Главная Учебники - Право Казахстана
содержание .. 1 2 3 4 5 6 7 ..
Генетикалық карталар
Генетикалық карталар деп — хромосомада болатын тіркес гендердің орналасу сызбанұсқасын айтады. Қазіргі кезде, әсіресе, генетикалық тұрғыдан толық зерттелген объектілердің, атап айтқанда, дрозофиланың, жүгері және қызан өсімдіктерінің, тышқанның, пішен таяқшасының, т.б. генетикалық карталары жасалған. Болашақта басқа да өсімдіктер мен жануарлардың және адамның генетикалық картасын жасау міндеті тұр.
Генетикалық карталар ұқсас хромосомалардың әр жұбы бойынша жеке-жеке жасалады. Хромосомалардың жұптарын тіркестік топтар деп атайды. Олардың саны хромосомалардың гаплоидты жиынтығына тең болатындығы бұрын айтылған болатын. Мысалы, дрозофилада 8 хромосома болса, ол 4 тіркестік топты, жүгерідегі 20 хромосома 10 тіркестік топты құрайды. Тіркестік топтар рим цифрларымен І, ІІ, ІІІ, ІV және т.б. болып белгіленеді.
Картаны дұрыс құрастыру үшін гендердің тұқым қуалау заңдылықтарын толық зерттеп, білу қажет. Мысалы, дрозофиланың 4 тіркестік топта шоғырланған 7000-ға жуық гені, сол сияқты жүгерінің 10 тіркестік тобында болатын 10000-ға жуық гені зерттелген және т.б.
Генетикалық картаны құрастыру кезінде тіркесу тобы, гендердің толық немесе қысқартылып алынған атаулары көрсетіледі және хромосомада орналасқан гендердің ара қашықтығын көрсететін цифрлар жазылады. Гендер арасындағы ара қашықтықтың өлшем бірлігі 1% кроссинговерге тең болады. Оны Т.Морганның құрметіне сантиморган (сМ) немесе морганида деп атайтынын білесіңдер. Мысалыға, дрозофиланың бір ғана хромосомасында болатын гендер тобының орналасу ретін қарастырайық. Олар үш түрлі гендерден тұрады: 1) қанатының бүріскендігін анықтайтын — (jantһy) гені; 2) көзінің қара қошқыл түсін анықтайтын — (purple) гені; 3) көзінің қызыл түсін анықтайтын — (cіnnabar) гені. Бұл гендер дрозофиланың ІІ жұп хромосомасында орналасқан. Сонда j мен pr гендерінің ара қашықтығы кроссинговер пайызымен есептегенде 5,8; pr мен c гендері 3; ал j мен с гендерінікі — 8,8 сантиморганға тең болады.
Микроорганизмдердің генетикалық картасы өзгеше. Себебі, олардың сақина тәрізді жалғыз ғана хромосомасы болады. Бірқатар бактерияларда мысалы, пішен таяқшасында генетикалық ақпарат клеткалардың конъюгациялануы кезінде беріледі және микроорганизмдер хромосомасындағы гендердің орналасу реті тұрақты болады. Сондықтан олардың генетикалық картасы да дөңгелек пішінді болып келеді. Ал ондағы орналасқан гендердің ара қашықтығы кроссинговер пайызымен емес, конъюгацияның ұзақтығымен, яғни минутпен өлшенеді.
Жалпы тірі организмдердің генетикалық картасын құрастырудың теориялық, сонымен қатар, практикалық та маңызы бар. Мысалы, гендердің орналасу ретін білу арқылы белгілердің тұқым қуалау сипатын алдын ала анықтауға мүмкіндік туады. Айталық, селекцияда будандастыру үшін қажетті ата-аналық жұптарды дұрыс таңдап алу жолдарын жеңілдетеді. Сол сияқты болашақта адамның генетикалық картасы жасалатын болса, аса қауіпті ауру — обырға (рак) жауапты онкогеннің хромосомадағы орналасқан нақты орнын тауып, оған қарсы әрекет жасалса, яғни қызметін тежеу жолы табылса адамзатты мұндай ауыр зардаптан құтқарған болар едік.
Хромосомалардағы гендердің орналасу ретін зерттеу цитологиялық жолмен де жүргізіледі. Соның негізінде цитологиялық карталар жасалады. Мысалы, дрозофила шыбыны дернәсілінің сілекей безінде болатын алып хромосомаларды цитогенетикалық тұрғыдан зерттеу барысында олардағы бірқатар гендердің орналасқан орнын анықтауға мүмкіндік туды.
Генетикалық және цитологиялық карталарды бір-бірімен салыстыра отырып, хромосома бойындағы гендердің айқасу жиілігін, яғни кроссинговер мөлшерін анықтауға болады. Бұл сілекей бездеріндегі алып хромосомаларды зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Онда барлық төрт жұп хромосоманың жалпы ұзындығы генетикалық карта бойынша 279% кроссинговерге, яғни сантиморганга тең. К.Бриджес сол төрт жұп хромосоманың әрқайсысының ұзындығын микроскоп арқылы өлшеген. Сонда барлығының ұзындығын қосқанда 1180 микрометр болған. Генетикалық және цитологиялық карталарды салыстыру үшін К.Бриджес кроссинговер коэффициентін пайдалануды ұсынған. Ол үшін хромосомалардың барлық ұзындығын (1180 мкм) генетикалық картаның көрсеткішіне (279%) бөлген, сонда орта есеппен 4,2 болып шыққан. Бұл генетикалық картадағы әрбір кроссинговер (айқасу) бірлігіне цитологиялық карта бойынша 4,2 мкм ұзындық сәйкес келеді деген сөз.
Генетиканың даму тарихы
Генетика — бүкіл тірі организмдерге тән тұқым қуалаушылық пен өзгергіштікті зерттейтін биология ғылымының бір саласы. Тұқым қуалаушылық пен өзгергіштіктің заңдылықтарын ашып, оларды қоғамды дамыту үшін пайдаланудың жолдарын шешуде генетика ғылымы зор үлес қосты. Сондықтан, биология ғылымының басқа салаларының арасында маңызды орын алады.
Жер бетіндегі тірі материяның дамуы олардың үздіксіз ұрпақ алмастыруымен қатар жүріп отырады. Тіршілік организмдердің көбеюімен тікелей байланысты. Сол арқылы белгілі бір биологиялық түрге тән белгілер мен қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Басқаша айтқанда, ұрпақтар белгілі дәрежеде өзінің ата-анасына ұқсас болып туады. Мұны тұқым қуалаушылық дейді. Көпшілік жағдайда организмнің белгілері мен қасиеттері өзгермей біршама тұрақты түрде берілетіндіктен, ұрпағы ата-аналарына ұқсас болып келеді. Бірақ олардың арасында толық ұқсастық болмайды. Бір ата-анадан тарайтын ұрпақтың бір-бірінен қандай да бір белгісі жөнінен айырмашылығы болады.
Организмнің тұқым қуалаушылық қасиеті сыртқы орта факторларының әсерінен үнемі өзгеріп отырады. Оны — өзгергіштік дейді. Көбею барысында организмнің белгілі бір қасиеттерінің тұрақты сақталуымен қатар, екінші біреуі өзгеріске ұшырайды. Осыған байланысты олар жаңарып, түрлене түседі.
Тұқым қуалаушылық пен өзгергіштік — бірімен-бірі қатар жүретін, бір жағынан бір-біріне қарама-қарсы, өзара тығыз байланысты процестер.
Организмдердің тұқым қуалаушылығы мен өзгергіштігі туралы ғылымды генетика деп атайды (грекше “genetіkos” — шығу тегіне тән). Бұл атауды 1906 жылы ағылшын биологы У.Бэтсон ұсынды.
Тұқым қуалаушылық туралы алғашқы түсініктер ежелгі дәуірде — Демокрит, Гиппократ, Платон және Аристотель еңбектерінде кездеседі. Гиппократ жұмыртқа клеткасы мен сперма организмнің барлық бөліктерінің қатысуымен қалыптасады және ата-ананың бойындағы белгі-қасиеттері ұрпағына тікелей беріледі деп есептеді. Ал Аристотельдің көзқарасы бойынша белгі қасиеттердің тұқым қуалауы тікелей жүрмейді. Яғни тұқым қуалайтын материал дененің барлық бөліктерінен келіп түспейді, керісінше, оның әр түрлі бөлшектерін құрастыруға арналған қоректік заттардан жасалады.
Бұдан кейін Ч.Дарвиннің пангенезис теориясы маңызды орын алады. Бұл теория бойынша өсімдіктер мен жануарлардың барлық клеткалары өзінен ұсақ бөлшектер — геммулалар бөліп шығарады. Олар жыныс органдарына өтеді де сол арқылы белгілер мен қасиеттер ұрпаққа беріледі. Геммулалар кейде “мүлгіген жағдайдаң болып, бірнеше ұрпақтан кейін білінуі мүмкін. Соған байланысты ұрпақтарда арғы ата-ана тектерінің белгі-қасиеттері қайталана алады деп есептелінген.
ХІХ ғасырдың 80-жылдарында “пангенезис” теориясын А.Вейсман өткір сынға алды. А.Вейсман “ұрық плазмасы” туралы болжам ұсынды. Бұл болжамында тек жыныс клеткаларында кездесетін, тұқым қуалайтын заттың болатындығын айтты.
Генетиканың биология ғылымының жеке бір саласы ретінде қалыптасуына ХІХ ғасырдың екінші жартысында ашылған ірі ғылыми жаңалықтар себепші болды. 1965 жылы чех ғалымы Г.Мендельдің “Өсімдік будандарымен жүргізілген тәжірибелер” деген еңбегі жарық көрді. Ол тәжірибелері арқылы тұқым қуалаушылықтың негізгі заңдылықтарын қалыптастырады. Сөйтіп, Мендель генетиканың негізін қалады. Бірақ оның еңбегі 1865 жылдан бастап 35 жыл бойы көпшілік биологтарға, соның ішінде Ч.Дарвинге де белгісіз күйде қалды.
Г.Мендель ашқан тұқым қуалау заңдылықтары тек 1900 жылы ғана өзінің тиісті бағасын алды. Себебі үш елдің ғалымдары: голландиялық Г. де Фриз, неміс ғалымы К.Корренс және австриялық генетик Э.Чермак-Зейзенегг әр түрлі объектілермен тәжірибелер жүргізіп, нәтижесінде Мендель заңдылықтарының дұрыстығын дәлелдеді. Көп кешікпей бұл заңдылықтардың жануарларға да тән екендігі анықталды. 1909 жылы ағылшын биологы У.Бэтсон өсімдіктер мен жануарлардың әрқайсысының 100 шақты белгілерінің тұқым қуалауы Мендель заңдарына сәйкес жүретіндігін дәлелдейтін ғылыми деректерді жариялады. Сөйтіп, Мендель ілімі ғылымнан берік орын алды.
1909 жылы дат оқымыстысы В.Иоганнсен биологияда аса маңызды болып есептелетін ген (герекше “genos” — шығу тегі), генотип және фенотип деген ұғымдарды қалыптастырды.
Генетика тарихының бұл кезеңінде организмдердің жекелеген белгілерінің ұрпақтан-ұрпаққа берілуіне жауапты тұқым қуалаушылықтың материалдық бірлігі — ген туралы ұғым қалыптасып, Мендель ілімінің әрі қарай дамуына мүмкіндік туды. Дәл сол кездегі (1901 жыл) голландиялық ботаник ғалым Х. Де Фриздің организмнің тұқым қуалайтын қасиеттерінің өзгеретіндігін көрсететін мутация теориясының ұсынылуы генетика ғылымының дамуында ерекше орын алады.
Генетика тарихындағы шешуші бір кезең американдық генетик, әрі эмбриолог Т.Морганның және оның ғылыми мектебінің тұқым қуалаушылықтың хромосомалық теориясын ашуымен тығыз байланысты. Т.Морган және оның шәкірттері жеміс шыбыны — дрозофилаға тәжірибе жасаудың нәтижесінде тұқым қуалаушылықтың көптеген заңдылықтарын ашты.
Тұқым қуалайтын өзгергіштік туралы ілімді дамытуда орыс ғалымы Н.И.Вавилов зор үлес қосты. Ол 1920 жылы тұқым қуалайтын өзгергіштіктің ұқсас (гомологиялық) қатарлары заңын қалыптастырды. Бұл заң бір-біріне жақын туыстар мен түрлерде болатын тұқым қуалайтын өзгерістердің ұқсас болып келетіндігін дәлелдейді.
Ғылымға енгізілген жаңалықтың бірі — 1927 жылы орыс ғалымдары Г.А.Надсон мен Г.С.Филипповтың радиоактивті сәулелердің төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда мутация тудыра алатындығын дәлелдеуі еді.
Ген теориясын дамытуда орыс биологтары А.С.Серебровский мен Н.П.Дубининнің эксперименттік және теориялық жұмыстарының үлкен маңызы болды. Сол сияқты популяциялық генетика мен эволюциялық генетиканың негізін қалауда орыс генетигі С.С.Четвериковтың алатын орны ерекше.
Генетиканың даму тарихы үш кезеңге бөлінеді. Оның алғашқы екеуі 1865—1953 жылдар аралығын, яғни классикалық генетика дәуірін қамтиды. Генетика тарихындағы үшінші кезең — 1953 жылдан басталады. Ол — химия, физика, математика, кибернетика сияқты нақты ғылымдардың зерттеу әдістері мен электрондық микроскоп, рентгенқұрылымдық анализ, т.б. қолданудың нәтижесінде молекулалық генетика негізінің қалануы.
1944 жылы американдық микробиолог әрі генетик О.Эври тұқым қуалаушылықтың материалдық негізі — ДНҚ екендігін дәлелдеді. 1953 жылы американдық биохимик әрі генетик Дж. Уотсон мен ағылшын биофизигі Ф.Крик ДНҚ молекуласының молекулалық құрылымының моделін жасады.
Қазіргі кездегі генетиканың дамуы тұқым қуалаушылық пен өзгергіштік туралы ілімнің барлық салаларында зерттеу жұмыстары молекулалық деңгейде жүргізілетіндігімен ерекшеленеді. Мысалы, генді организмнен тыс қолдан синтездеу, дене клеткаларын будандастыру, генетикалық материалдың алмасуы (рекомбинация), геннің қайта қалпына келуі (репарация), биополимерлерді қолдан синтездеу, гендік инженерия сияқты проблемаларды зерттеу кеңінен таралып отыр.
Генетика мен селекцияның дамуына Қазақстан ғалымдарының да қосқан үлесі ерекше. Алшақ будандастыру, мутагенез, полиплоидия, гетерозис, т.б. мәселелерді қамтитын генетикалық зерттеулер жүргізілуде. Дәнді және техникалық дақылдарды түрішілік және түраралық будандастырудың нәтижесінде бидайдың, арпаның, көксағыздың, жүгері мен қант қызылшасының жоғары өнімді будандары мен сорттарын алуда К.Мыңбаев, А.Ғаббасов, Ғ.Бияшев, Н.Л.Удольская және т.б. еңбектері зор. М.Х.Шығаева мен Н.Б.Ахматуллина микроорганизмдер генетикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Н.С.Бутарин, Ә.Е.Есенжолов, А.Ы.Жандеркин алшақ будандастыру әдісімен қойдың архар-меринос тұқымын алды. М.А.Ермеков, Ә.Е.Еламанов, В.А.Бальмонт, т.б. қазақтың ақбас сиырын, Алатау сиырын және Қостанай жылқысын, т.б. асыл тұқымдарды шығарды.
Қазақстанда тұңғыш рет М.А.Айтхожиннің басқаруымен молекулалық биология және ген инженериясы саласында көптеген зерттеулер жүргізіліп, ғылымға айтарлықтай жаңалықтар қосылды.
Соңғы жылдары елімізде генетиканың аса маңызды салалары: молекулалық генетика, экологиялық генетика және радиациялық генетика бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Геосаясат түсінігі.
Геосаясат адамдардың белгілі бір мақсатқа жету үшін билікті қалайша тудырып оны сақтауын бейнелеу үшін қолданылатын әдіс болып табылады. Мемлекет деңгейінде бұл әдіс мемлекеттің мүдделеріне жету және қызметін атқаруда саясат, экономика және әскери күшті қалайша қолданатынын көрсетеді. Бұл пікірлер алғашында аймақтың жалпы географиялық және тарихи жағдайын қарастырады, және сонымен қатар бес мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуын жеке-жеке қарастырады.Евразия континентінің төрінде орналасқан Орталық Азия көне Жібек жолындағы ең маңызды жерге ие болып, бірнеше ғасырлар бойы стратегиялық маңыздылыққа ие болды. Орталық Азия аймағының үш тарапында мықты мемлекеттер орналасқан – солтүстікте – Ресей, шығыста – Қытай және батыста – Еуропа. Орталық Азия бұл мемлекеттер арасындағы қатынас жолы және сонымен қатар бұларды бір-бірінен қорғайтын аймақ ретінде пайдаланылды. Атақты Британ ғалымы сэр Хэлфорд Маккиндер (1861-1947), геосаясаттың маманы келесідей пікір ұсынған болатын. Кімде кім Орталық Азияға билік орнатса, Евразия континентіне билік етеді, ал кім Евразия континетіне билік орнатса, онда ол әлемді билеуге мүмкіндік алады. Бұл Орталық азияның ғаламдық геосаяси қатынастардағы маңыздылығын көрсетеді. 1991 жылы Кеңес үкіметінің ыдырауы нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан мемлекеттері тәуелсіздікке қауышты. Дегенмен, бұлардың халықаралық саяси және экономикалық қатынастардағы орны қырғи-қабақ соғысының аяқталғанына қарамастан әлсіз болатын. Олардың бай мәдениеті мен түрлі-түсті дәстүрлері басқа мықты мәдениеттер тарапынан қабылданбады. Алайда, жағдай Америкадағы 11-і қыркүйек лаңкестік шабуылдарынан соң өзгерді. Бұл шабуылдан соң АҚШ Ауғанстанға әскер енгізді, нәтижеде Орталық Азия аймағы анти-террористік шаралардың базасына айналып, халықаралық қауымдастықтың назарын өздеріне аударды.
Мистикалық-нәсiлшiл идеология ретiнде дүниеге келген нацизм айтылмыш кезеңде сыртқы саяси мәселелерде әлемдiк тарихта тұңғыш рет «геосаясат» ұғымын қолданды «Геосаясаттың» түп атасы — немiс географы Ратцель. Оның ұлт тарихы «лебенераумға» — өмiр сүру кеңiстiгiне қарай қалыптасады дейтiн идеясын кейiн доктор Карл Хаусхофер дамытып, осы негiзде Мюнхен университетi жанынан Геосаясат институтын құрған (институт «Туле ложасының» жариядағы ресми бүркемесi, ал Хаусхофер ложаның көрнектi мүшесi едi). Доктор герман жастарын бағзыда арий нәсiлi мекендеген Азияға баруға үндедi. Хаусхофер тевтондық «Дранг нах Остен» (Шығысты, славян жерiн басып алу) ұранын көтердi деген сөз, тегiнде, кейiнгi антифашистiк насихаттың жанынан шығарып жүргенi. Байқағанға, Туле мүшелерi алғашқыда немiстер Шығысқа, Азия жерiне ағылшындармен күш бiрiктiрiп баруы керек деп есептеген. Сол себептi нацистер басында Англияны әлемдiк держава ретiндегi қуатынан айырмауды құнттады. Егер Англия немiстiң Орталық Еуропадағы ықпалының күшеюiне кедергi келтiрмесе, немiстер ағылшындардың Үндiстан беттегi қимылына бөгет жасамауға мақұл едi. Кейiнiрек Хаусхофердiң бел шәкiртi Рудольф Гесс жасаған жоспар бойынша Германия Польша мен Обь аралығына, ағылшындар Обь — Лена аралығына, американдар Лена мен Охот теңiзi аралығына иелiк етуi тиiс едi. Бұл жоспарда Орта Азия аймағы жоқ. Ол заман ағылшындар Үндiстан пен Ауғанстанды тұтымында ұстағаны мәлiм, демек кейiн сөз жүзiнде өзiн өзi дербес басқарады делiнген Тұтас Тұранды (Гросстүркiстан) геосаясат тiлiнде Орталық Азия деп аталған зор аумаққа ағылшын ықпалымен кiргiзу жоспарланғанын көремiз. Ұлыбритания Германияға соғыс жарияламай тұрып, 1939 жылы Герман Геринг фюрерге Англияға «қонақ» болып ұшып барғысы келетiнiн бiлдiредi. Гитлер негiзiнде қарсы болмаған. Бiрақ кейiн Герингтiң орнына Гесс ұшты. Хаусхофер жоспары сонда ғана белгiлi болды. Бiрақ бұл кезде нацистер Англияға басып кiру үшiн жасалған «Теңiз арыстаны» жоспарынан айнып, КСРО-ға шабуыл жасаудың «Барбаросса» жоспарына кiрiсiп кеткен едi.
Қайбір тәуелсіз мемлекет өзінің дүниеге келуімен бірге саяси дүниеден өзінің орнын ала отырып, айналасымен қарым-қатынастық ауан дәйектейтіні бар. Саяси айналаны (геосаясатты) дәйектеуде кәзіргі саяси қалыптың біраз ықпалы бар. Шынын айту керек, Қазақстанның ішкі кейпі күрделі болғандықтан, оның геосаясаты да қарапайым бола қоймайды. Сондықтан бұл жайт Қазақстан жағдайында ежіктеліп барып, сомдалатын болар. Жалпы, Қазақстанның болашақ ірі мемлекеттер қатарынан табылатын қайнарын ескере отырып, оның саяси айналасын былайша кейіптеген жөн:
- экономика жағынан еброазиялық бөрі, бұған мол байлық пен халықтың аса икемділігі, жастығы кепіл;
- географиялық жағынан Дүниежүзілік саяси кіндік, оған батыс-шығыс, оңтұс-солтұс көпірлер торабы болу мүмкіндігі мен географиялық орны куә;
- этнодемографиялық жағынан – түркілік қарашаңырақ, оған тарих та, объективтік жағдай да, барлық түркілердің Қазақстанды айнала орналасуы да итермелейді;
- діни сенімі жағынан – дүниежүзілік дін тартысының ешбіріне аса жақтаспайтын зайырлы мемлекет.
Осы аталған геосаяси жағдайы Қазақ мемлекетінің қазырдан бастап сыртқы ниетінің қалыптасуына негіз етілгені жөн.
Қазір саясат әлемінде геосаясат деген ұғымның пайда болғаны белгілі. Бұл саясаттанушылар мен тарихшылар және басқа да ғалымдар үңіле зерттеп, ден қойып отырған ғылыми сала десек те болады. Тақырыптың өзегі өміршең және ауқымды. Әлемде болып жатқан түрлі құбылыстар мен оқиғалар өзінің шынайы себеп-салдарының, оның орын алуының мәнісімен жан-жақты зерттеуді және әлем өңірлеріндегі өзіне тән, одан тыс ерекшеліктерді мұқият зерделеп, салыстыра қарап, ой топшылауға жетелеп отыр. Қазақстандық саясаткерлер мен ғалымдардың да назарын аударған мәселеде соны ізденістер бар.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Б.Сұлтанов осы орайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Секретариатының жауапты қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Шайхутдиновтің “Геосаясат, жаһанданушылық және ұлттық қауіпсіздіктің теориясы: әдіснамалық және қолданбалы аспектілері”, “Қазақстан және Ресей жаңа геосаясат түйістерінде”, “Геосаясат: тарих, теория, тәжірибе. І-том, Батыстың геосаясаты” деп аталатын үш бірдей кітабымен – ғылыми-зерттеу туындысымен және аталмыш институттың бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Мұрат Лаумулиннің “Орталық Азия шетелдік саясаттану мен әлемдік геосаясатта. І-том, Орталық Азия мен Қазақстан қазіргі саясаттануда” деген кітабымен таныстырды.
М.Шайхутдинов пен М.Лаумулин геосаясат үдерісі жағдайында көп айтылып, көп жазылып жүргенін еске сала келе, Қазақстанның әлемдегі орны, арғы-бергі тарихындағы және бүгінгі күнгі даму кезеңіндегі рөлі жайында шетелдік саясаттанушылардың көзқарастарын салғастыра қарау қажеттігін айтты. Бұл ғылыми еңбектерде әлемдік саясаттануды ой көкжиегінің аясында талдау, айқындау және тұжырым жасау тұстары барынша қамтылған. Сондықтан да бұл зерттеу кітаптарының құндылығы бірден көзге шалынды. Орыс тілінде жазылған еңбектердің қазақ оқырмандарына қазақ тілінде жету қажеттілігі де ойға оралды.
“Дөңгелек үстелге” қатысушы саясаттанушылар мен ғалымдар бұл ғылыми еңбектердің бағалы жақтарын атап өтіп, қазіргі геосаяси жағдай туралы өз ойларын ортаға салды
Германия – федеративті мемлекет болып табылады. Әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қарай 16 жерден тұрады. Негізгі заңы – конституциясы 1949 жылғы 23 мамырда қабылданған. Елдің федералдық президенті Федералдық жиналыста бес жыл мерзімге сайланады. Қазіргі Федералдық президенті Хорт Келер, ол 2004 жылдың 23 мамырында сайланған.
Германия парламенті екі палатадан – Бундесрат (жоғарғы) және Бундестагтан (төменгі) тұрады. Бундесратты жер үкіметі өкілдерінің 68 мүшесі құрайды. Егер федералдық президент болмаған немесе ол өзінің міндетін атқаруды мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда мемлекет басшысының міндеті Бундесрат төрағасына көшеді. Ал Бундестаг төрт жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланған 603 депутаттан тұрады. Атқарушы билік – федералдық үкіметтің құрамына германдық Бундестагта сайланған Федералдық канцлер мен федералдық министрлер кіреді. Федералдық канцлер мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Германияның қазіргі Федералдық канцлері – Ангела Меркель.
Германия Федеративті Республикасында бірқатар саяси партиялар қызмет етеді. Олардың ішінде негізгілері, яғни басқа партияларға қарағанда ықпалы күшті алты партияны бөле-жара атаған жөн. Ретіне қарай атайтын болсақ, 1869 жылы құрылған Германия Социал-демократиялық партиясы; 1945 жылы құрылған Христиан демократиялық одағы. Бұл партияны Федералдық канцлер Ангела Меркель басқарады. Негізгі мақсаты – Батыс елдерімен интеграция жасау және әлеуметтік нарықтық экономика. Бұдан кейінгісі Христиан әлеуметтік одағы; Еркін демократиялық партиясы; Демократиялық социализм партиясы және 1990 жылы құрылған “Жасылдар” одағы. 2002 жылғы қыркүйекте өткен Бундестаг сайлауында тиісті 603 орынның 251-ін Германия Социал-демократиялық партиясы, 248-ін Христиан демократиялық одағы мен Христиан әлеуметтік одағы, 55-ін “Жасылдар”, 47-сін Еркін демократиялық партиясы, ал 2 орынды Демократиялық социализм партиясы алды.
Германия экономикасы дамыған елдердің алдыңғы қатарынан орын алады. Негізгі салалары мәшине жасау, электр техникасы, металлургия, химия және фармацевтика өнеркәсібі, тағы басқа салалар ел экономикасының өркендеуіне қомақты үлес қосып келеді. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымы ерекше маңызға ие. Ірі 13 әуежай, 6,8 мың шақырымнан асатын ішкі су жолдары күндіз-түні жұмыс істейді. Бұған Солтүстік теңізіндегі Гамбург пен Бремен, Балтық теңізіндегі Киль, Любек және Росток теңіз порттары қосылады.
Германияның сыртқы саудадағы әріптестеріне келсек, ең алдында Франция тұр. Одан соң импорт бойынша Нидерланды, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, ал экспорт бойынша Ұлыбритания, Италия, АҚШ және Нидерланды келеді.
Германия БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның жұмыстарына белсенді түрде қатысып жүр. Өз тараптарынан беделді бұл халықаралық ұйымдарға айтарлықтай қаржы және кадр ресурстарын бөліп отырады. Сондай-ақ, Германияның алдына қойған басым бағыттарының бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу. Ал Германияның Орталық Азия елдеріне байланысты ұстанған саясаты айқын, ол – экономикалық салаларда мүмкіндігіне қарай ынтымақтастық жасау.