көпұлтты Қазақстанда тұратын әр халықтың өмір сүру салтында, әдет-ғұрпында, мәдениетінде, жергілікті ортаға бейімделу деңгейінде өзіндік ерекшеліктері бар. Кіші болсын, үлкен болсын әрбір халықтың қайталанбас мәдени реңі бар. Этникалық бейнесі дегенде белгілі бір халықтың ұттық ерекшелігін анықтай отырып, белгілі бір қалыптасқан стереотүрімен – мәдениетіндегі ерекшелігімен, менталитетімен, әдет-ғұрпымен, өзін ұстау стилімен, темпераментімен және т.б. ерекшеліктерімен байланыстырамыз. Осы ерекшеліктерді ескеру арқылы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуының үрдістерін айқындаймыз.
Ал, Қазақстанда
тұратын дүнгендердің сандық және үлестік көрсеткіштерінің жағымды өсімі
республикадағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың оң әсерінің
көрсеткіші десек қателеспейміз.
содержание .. 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 ..
|
|
|